Bek Air ұшағының апаты: 120 адамды аман алып қалған құтқарушы

Bek Air

Бір адамның өмірін құтқару үшін 10 адам қан тапсыруы керек. Ал кенеттен болған апаттық жағдайда адам өмірін сақтауға қаншама күш жұмылдырады. Соның алғы сапында құтқарушылар жүреді. Олар өз өмірін қатерге тіге отырып, апатқа душар болған жандарды аман алып қалуды ойлайды. Елорда әуежайындағы Іздестіру-құтқару командасының басшысы Марат Қалжановтан бұл салаға қалай келгені, апаттық жағдайда қонған Bek Air компаниясының ұшағынан 120-нен аса адамды қалай құтқарғаны жайында сұрап білдік.

Бұл салада 22 жылдан бері жұмыс істейді. «Қарашаның 10-да мұнда істегеніме 22 жыл болады. Ол кезде әуежайда ескі депо еді. Шаңы бұрқырап, жел соққан сайын айнала шаң-тозаңға айналатын. Ол кезде екінші нүктеміз бар. Ал біздің база кейіннен салынды», – деп Марат Қалжанов өткен күндерді еске алды.

Қазір Астанадағы әуежай өзгерген. Уақыт талабына сай жасақталып, жаңартылған. Әуежай маңында өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын қамтамасыз ету қызметінің базасы орналасқан.

Bek Air

– Біз әуежайдан ұшып-қонатын барлық ұшақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайда қонған ұшақтан адамдарды дін аман алып шығуға тырысамыз. Өйткені біздің міндет – апаттық жағдайда құтқару-іздестіру жұмысын жүргізу, – деді Іздестіру-құтқару командасының басшысы.

Мұнда барлығы 72 адам жұмыс істейді. Ең жасы – 25 жаста. Тіпті, жақында ғана әріптесі зейнетке шыққан. «Өртсөндіруші не құтқарушы болған жан бұл жұмысын тастап кете алмайды», – дейді Марат Қалжанов.

Оның айтуынша, олардың бөлімінде 16 адам ауысыммен жұмыс істейді. Соның біреуі – диспетчер. Көлік жүргізушісінен бөлек бес машинаға үш адамнан отырады. Оған қоса хабтың басшысы бар. Тәулік бойы жұмыс істегендіктен, құтқарушылар арасында ауысып, демалып алады.

– Мысалы, түн ортасында жоспарда жоқ, аяқасты қандай да бір ұшақ қонатын болса, алдымен қандай апаттық жағдайда екені, қандай ұшақ, оның ішінде қанша адам бары анықталады. Міне, соған қарай арнайы жасақ топтастырылады. Ұшақтың қозғалтқышына құс немесе тас түсіп ұшып-қонуда қиындық туындатып жатады. Сондай кезде де біз «оны апаттық жағдай» деп қабылдап, толыққанды жасақталып, күтіп аламыз, – дейді құтқарушы.

Негізі апаттық жағдайда қаладан көмек 15-20 минутта келеді. Ал әуежайдағы құтқарушылар 3 минутта жетуі керек.

– Құдай сақтасын, бірақ бізде адам өлімі болған жоқ. Апаттық жағдайда қонған ұшақ болды. Осыдан алты жыл бұрын, яғни 2016 жылы Bek Air-дің «Қызылорда – Астана» рейсі бойынша ұшқан ұшақ еді. Сыр елінен шыққан ұшақ, біздің әуежайға алдыңғы дөңгелексіз қонған. Негізі ұшақ таңғы сағат 9:45-те қонуы керек еді. Алайда сол кезде ұшақтан ақау шығып, жанармайды тауысу мақсатында тағы 50 минуттай көкте қалықтады. Жалпы, ұшақтың жанармайы мөлшермен құйылады. Яғни, ұшақ қонарда жанармайы таусылуға шақ қалуы керек. Алапат өрттің алдын алу үшін осындай іс-шаралар қолданылады. Сол аралықта ұшақ қонатын жолақты 8 метрден 300 метрге дейін көбікке толтырып, өрт сөндіру техникалары мен жедел жәрдем шақырылды. Құдай оңдап, ұшқын өршімей, өртке ұласпады. Сол кезде 120-дан астам адам құтқарылды. Оның ішінде алтауы борт қызметкері, – деді Марат Қалжанов.

 

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.