Аккаунтына қарап, әкімін таны
Аккаунтына қарап, әкімін таны
365
оқылды
Жақында желі арқылы жәрдем сұраған студентке Павлодар қаласы әкімінің көмек қолын ұсынғаны жұртты сүйсінтті. Әйткенмен, әлеуметтік желіде отырып, жауап беруден жалтаратын шенділер көп. Бірер жыл бұрын Министрлер кабинеті бастап, депутаттар қостап жаппай желіден жеке парақшаларын ашқанымен, Мемлекет басшысының тапсырмасын тыңғылықты орындап жүрген атқамінерлер әлі де аз. 2019 жыл шенеуніктердің жаппай әлеуметтік желіден аккаунт ашқан жыл болды. Дәл сол жылы Президент өңірдегі басшылардан бастап бас қа­ладағы министрлерге дейін елмен етене байланыс орнату үшін зама­науи байланыс құралдарын ұтымды пайдалануға, яғни халықпен кері байланыс орнату мақсатында әлеу­меттік желілерде белсенді болуға ша­қырды. Сол үшін Үкімет үйінің әр­бір мүшесін Twitter, Facebook және Instagram желісінен іздеп көрдік. Әлемжелідегі әкімдер Абай облысының басшысы Нұр­лан Ұранхаев пен Ақмола облы­сының әкiмi Ермек Маржықпаев, Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмi Құмар Ақсақалов, Маңғыстау облы­сының әкімі Нұрлан Ноғаевтың ак­каунтын қазақ, орыс, ағылшын тілінде іздеп таппадық. Ақтөбе об­лысы әкімі Ералы Тоғжанов пен бас­пасөз хатшысы Facebook әлеу­меттік желісінде белсенді. Алайда Instagram-дағы парақшасын Маң­ғыстау облысы әкімі болып тұрған кезде ашқанымен, бірде-бір жария­ланым жоқ. Сондай-ақ Twitter-дегі па­рақшасын да көзіміз шалмады. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті Twitter желісінен таптық. Оның өзінде соңғы жазбасы тамыздың 6-да жазылған. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов тек Facebook желісінде отыратын секілді. 30 тамыз күні жерлестерін Конституция күнімен құттықтаған әкім одан бері онлайнға отырмады ма, соңғы бір айдың көлемінде еш­теңе қалдырмапты. Өзгелерге қа­рағанда жасы үлкен Шығыс Қазақ­стан облысы әкімі Даниал Ахметов Twitter-ге екі жыл бұрын кірген. Facebook-ке 31 мамырда, ал Instagram-ында 73,4 мың жазылу­шысы бар әкім бар-жоғы 1 239 жазба салған. Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Tik-Tok желісінде жүрген болуы мүмкін. Өйткені біз қараған үш әлеуметтік желіден аты-жөнін кездестірмедік. Астана қа­ласының әкімі Алтай Көлгіновтің Facebook-те 1,2 мың «досы» бар. Күн сайын қала тұрғындарымен кездесуі туралы салып, есеп беретін әкімнің Instagram-ында 142 мың жазылу­шы­сы бар. Онда 1 984 жазба қалдырған Алтай Көлгінов екі күн бұрын ғана шаһарда 70 мың оқушы орнына ар­налған 34 мектеп салынатынын сү­йіншілеп, БАҚ өкілімен сұхбаты­нан үзінді салған. Ал Twitter-де әкімнің 674 туиті тұр. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің Instagram-ында 79,4 жазылушысы бар. 622 жаз­басының астында қала тұрғында­рынан түрлі пікір қалыпты. Мәселен, бір күн бұрын Президент сапарынан бейнежазба қалдырған әкімге «Ай­тенов мырза, Президент келмей-ақ тұр екен. Екі жылдан бері жаса­маған біраз жұмыс істеліп, жақсы болды ғой» дейді. Бірақ Facebook-те аса белсенді емес пе, соңғы жазбасы 2020 жылы жазылған. Ал Twitter-де бар-жоғы 25 туит жасаған, оның соң­ғысы былтыр шілде айында жазы­лыпты. Аты-жөнін қазақ тілінде жаз­ған Жамбыл облысы әкімі Нұр­жан Нұржігітовтің Facebook-те 2,8 мың досы бар. Бір күн бұрын салған жазбасында Халық Жазушысы, қо­ғам қайраткері Шерхан Мұртазаның қазақ әдебиетіне, тіліне, діліне жа­саған өлшеусіз еңбегі туралы айтып өткен. Облыс әкімінің Instagram парақшасын қазір 13 мың адам көреді. Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Facebook желісіндегі па­рақшасын соңғы рет Сенат қабырға­сында жүргенде қолданған екен. Облыс басшылығына келгелі әкімнің парақшасын жұрттың құттықтауы толықтырған. Батыс Қазақстан об­лы­сының әкімі Ғали Есқалиев 2019 жы­лы Twitter-ке тіркелген, бірақ со­дан бері бары 9 жазба салыпты. Соң­ғысы 2019 жылдың 6 шілдесінде жа­зылған. Ал Facebook-те 4,8 мың «до­сы» бар әкім 4 қыркүйек күні жер­лестерін Қостанай облысының Әулие­көл ау­данында орман өртінен зардап шек­кен халыққа жәрдем ету­ге ша­қырғаны тұр. Қарағанды об­лысының әкімі Жеңіс Қасымбек Twitter-ге 2016 жылы Инвестициялар және даму министрі болып тұрған кезінде тіркелгенімен, бірде-бір пост салмаған. Қалған екі желіден аты-жөнін таппадық. Қостанай облысының әкімі Ар­химед Мұхамбетов Ақтөбеде тұрған кезінде Facebook-те тіркеліпті. Алайда бірде-бір жазылушысы жоқ. 2013 жылы салған фотосының өзін ешкім көрмеген секілді. Ал Instagram-да 44, 8 мың жазылушысы бар ол 1 035 жазба қалдырса, оның соңғысы 2 күн бұрын жұмыс сапа­рынан салынған есеп беруімен тұр. Қызылорда облысының әкімі Нұр­лыбек Нәлібаев үш әлеуметтік желіде де бар. Facebook-те 4,9 мың «досы», ал Instagram-да 5 572 жазылушысы бар. Twitter-ге биыл мамыр айында тір­келген. Содан бері бары бір ғана туит жасаған. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Facebook-тегі 4,9 мың «досы» мен Instagram-дағы 36 мың жазылушысына бірдей есеп бе­ретін секілді. Түркістан облы­сының әкімі Дархан Сатыбалдыны Insta­gram-нан ғана көріп, көзайым бол­дық. Жаңа сайланған әкімнің парақ­шасына әзірге 1556 адам ғана жазыл­ған. Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Facebook-те өте бел­сенді. Ал Instagram-дағы жазба­лар­ды қарау мүмкіндігі жоқ. Өйткені әкім бұл желідегі парақшасын құ­лыптап қойған. Яғни, кез келген адам парақ­шасына кіріп, өтінішін айта ал­май­ды. Дегенмен әкімнің парақшасында қазірдің өзінде 5 683 жазылушы бар. Мүлгіген министрлік Елдегі 86 қаланың әкімдерін түгендемесек те, 16 министрдің желідегі белсенділігін өз бетімізше бағамдап көрдік. Парламенттің қос палатасының депутаттарының бі­разы желіге тіркелген. Алайда көбісі халықпен етене жақын болу үшін жазылмаған ба, тіркелгені болмаса бір ауыз сөз қалдырмаған. Facebook-тегі 4 978 оқырманы бар Мәжіліс спи­кері Ерлан Қошановтан қара­ғанда, 21 649 жазылушысы бар Се­нат төрағасы Мәулен Әшімбаев Face­book-те әлдеқайда белсендірек. Оның 39 мың жазылушысы бар Instagram-дағы парақшасында да күнделікті бірнеше жаңалық жа­зылады. Оқырмандары да соғұрлым белсенді. Әрбір сөзге лүпіл басып, әр сөзін аңдып отырады. Ал 2019 жылы жаппай жұртпен бірге тіркелген Twitter-іне күнделікті кездесулер мен ресми шаралардан есеп беріп оты­ратын дәстүрі бар. Аты-жөнін қазақ тілінде сақтаған Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың Facebook-тегі парақшасына 27 508 адам тіркелген. Сыртқы істер министрі Мұхтар Ті­леуберді, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Энергетика министрі Болат Ақшолақов, Төтенше жағдай­лар министрі Юрий Ильин, Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов желіде жан-жақты болғанды жаны сүймей ме әлде телефон тілін тү­сінбей ме екен, әйтеуір әзірге әлеу­меттік желіден аты-жөнін таппадық. аккаунт Оқу-ағарту министрі Асхат Ай­мағамбетов өз саласына қатысты ғана емес, елдің ішкі және сыртқы саясатында болып жатқан оң өзге­рістер жайында да жиі жазба қал­ды­рады. Әсіресе, Facebook парақша­сын­да белсенді. Оқу-ағарту минис­трі­нің Instagram