Болашақ жобалардың бірегей алаңы
Болашақ жобалардың бірегей алаңы
578
оқылды
Елордаға келген Эстония делегациясы қаладағы бірқатар білім беру ұйымына бас сұқты. ТМД-ға қа­тысушы мемлекеттердің білім беру қызметкерлері мен мұғалімдерінің VІІ съезі шеңберінде елге келген шетелдіктер қазақстандық әріптестерімен тәжірибе алмасты. Сапардың мақсаты – деле­гация қатысушыларын барлық деңгейдегі білім беру ұйымда­ры­ның қызметімен таныстыруға бағытталған. Сондай-ақ білім беру саласындағы ынтымақ­тас­тықты нығайтып, практикалық тәжірибе алмасуға септігін тигізеді. Делегация мүшелері 29-30 қыркүйек аралығында елордадағы әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы, №2 өнер мектебі, №85 мектеп-лицейі, сондай-ақ Bilim Park қосымша білім беру орталы­ғында болды. Бұдан кейін олар «Ба­лалар мен чемпиондар» жоба­сымен танысты. Эстония елінен келген білім саласы мамандарына жоба аясында қолға алынған ша­ралар тәнті етіпті. Мәселен, ал­ғашқы күні спорт шеберлері, оның ішінде бокстан әлем чем­пионы, олимпиаданың күміс жүлдегері, Азия чемпионы Болат Жұмаділов, шахматтан әлем чем­пионы Қазыбек Нөгербек, көркем гимнастика бойынша Қазақстан чемпионы Айбота Ертайқызы балаларға арнап өздерінің ше­берлік сабақтарын өткізді. Екінші күні шетелдік деле­гация мүшелері елордадағы бірнеше мекемені аралап қайтты. Соның ішінде қонақтар «АРҚА ALAN» ұлттық спорт түрін дамыту орталығы, №2 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті, құзыреттілік орталығы, Art TUMAR сәндік қолданбалы шығар­машылық орталығы, М.Өтеміс­ұлы атындағы Оқушылар сарайы, Art is Forever балалар көркемсурет мектебінің мектеп-мұражайы, №1 Балалар музыка мектебі ба­засында болды. Екі күн бойы қосымша білім беру, инклюзивті білім беру заманауи үрдістерімен, сондай-ақ орта білім берудің жаңа үлгілерімен танысу мүмкіндігіне ие болған эстониялықтар ерекше әсер алғандарын жеткізді. Олар­дың айтуларынша, ТМД-на қа­тысушы мемлекеттердің білім беру саласының қызметкерлері мен мұғалімдерінің кездесуі қа­рым-қатынас орнату үшін бірегей алаңға айналып, кәсіби байла­ныстар желісін кеңейтуге септігін тигізеді. Одан бөлек, болашақ бір­лескен жобалар әзірлеуде се­ріктес табуға тамаша мүмкіндік.