1 200 000 теңге: Ресеймен шекаралас облыс орталықтарындағы пәтер бағасы рекорд орнатты
Елімізге келіп жатқан ресейліктер күн санап өсіп жатыр. Соның салдарынан жалға беретін пәтер бағасы да шарықтай түсті. Әсіресе, шекаралас аймақтардағы жалдамалы пәтердің бағасы екі есеге өсті.
Мысалы, Атырауда бір бөлмелі пәтерді 130 мың теңгеге жалдауға болады. Ал ең қымбаты – 400 мың теңге. Сондағысы Атырау ықшамауданында орналасқан Zaman тұрғын-үй кешеніндегі пәтер. Оның аумағы бар болғаны – 39 шаршы метр.
Тәулікке берілетіні 10 мың теңгеден 20 мыңға дейін. Ал сағатына – 2500 теңге.
Екі бөлмелі пәтердің бағасы 160 мыңнан басталып, 600 мың теңгеге барады. 200 мың теңгеге үш бөлмелі пәтер табуға болады. Бірақ оның ең қымбаты – 1 миллион 200 мың теңге. Ресеймен шекаралас облыс орталықтарының ішінде Атырау пәтер бағасы бойынша айды аспанға бір-ақ шығарды.
Жалдамалы пәтердің арзаны – Семей мен Өскеменде екен. Ол жақта бір бөлмелі пәтерді 60-70 мың теңгеге жалдауға болады. Ең қымбаты – 475 000 теңге. Бұл – үш бөлмелі пәтердің бағасы. Ал Алматыда бір бөлмелі пәтердің бағасы 220 мың теңгеден басталса, еліміздің астанасында сондай пәтер 180 мың теңгеге жалға аласыз. Пәтер бағасының көтерілмей, бір қалыпта қалған қалалар – Шымкент, Түркістан, Тараз, Көкшетау.
Мұндай өсім тіпті тәулікке жалданатын пәтерлерде де байқалады. Қазір пәтерді тәулікке жалға алатын болсаңыз, оның бағасы 3 мың теңгеден басталып, 130 мың теңгеге дейін барады. Бұл баға – Ақтөбеге тиесілі. Ал тәулікке өткізілетін ең арзан пәтер – Семейде. Бағасы 4 мың теңгеден басталып, 30 мың теңгеге дейін жетеді.