Көкөніс өсіруге көңіл бөлген
Көкөніс өсіруге көңіл бөлген
387
оқылды
Ақмола облысының Есіл ауданында көкөніс өсіруді қолға алған шаруа 200 гектар алқаптан 5 мың тоннаға дейін өнім алуды көздеп отыр. Осыдан жеті жыл бұрын құрылған шаруашылық егін егумен қатар жылыжай шаруашылығын да дамыта бастапты. ORGANICO жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – облыста көкөніс өсіруде аса ірі жобаны жүзеге асырған ең іргелі шаруа­шылықтардың бірі. Негізінен астық, майлы дақылдар өсіруге бағытталған. Ал соңғы жылдары жердің біршама бөлігіне жы­лыжай орналастырып, көкөніс өнімдерін баптауды да жөн көр­ген. Бүгінде шаруашылық 16 мың гектардан астам алқапты қажетіне жаратып отыр.
«Бүгінде біз ашық және жабық топырақта көкөніс өсіруді жоспарлап отырмыз. Жылыжай екі жыл бойы салынды. Бұл біз­дің жобаның алғашқы кезеңі болатын. Осыдан кейін көкөніс көлемін ұлғайтып жыл бойы өнім алуды жөн деп таптық. Барлық әзірлік жұмыстарынан кейін 20 гектар жерге сәбіз ектік. Арнайы көкөніс қоймасын са­лып, сору және суару жүйесі құ­рылғыларын да орнаттық»,– дейді ORGANICO шаруашы­­лығының директоры Виталий Кореньков.
Шаруашылықтың ең мықты жобасы сәбізді ұзақ уақыт сақ­тауға мүмкіндік беретін сы­йым­дылығы 2000 тонналық көкөніс қоймасы болды. Оған кәсіпорын шамамен 1 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсаған. Мұнымен қоса шаруашылық аграрлық несие корпорациясының көме­гімен тамшылап және шашырата суару қондырғысы мен көкөніс жинау комбайнын да сатып ал­ған. Көкөніс өсіруді қолған алған кәсіпорынның алдағы жоспары да мығым.
«Бізде қазір жоғары техноло­гиямен құрастырылған Grimme, Kvernelan, ASA-LIFT комбайн­дары мен Gaugli тоңазытқыш қондырғылары бар. Тамшылап суарудың арқасында біз гекта­рынан 90-100 тоннаға дейін өнім алып отырмыз. Бұл қысы суық әрі жазы салқын солтүстік өңір үшін аса мол көрсеткіш. Жылы­жай 0,3 гектар алқапқа орналас­қан. Мұнда біз 150-170 тоннаға дейін қияр жинаймыз», – дейді ORGANICO кәсіп­орны­ның директоры.
Шаруашылық алдағы уақыт­та 200 гектардан 5 мыңға дейін көкөніс алуды жоспарлап отыр. Оған алғашқы қадам жасап та қойған. Келер жылы шаруа қо­сымша 25 гектарға картоп, дәл осындай алқапқа сәбіз екпек. Ал бұл Есіл ауданында тағы қосымша 25 жаңа жұмыс орны болмақ.

Ақмола облысы