Қарлығаш Есжанова – Ливерпуль университетінде грантпен оқыған атыраулық. Оған әлі күнге дейін шетелдік ғылыми орталықтардан шақыртулар келіп тұрады. Бірақ Қарлығаш өзінің білімін қазақ жастарын дамытуға арнап жүр. Атырау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде эколог болып еңбек еткен Қарлығаштың жиырмадан астам шәкірті бар. Олардың арасында Польша, Венгрия, Канада елдерінде оқып жатқандары бар. Бүгінде Абай орталығы жанындағы Jas-Space кеңістігінде Қарлығаш Есжанова оқушыларға STEAM бағытта білім беру ісіне үлес қосуда. – Шетелге түсу туралы ой қалай туды? Ливерпульға оқуға қалай түстіңіз? – Шетелде оқу – қол жетпейтін арман емес. Алдына мақсат қойған адам өзі қалаған университетіне оқуға түсе алады. Және Батысты көру үшін міндетті түрде қалталы отбасынан шығу керек деген түсініктің де қате екенін айтқым келеді. Өйткені қарапайым отбасынан шыққан менің шетелде грантта оқуым – бұл сөзіме толықтай дәлел деп ойлаймын. Бала кезімде Dicovery, National Geographic телеарналарын көп қарайтынмын. Онда түрлі ғылыми бағдарлама көрсетіліп жататын. Үлкен ғалымдар, сарапшылар сұхбат беріп, зерттеулері туралы айтып жатқан кезде «мен де осындай ғалым болсам» деп қиялдайтынмын. Сөйтіп, 10-сыныпта оқып жүргенімде шетелде оқимын деп өзіме мақсат қойдым. Бірақ нақты қай елде, қандай университетте оқимын деп бас қатырмадым. Сол кездегі балаң көңілім тілді білуім керек екенін түсінді. Сөйтіп, саналы түрде өз бетіммен ағылшын тілін оқи бастадым. Қосымша тіл курсына жазылдым. Мен үшін экология саласы өте қызық болды. Әдетте экологияны біз мұнай, газ өндірісімен байланыстырып қана шектеп жатамыз ғой. Шынтуайтына келгенде, экология – қала, ауыл, табиғатпен ғана емес, адамның жанымен де тығыз байланысты ғылым. Осы жағынан келгенде, шетелдердегі оқу процесі маған көп нәрсе береді деген сенім болды. Сөйтіп, 10-сыныпты бітіргеннен кейін әлем университеттері туралы ақпараттарды жинақтай бастадым. Англия ағылшын тілінің Отаны болып саналады. Сондықтан Ұлыбританиядағы университеттерді қарастыра келе, Ливерпуль университетін таңдадым. Ата-анама өз шешімімді айттым. Әрине, үлкендер қарапайым отбасынан шыққан балаға шетелде оқудың қиындықтары, жолдың ұзақтығы сияқты мәселелер болатынын білді. Бірақ менің шешімімді құрметпен қабылдап, батасын берді. – Сонымен, шетелдегі алғашқы күндеріңіз қалай өтті? – Арманымдағы ағылшындар еліне ұзақ жол жүріп бардым. Қыркүйек айының аяғы болатын. Атырау – Алматы, Алматы – Амстердам, Амстердам – Ливерпуль бағытында ұштым. – «Кәмелетке толмаған бала жат жерге жалғыз өзі қалай жетті?» деген сұрақ туындап отыр... – Халықаралық университет болғандықтан, білім ордасында шетелдік студенттермен жұмыс істеудің өзіндік кешенді жоспары бар. Ұлыбританияда менің Грейс есімді қамқоршым болды. Ол кісімен бірде-бір рет кездесіп көрген емеспін. Бірақ пошта арқылы хат алмасатынбыз. Грейс ханым маған жол бойы хабарласып, қалай жүру керек, қайда бару керек екенімді онлайн форматта түсіндіріп отырды. Ливерпульға барған алғашқы күні адасып кеттім. Келісім бойынша мені студенттер жатақханасына орналастыруы тиіс болатын. Бірақ такси әкеліп түсірген ғимарат мүлде басқа болып шықты. Ескі, жұқалап айтқанда, «қараусыздау қалған» ғимаратты көрген кезде ата-анама хабарласып жылағым келді. Сәлден соң өзімді жинақтап, қолымдағы нұсқаулықты оқи бастадым. Сол жерде хостелдің атауын және мені орналастыруы тиіс кампустың мекенжайы мен атауын оқығаннан кейін таксидің шатасқанын түсіндім. Сөйтіп, қайтадан такси шақырып, студенттер жатақханасына орналастым. – Жат елге келген адам ретінде бастапқыда қандай да бір қиындықтар болды ма? – Мен үшін басты қиындық ағылшын тілі болды. Себебі ағылшын тілінен базалық білімім ғана болатын. Ал ағылшын тілінде университетте оқу үшін, тілдің деңгейі жоғары болуы керек. Ағылшын тілінде еркін сөйлесе алмайтынмын. Аты-жөнімді айтып, сұрақтар қоя алғаныммен, ойымды ашық жеткізуде қиналатынмын. Сол кезде маған телефонымдағы Google аудармашы қосымшасы және қимыл-әрекет тілі көп көмек берді. Оның үстіне, ерекше атап өтерлігі, Ливерпуль университетінде халықаралық студенттермен жұмыс істеудің жылдар бойы жинақталған тәжірибесі болатын. Ондағы қызметкерлер шетелдік студенттердің жаңа ортаға тез бейімделуіне айтарлықтай ықпал етті. – Университетке бірден қабылдандыңыз ба? – Ливерпульдағы бірінші жылды колледжге арнадым. Яғни, сынақ нәтижесі бойынша, Ливерпуль халықаралық колледжінде грантта оқыдым. Бұл – шетелдік студенттердің жаңа ортаға бейімделуі үшін жасалған әдіс. Әрі мектептегі 12 жылдық оқу процесінің есебінде болатын. 