Мажарстанның Самботхей қаласында мәресіне жеткен спорттық гимнастикадан бесінші Әлем кубогында қазақстандық спортшылар жоғары нәтижеге қол жеткізді. Осыдан бірер апта бұрын Францияның бас шаһары – Парижде ұйымдастырылған Әлем кубогының төртінші кезеңінде күміспен күптелген отандасымыз Нариман Құрбанов бұл жолы тұғырдың ең биік сатысынан көрініп, Мажарстан төрінде Қазақстанның Әнұранын шырқатты. Ол Самботхейдегі бесінші кезеңде атта өнер көрсету бағдарламасында чемпион атанды. Қытай Тайпэйінің өкілі екінші орынға ие болса, жапон спортшысы үздік үштікті түйіндеді. Сондай-ақ Әлем кубогы кезеңінде өнер көрсетіп жатқан тағы бір жерлесіміз Милад Карими еркін жаттығуда күміс медаль жеңіп алды. Самботхей қаласында өткен Әлем кубогы жолындағы жарыста 27 елдің спортшылары 30 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Бұл қатарда Олимпиада мен әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар. Енді Әлем кубогының соңғы, алтыншы кезеңі 7-9 қазанда Түркияның Мерсин қаласында өтеді. Кейіннен гимнасттар 29 қазанда Англияда басталатын әлем чемпионатына қатысады.