Францияда қарағандылық суретші Кәріпбек Күйіковтің көрмесі өтіп жатыр. Ол француз жұртшылығына ядролық қаруға қарсы тақырыптағы 17 картинасын және Қазақстанның пейзаждарын ұсынды. Қазақстандық суретшінің экспозициясы Еуропа кеңесі мен Страсбург қаласының университетінде, Қазақстанның Франциядағы елшілігінде, сондай-ақ Сенаттада (Люксембург сарайының ғимараты) болды. Әрі қарай көрме Ренндегі қауымдастықтар үйінде көрсетілді.
«Әрине, үлкен әсер алдым. Францияға алғаш рет келуім. Бұл менің арманым еді. Мұнда Қазақстанның, Семей полигонының тарихы туралы айтып беруге мүмкіндік туғанын мақтан тұтамын. Мені қолдап, осында келуге көмектескендердің барлығына шын жүректен ризамын. Францияда Семей полигоны жайлы көп адам білмейді екен. Қазір ядролық сынақтардың зияны мен салдары туралы көбірек айту керек», – дейді Кәріпбек Күйіков.Суретшінің картиналары көрмеге келушілердің қызығушылығын тудырды. Көбін қолсыз дүниеге келген Кәріпбектің өмір тарихы, сондай-ақ Семей полигонындағы ядролық сынақтардың басқа да құрбандарының өмірі туралы әңгімелер таңғалдырды. Франциядағы Қазақстан елшілігі Кәріпбектің ауыр дерттен зардап шегуші, қарағандылық Айкүміс Сәрсенге көмек ретінде жазған картиналарының бірін сатып алды. Суретші сәбидің отбасына сатудан түскен барлық қаражатты аудармақшы. Mouvement de la paix қозғалысының ұлттық хатшысы Ролан Ниве қазақстандық суретшіге картиналарды сатуда көмек көрсететіндерін айтты.
«Кәріпбек – бейбітшілік үшін күрестің нағыз символы. Біз суретшіні Парижге қуана шақырдық. 1992 жылы Алматыда Невада – Семей қозғалыс комитетінің бірінші кездесуінде болдым. Сол кезде өмірлік ұстанымымды анықтадым», – деп атап өтті Ролан Ниве.