Осы аптада Бас прокуратурада Президент Әкімшілігі, Қауіпсіздік Кеңесі, «Атамекен» ҰКП, негізгі министрліктер басшыларының, Парламент депутаттарының, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдар, бизнес және адвокаттық қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен Мемлекет басшысының кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерін шешу бойынша тапсырмаларын іске асыру қорытындылары талқыланды. Жиынға бейнебайланыс арқылы өңірдегі құзырлы органдардың басшылары қатысты. Аталған шара дәстүр бойынша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге ұйымдастырылып отыр. Күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Олар – Мемлекет басшысының бизнесті қорғау жөніндегі тапсырмалары шеңберінде прокуратура органдарының жұмыс нәтижелері мен алдағы міндеттері, осы саланы цифрландыру туралы және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнесті қорғау жөніндегі экожүйесі. Іс-шараны ашқан Бас прокурор Берік Асылов қазіргі жаһандық сын-қатерлер мемлекет және кәсіпкерлер үшін де жаңа «ойын ережелерін» талап ететінін айтты. Сондықтан өзара әрекет етудің жаңа деңгейі қажет болатынына назар аударды. Бұл, ең алдымен, бизнесті заңсыз тексерулерден және әкімшілік кедергілерді қысқартудан қорғауға, кәсіпкерлерді қылмыстық шеңберге негізсіз тарту фактілерінің жолын кесуге, сондай-ақ осы салаларды цифрландыру мен автоматтандыруға қатысты.
«Президент халыққа Жолдауында «Азамат–Бизнес–Мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгерту міндетін қойды. Мемлекеттік органдардың бизнеспен бүгінгі, кездесуі осы тапсырманы іске асыру аясында өткізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында тексерулерді 7 есеге қысқартуға қол жеткізілді. Тексерулер субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі автоматтандырылған жүйе арқылы жыл сайын мыңдаған заңсыз тексерулердің жолын кеседі. Соңғы бір жарым жылда 35 мың кәсіпкерге қатысты 1,5 млрд теңгенің әкімшілік айыппұлдары алып тасталды», – деді Берік Асылов.Бизнес өкілдері Бас прокурордың биылғы 2 қыркүйектегі қылмыстық қудалау органдарының атына адал кәсіпкерлерді қылмыстық процеске заңсыз тартудан қорғайтын тетіктер мен нақты ережелер жазылған Нұсқауын оң бағалады. Жаңа талаптарды орындау қазірдің өзінде оң нәтиже көрсетіп отыр. Егер бұрын кәсіпкерлерге қатысты ай сайын 150-ге жуық қылмыстық іс тіркелген болса, қазір олардың саны төрт есеге азайды. Жалпы, биыл бизнес субъектілеріне қатысты заңсыз қозғалған 400-ден астам қылмыстық іс тоқтатылды. Сондай-ақ қадағалау органында бизнестің әрдайым заңнама талаптарын сақтай бермейтіні атап өтілді. Қаражатты заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру, салықтан жалтару, капиталдың жылыстауы жалғасып келеді. Әсіресе, үлестік құрылыста, еңбек құқықтарын және басқа да салаларда бұзушылықтар кездеседі. Өз кезегінде, «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов прокуратура органдары құрылып жатқан экожүйенің маңызды бөлігі, ал кәсіпкерлер мен негізгі министрліктердің қадағалау органы алаңында кездесуі прокуратура органдарының бірлескен диалогқа ашық екендігінің тағы бір дәлелі екенін жеткізді.
«Бүгінде Ұлттық палата өз қызметін трансформациялап және салалық сараптаманы күшейтіп жатыр. Бұл мемлекеттік органдармен бірдей деректерді талдауға мүмкіндік береді. Трансформацияның маңызды бағыттарының бірі – бизнесті қорғаудың экожүйесін құру. Сәуірде Мемлекет басшысы мені қабылдағанда бұл бастаманы қолдады. Бизнесті қорғау экожүйесінің негізін, бірінші кезекте, прокуратура органдары құрауы тиіс. Мемлекет басшысы: «Құқық қорғау органдары тарапынан анықталған рейдерлік немесе негізсіз қысымның әрбір фактін бас прокурор жеке бақылауы тиіс», – деп атап өткен болатын. Ендеше бизнестің жұмысына заңсыз араласу мемлекет мүддесіне қарсы бағытталған қылмыс ретінде қаралуы керек. Осы бағытта біз Бас прокуратурамен бірлескен жұмысты бастап кеттік. Тиісті алгоритмдер әзірленді, жергілікті жерлерде кәсіпкерлердің қызметіне заңсыз араласуға қатысты түскен өтініштерге талдау жүргізілді. Бұл талдаулар кәсіпкерлердің басым бөлігі полиция, экономикалық тергеу қызметі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлеріне шағымданатынын көрсетті», – деді Райымбек Баталов.Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов прокуратура органдарымен тиімді ынтымақтастық туралы баяндады. Бизнес-омбудсмен оларды шешу үшін аумақтық прокурорларды жұмылдыруды қажет ететін кәсіпкерлердің бірқатар проблемасын ортаға салды. Сондай-ақ ол бір жылдың ішінде қылмыстық іске тартылып, сотталған кәсіпкерлердің саны 30 пайыз өскеніне назар аудартты. Айтуынша, Қылмыстық кодексте бизнеспен байланысты 118 бап бар екен.
«Бізде бизнесті қылмыстық процеске тарту процесін бағалау Қылмыстық кодекстің 34 құрамы бойынша жүргізіледі. Одан бөлек, кодексте кәсіпкерлік қызметке қатысты тағы 84 бап бар. Бұл барлығы 118 бап бар деген сөз. Мысалға, коммерциялық ұйымдардағы «өкілеттігін теріс пайдалану» (250-бап), «жосықсыз құрылыс» (278-бап), «бөтен мүлікті иемдену» (189-бап) баптарын келтіруге болады. Осы ретте қылмыстық істер мен сотталған адамдардың саны жыл сайын өсіп келеді. Мысалы, 2020 жылы 51,3 мың қылмыс тіркеліп, 3,9 мың адам сотталған болса, 2021 жылы 58,5 мың қылмыс жасалып, 5,1 мың кәсіпкер жазаланған. Өсім тиісінше 14% және 30% болды. Бұл деректер қылмыстық қудалау органдарының бизнеске қысымы күшей түскенін аңғартады», – деді ол.Сондай-ақ бизнес-омбудсмен қылмыс орбитасына іліккен кәсіпкерлерді түзеу мекемелеріне қамамай, керісінше еселенген айыппұлмен жазалауды ұсынды. Кездесу соңында бизнесті қорғау бойынша 2023 жылға арналған кешенді іс-шаралар жоспары қабылданды.