12 -сыныптың оқу бағдарламасын толық ағылшын тілінде меңгердік. Түсінгенім, кез келген тілді меңгеру үшін бейтаныс тілде сөйлейтін ортаға түсу керек екен. Сол жылдары Ливерпульда қазақ және орыс тілінде сөйлейтін студенттер болған жоқ. Ливерпульді таңдауымның себебі де осы болатын. Сондықтан жаңа орта маған ағылшын тілінде сөйлеуді үйретті. – Ливерпуль туралы айта отырсаңыз. Ливерпуль қандай қала? Ол жақтағы адамдардың мінезі, табиғаты қандай? – Маған Ливерпуль қаласы қатты ұнайды. Ондағы адамдар да ерекше. Мәселен, ағылшындарға шеттен келген кез келген адамның елі туралы білуі өте қызық. Кез келген шараларда олар менен Қазақстан туралы сұрайтын. Қазақтың дәстүрі, жері туралы көп әңгімелейтінмін. Мәселен, университеттегі лекция уақыттарында студенттер өздерінің елдеріндегі салт-дәстүрлер туралы әңгімелейтін. Тұсау кесу, бесікке салу, құда түсу, сырға салу туралы айтқанымда, олар біздің дәстүрімізге қызығатын. – Ұлыбританияда тіл мәселесі қалай екен? – Ұлыбританияда мемлекеттік тіл – ағылшын тілі. Неміс тілінің «екінші тіл» ретіндегі мәртебесі бар. Шотлан, француз тілінде сөйлейтін азаматтар да бар. Ливерпульдықтарға бәрі қызық. Олар жаңаны білуге және көмек көрсетуге дайын тұрады. – Оқудан тыс уақытта Ливерпуль студентінің өмірі қалай өтеді? – Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға көмек беретін қоғамдастыққа мүше болып, волонтер ретінде жұмыс істедім. Кампус аумағында бау-бақша болатын. Онда түрлі жеміс-жидек өсіретінбіз. Өнім піскен кезде жинап алып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға таратып жүрдік. Сонымен бірге «Жасыл қолдар» деген ұйым бар. Ұйым аясында балалар ойын алаңдарын салумен айналысып жүрдік. Уақыт өте келе, университет жанындағы «Теңіз және мұхит» бағытындағы қоғамдастыққа волонтер болдым. Бұл жол менің ғылыми тұрғыда өсуіме өз септігін тигізді. Біз зерттеу жасап жүрген ғалымдарға көмекші болатынбыз. Теңіз, мұхиттарға зерттеу жасап жүрдік. Елге келген соң Қазақстанның биоалуан түрлілігін сақтау жөніндегі ұйымда волонтер болып, «Алтын дала» табиғи резерватында ерікті ретінде қызмет еттім. – Әдетте қыз балалар жағы шетелде оқыған соң сол жақта қалып қойып жатады. Тұрмыс құрады. Сіздің елге оралуыңызға не себеп болды? – Мен екінші жоғары ғылыми дәрежесі бар эколог маманмын. Университетті бітіргеннен кейін маған түрлі халықаралық ұйымнан жұмысқа шақыртулар келді. Бірақ Ливерпульда қалғым келмеді. Иә, ол жақта керемет мүмкіндіктер бар. Алайда отбасым бәрінен биік тұрды. Өйткені отбасынан келіп жатқан қолдаудың құндылығы жоғары еді. Және шетелде алған білімім мен тәжірибемді өз елімді дамытуға қолдана алатынымды да жақсы түсіндім. – Қазақстан өзіне шетелдегі қандай білім тәжірибесін алуы керек деп ойлайсыз? – Қазақстандағы білім беру деңгейі қазір дамыды. Техникалық жабдықтау, отандық мамандардың білім квалификациясы халықаралық деңгейдегі білім ұйымдарынан кем түспейді. Айталық, Ұлыбританияда да, Қазақстанда да шетелдік ғалымдар лектор болып, сабақ беріп жүр. Ақпараттық технология жағынан да даму бар. Көптеген құнды курсты онлайн форматта оқып, меңгеруге болады. Десе де, шетелден алатын оң тәжірибелер де бар. Мәселен, экологияны біздің елде зертхана деңгейіндегі зерттеулермен оқытумен шектейді. Ұлыбританияда экологияны оқу үшін, Уельс штатынан бастап, көне Англияға дейін тұтас елді аралап шықтым. Яғни, экология сабақтары университет шеңберімен шектеліп қалмайды. Табиғатқа, теңізге шығу сияқты практикалық сабақтар көп болады. Ұлыбританияда кез келген жерде ғылыми-зерттеу орталықтары бар. Әсіресе, таудың етегінде осындай орталық көп. Егер Каспийдің немесе Жайықтың жағасында осындай ғылыми-зерттеу орталығы тұрса және ол оқушыға да, студентке де, ғалымға да қолжетімді болса, ғылым жаңа деңгейге көтерілетін еді. – Сұхбатты қорытындыласақ... – Жастар дамуды тоқтатпау керек. Мейлі, ол ағылшын, француз, қытай тілі болсын, жаңа тілді меңгеру адамға білім алуға көмектесетінін саналы түрде түсінсек деймін. Яғни, тілді меңгеру – адамның болашағына салынған инвестиция.