Жақында желі арқылы жәрдем сұраған студентке Павлодар қаласы әкімінің көмек қолын ұсынғаны жұртты сүйсінтті. Әйткенмен, әлеуметтік желіде отырып, жауап беруден жалтаратын шенділер көп. Бірер жыл бұрын Министрлер кабинеті бастап, депутаттар қостап жаппай желіден жеке парақшаларын ашқанымен, Мемлекет басшысының тапсырмасын тыңғылықты орындап жүрген атқамінерлер әлі де аз.
2019 жыл шенеуніктердің жаппай әлеуметтік желіден аккаунт ашқан жыл болды. Дәл сол жылы Президент өңірдегі басшылардан бастап бас қаладағы министрлерге дейін елмен етене байланыс орнату үшін заманауи байланыс құралдарын ұтымды пайдалануға, яғни халықпен кері байланыс орнату мақсатында әлеуметтік желілерде белсенді болуға шақырды. Сол үшін Үкімет үйінің әрбір мүшесін Twitter, Facebook және Instagram желісінен іздеп көрдік.
Әлемжелідегі әкімдер
Абай облысының басшысы Нұрлан Ұранхаев пен Ақмола облысының әкiмi Ермек Маржықпаев, Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмi Құмар Ақсақалов, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың аккаунтын қазақ, орыс, ағылшын тілінде іздеп таппадық. Ақтөбе облысы әкімі Ералы Тоғжанов пен баспасөз хатшысы Facebook әлеуметтік желісінде белсенді. Алайда Instagram-дағы парақшасын Маңғыстау облысы әкімі болып тұрған кезде ашқанымен, бірде-бір жарияланым жоқ. Сондай-ақ Twitter-дегі парақшасын да көзіміз шалмады. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті Twitter желісінен таптық. Оның өзінде соңғы жазбасы тамыздың 6-да жазылған. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов тек Facebook желісінде отыратын секілді. 30 тамыз күні жерлестерін Конституция күнімен құттықтаған әкім одан бері онлайнға отырмады ма, соңғы бір айдың көлемінде ештеңе қалдырмапты. Өзгелерге қарағанда жасы үлкен Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов Twitter-ге екі жыл бұрын кірген. Facebook-ке 31 мамырда, ал Instagram-ында 73,4 мың жазылушысы бар әкім бар-жоғы 1 239 жазба салған. Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Tik-Tok желісінде жүрген болуы мүмкін. Өйткені біз қараған үш әлеуметтік желіден аты-жөнін кездестірмедік. Астана қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің Facebook-те 1,2 мың «досы» бар. Күн сайын қала тұрғындарымен кездесуі туралы салып, есеп беретін әкімнің Instagram-ында 142 мың жазылушысы бар. Онда 1 984 жазба қалдырған Алтай Көлгінов екі күн бұрын ғана шаһарда 70 мың оқушы орнына арналған 34 мектеп салынатынын сүйіншілеп, БАҚ өкілімен сұхбатынан үзінді салған. Ал Twitter-де әкімнің 674 туиті тұр. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің Instagram-ында 79,4 жазылушысы бар. 622 жазбасының астында қала тұрғындарынан түрлі пікір қалыпты. Мәселен, бір күн бұрын Президент сапарынан бейнежазба қалдырған әкімге «Айтенов мырза, Президент келмей-ақ тұр екен. Екі жылдан бері жасамаған біраз жұмыс істеліп, жақсы болды ғой» дейді. Бірақ Facebook-те аса белсенді емес пе, соңғы жазбасы 2020 жылы жазылған. Ал Twitter-де бар-жоғы 25 туит жасаған, оның соңғысы былтыр шілде айында жазылыпты. Аты-жөнін қазақ тілінде жазған Жамбыл облысы әкімі Нұржан Нұржігітовтің Facebook-те 2,8 мың досы бар. Бір күн бұрын салған жазбасында Халық Жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның қазақ әдебиетіне, тіліне, діліне жасаған өлшеусіз еңбегі туралы айтып өткен. Облыс әкімінің Instagram парақшасын қазір 13 мың адам көреді.
Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Facebook желісіндегі парақшасын соңғы рет Сенат қабырғасында жүргенде қолданған екен. Облыс басшылығына келгелі әкімнің парақшасын жұрттың құттықтауы толықтырған. Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев 2019 жылы Twitter-ке тіркелген, бірақ содан бері бары 9 жазба салыпты. Соңғысы 2019 жылдың 6 шілдесінде жазылған. Ал Facebook-те 4,8 мың «досы» бар әкім 4 қыркүйек күні жерлестерін Қостанай облысының Әулиекөл ауданында орман өртінен зардап шеккен халыққа жәрдем етуге шақырғаны тұр. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Twitter-ге 2016 жылы Инвестициялар және даму министрі болып тұрған кезінде тіркелгенімен, бірде-бір пост салмаған. Қалған екі желіден аты-жөнін таппадық.
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Ақтөбеде тұрған кезінде Facebook-те тіркеліпті. Алайда бірде-бір жазылушысы жоқ. 2013 жылы салған фотосының өзін ешкім көрмеген секілді. Ал Instagram-да 44, 8 мың жазылушысы бар ол 1 035 жазба қалдырса, оның соңғысы 2 күн бұрын жұмыс сапарынан салынған есеп беруімен тұр. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев үш әлеуметтік желіде де бар. Facebook-те 4,9 мың «досы», ал Instagram-да 5 572 жазылушысы бар. Twitter-ге биыл мамыр айында тіркелген. Содан бері бары бір ғана туит жасаған. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Facebook-тегі 4,9 мың «досы» мен Instagram-дағы 36 мың жазылушысына бірдей есеп беретін секілді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыны Instagram-нан ғана көріп, көзайым болдық. Жаңа сайланған әкімнің парақшасына әзірге 1556 адам ғана жазылған. Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Facebook-те өте белсенді. Ал Instagram-дағы жазбаларды қарау мүмкіндігі жоқ. Өйткені әкім бұл желідегі парақшасын құлыптап қойған. Яғни, кез келген адам парақшасына кіріп, өтінішін айта алмайды. Дегенмен әкімнің парақшасында қазірдің өзінде 5 683 жазылушы бар.
Мүлгіген министрлік
Елдегі 86 қаланың әкімдерін түгендемесек те, 16 министрдің желідегі белсенділігін өз бетімізше бағамдап көрдік. Парламенттің қос палатасының депутаттарының біразы желіге тіркелген. Алайда көбісі халықпен етене жақын болу үшін жазылмаған ба, тіркелгені болмаса бір ауыз сөз қалдырмаған. Facebook-тегі 4 978 оқырманы бар Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтан қарағанда, 21 649 жазылушысы бар Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Facebook-те әлдеқайда белсендірек. Оның 39 мың жазылушысы бар Instagram-дағы парақшасында да күнделікті бірнеше жаңалық жазылады. Оқырмандары да соғұрлым белсенді. Әрбір сөзге лүпіл басып, әр сөзін аңдып отырады. Ал 2019 жылы жаппай жұртпен бірге тіркелген Twitter-іне күнделікті кездесулер мен ресми шаралардан есеп беріп отыратын дәстүрі бар. Аты-жөнін қазақ тілінде сақтаған Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың Facebook-тегі парақшасына 27 508 адам тіркелген. Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Энергетика министрі Болат Ақшолақов, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов желіде жан-жақты болғанды жаны сүймей ме әлде телефон тілін түсінбей ме екен, әйтеуір әзірге әлеуметтік желіден аты-жөнін таппадық.