парақ­ша­сына 194 мың адам жазылған. Өйт­кені бұл жерде министр білім саласы ма­ман­дарына қажетті бұйрықтар мен са­лаға қатысты соңғы жаңалықтарды салып тұратыны бар. 2010 жылдан бас­тап Twitter-ге тіркелгенімен ми­нистр бұл жерде аса белсенділік та­ныт­паған сияқты. Өйткені осы жыл­дар ішінде 87 туит қана жасаған. Бар-жоғы білінбейді Ғылым және жоғары білім ми­нистрі Саясат Нұрбектің Facebook-те 4,9 мың жазылушысы бар. Бұл жерде ғана емес, министрдің Instagram-ында да оқырман көп. Ол ресми шаралардан бөлек, отбасы құнды­лығы мен елдегі соңғы жаңалықтар, білім мен ғылым саласына қатысты азаматтық ойын да айтып тұратыны бар. Ал Twitter-ді ол да Асхат Айма­ғамбетовтен кейін үш жылдан соң алғашқылардың бірі болып ашқан екен. Көбінесе ағылшын тілінде жазба қалдыратын Twitter-інде белсенділік байқалмайды. Мемлекеттік тілде сөйлеймін деп үнемі мүлт кететін Қорғаныс ми­нистрі Руслан Жақсылықов әлі де әскери рамкадан шыға алмай жүрген секілді. Ауыл шаруашылығы минис­трі Ербол Қарашөкеевтің желідегі парақшасын Facebook-тен ғана тап­тық. Екі тілде еркін жазатын ми­нис­тр­дің соңғы жазбасы 18 қыркүйекпен тұр. Журналистерді аса жақтыра бермейтін Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Face­book-те өзі жазбаса да, өзгелер тегтеп жиі жазба қалдырған. Екі жыл бұрын тіркелген туитінде де белсенділік байқалмайды. Twitter-інде қазақтілді аудиторияны ұмыт қалдыратын министр ана тілін ұмытып қалмау үшін мерекелік құттықтауларды ғана қазақша жазып қуантып қоятын се­кілді. Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрі Тамара Дүйсе­нованың Facebook-тегі парақша­сында күн сайын өзекті мәселелер қаузалады. Алайда оның денін ми­нистрдің өзі емес, оқырмандары тегтеп қалдырған. Алғашқылардың алды болып 2011 жылы Twitter-ге тіркелген Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бірде-бір жазба салмаған. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің Insta­gram желісінде 70 мыңға жуық жазылушы бар. Twitter-ден кездестірмедік. Есесіне, Facebook-те өте белсенді басшының күн сайын желідегі парақшасында бірнеше жазба қалады. Ресми іс-ша­ралар мен кездесулерінен фотоесеп салатын министр шама-шарқынша әр жазбасының астына қалған оқырмандардың сауалына жауап беріп, ақыл-кеңесін айтып отыруды да әдетіне айналдыра бастапты. Әділет министрі Қанат Мусиннің желіде бар-жоғы білінбейді. Өйткені Facebook пен Instagram-да өзінен гөрі оқырмандары белсенді. Денсау­лық сақтау министрі Ажар Ғиният­тың Facebook-те 1,8 мың досы бар. Денсаулыққа жауапты басшы өз са­ласындағы мәселені қайдам, күнде­лікті ресми шаралардан есеп берумен ғана шектеледі. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев тек Instagram-да тіркелген. Желідегі белсенділік басшыға берілетін соңғы баға емес. Дегенмен әлеуметтің айтарына құлақ түре білу де саладағы салғырттықтың азаюына әсер етері сөзсіз. Өйткені желі арқы­лы жұрттың айтарын тыңдап, мәсе­лесін шешуге келгенде «халық үніне құлақ асу» қағидатының да көрсет­кішке әсер етері хақ. Мәселен, оқырмандардың оң ба­ғасы мен БАҚ өкілдері үшін «ашық министр» ре­тінде танылған Асхат Айма­ғамбетов пен Бағдат Мусиннің жекесіне жа­зылған хаттарға да дер кезінде жауап қатады екен. Әкім­дердің арасында Қызылорда облы­сының әкімі Нұр­лы­бек Нәлібаев пен елорда әкімі Ал­тай Көлгіновке жұрт «белсенді» де­ген баға береді. Бір қызығы, үш же­ліде де жан-жақты болып отыра­тын кейбір шенділер оқырмандарға айлап-жыл­дап сауалына жауап бер­мейтін сәттері жиі кездеседі.