Тұтынушылар нарығын шалағайлық иектеп алған
Тұтынушылар нарығын шалағайлық иектеп алған
368
оқылды
Қазақстанда көпшілік тұтынатын тауардың отыз пайызға жуығы жасанды. Бұдан бөлек, сырттан тасымалданатын өнімнің үштен бірі заңсыз жолдармен жеткізілген. Одан да сорақысы сол, уақыт өткен сайын олардың үлесі қазіргі көлемнен де әлдеқайда арта түсуі ықтимал. Импорттың үштен бірі заңсыз жолмен жеткізілген «Қазақстан тұтынушылар ли­гасы қауымдастығы» (ҚТЛҚ) та­мыз айынан бастап тұтынушы­лардың құқын қорғауға, ақпа­раттық сауаттылықты арттыруға және контрафактілік өнімдерге мониторинг жасауға бағытталған жаңа жобаны іске қосқан еді. Енді, міне екі ай бойы дүкен сөрелері мен жайма базарларда жайылған тауарға талдау жасай келе, көңілді күпті қылған есебін жария етті. Оның нәтижесіне сүйенсек, алаяқ­тар, әсіресе көпшілік тарапынан үлкен сұранысқа ие тауарларды, оның ішінде сигаретті, алкогольді және дәрі-дәрмекті заңсыз жолмен әкеліп сатуға әбден машықтанып алғанын байқадық. Ал тауар, оның ішінде азық-түлік бағасы неғұр­лым қымбаттаған сайын жұрттың контрафактілерге деген сұранысы соғұрлым арта түсетіні көңілімізді тіпті құлазытып тастады. Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, шекердің бағасы 87 пайызға, пиаз 71,7 пайызға, ұн 36,6 пайызға өскен. Ал азық-түлік емес тауардың құны 14,2 пайызға, адамның жеке қолданатын тауар­лары 26,3 пайызға, жуатын және тазалайтын құралдар 23,5 пайызға қымбаттаған. Бұл – жалпы алған­дағы орташа баға, әйтпесе құны екі немесе одан да көп есеге артқан санаттар да бар. Бағаның шамадан тыс шарық­тауы тұрмысы жұпыны қарапайым халықты супермаркеттер желісінен алыстатып, базарлар мен кішігірім дүкендерге жақындата түскен. Себебі шағын сауда орындарында тауар құны біршама арзан болға­нымен, сертификатталмаған өнім­дер де көптеп сатылатыны жасы­рын емес. Ал бизнесті тексеруге жа­рияланған мораторий осы ке­леңсіз жағдайды бұрынғыдан бетер шиеленістіріп жіберген. Соның кесірінен әділ кәсіпкерлердің заң­сыз сауда айналымымен бәсе­ке­лесуі уақыт өткен сайын қиын­дай түскен. 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін мораторий жарияланғаны естеріңізде болар. Алайда қауымдастықтың бас­қарма төрағасы Светлана Рома­новскаяның айтуынша, «Тұтыну­шылардың құқын қорғау туралы» заңның 42-1 бабына сәйкес, тұтынушылардың құқын қорғау жөніндегі қоғамдық ұйымдардың тауар сапасын қадағалау үшін зерттеу жұмыстары мен монито­ринг жүргізуге қақысы бар. Мо­ни­торинг нәтижесі көрсеткендей, базарлар мен шағын дүкендерде қызмет көрсететін кәсіпкерлердің 98 пайызы сатылымға шығарылған тауардың сертификациялануы керегінен хабарсыз болған.
– Сертификатталмаған тауар­ларды сататын кәсіпкерлер оның адамның денсаулығына қан­ша­лықты зиянды екенін білмейді. Нарық үшін контрафакт тақырыбы жаңалық емес. Бірақ, өкінішке қа­рай біз барлық тауардың жапа-тармағай қымбаттауына байла­нысты контрафактілік өнімдердің де күрт көбейгенін байқаймыз. Өйткені олардың бағасы төмен, сәйкесінше соған қарай сапасы да күдікті. Бұл қарапайым халықтың денсаулығы мен өміріне үлкен қауіп төндіреді, – дейді Светлана Романовская.
Бұл жерде шалағайлықтың бәрі кәсіпкерлердің жабдық­тау­шыдан тауардың сертификатын сұратпауынан, ал тұтынушылардың сатушыдан өнімнің сапасы туралы құжатты талап етпеуінен туындап отыр. Осы келеңсіздікті жою үшін ҚТЛҚ қазан айында 10 өңір бо­йынша (Астана, Алматы, Қызыл­жар, Павлодар, Қарағанды, Ақтау, Өскемен, Семей, Шымкент, Та­раз,) Тұтынушылық білім акаде­мия­сын жүзеге асырмақшы, оның аясында «Тұтынушылар құқын қорғау», «Медиация – тұтынушы мен өндірісші арасындағы дау-дамайды шешу құралы», «Лоб­бир­лендіру» (өз ұстанымын тықпалау) тақырыптарында шеберлік сы­ныптары өткізіледі.
– Интернетте тұтынушы­лар­дың контрафактілік тауарлар сатылымына қарсы наразылық көп. Әлеуметтік желідегі біздің парақшамызға және жедел желіге де оған қатысты арыз-шағымдар жиі түседі. Біз мұндай келеңсіз­діктердің туындайтынын алдын ала ескере отырып, маусым айында Президенттің атына петиция жол­дадық. Онда сигарет пен қызды­ратын табак нарығына бәрінің бір­дей қолжетімді болуы және та­бак акцизін қымбаттатпау ту­ралы мәселе көтердік. Өйткені баға өскен сайын шылым шегу­шілер темекінің неғұрлым зияны аз, сапалы түрінен құны одан әлдеқайда арзан, бірақ құрамы күмәнді түрлеріне көшетінін білдік. Қазірдің өзінде петицияға 5 мыңнан аса адам қол қойды, – дейді Светлана Романовская.
Қымбатшылық контрафактіні көбейтеді Егер мемлекет акциз құнын қазіргі деңгейінен қымбаттататын болса, ол автоматты түрде серти­фикатталатын тауардың бағасын өсіріп жіберетіні белгілі. Бұл жағ­дайда онсыз да айлығы шайлы­ғы­нан аспайтын жұрт жапа-тармағай контрафактілік өнімдерге біржола ауысып кетуі ғажап емес. Сондай-ақ қазіргі қолданыстағы салық мөл­шерлемесіне сәйкес, қызды­ра­тын табактың бір қорабы 900-1000 теңге, ал адам денсаулығына одан анағұрлым зиянды темекі 650 теңге тұрады. Осыдан кейін баға айыр­машылығына байланысты сатып алушының таңдауы қай тауарға түсетінін өзіңіз де бол­жамдай беріңіз. Кейінгі кезде сондай-ақ кон­трафактілік алкоголь өнімдеріне де сұраныс күрт артқан. Қаржылық мониторинг агенттігінің қызмет­керлері қыркүйек айының алғаш­қы екі аптасында ғана Ақмола облысы аумағынан құны 18,5 млн теңгеге бағаланған, құрамында спирті бар күмәнді ішімдікті тәр­кілеген. Сондай-ақ Көкшетау мен Қызылжар қалаларында 9,5 тонна контрафактілік алкоголь айна­лымнан алынған. Ал тамыз айында Мемлекеттік кіріс департаменті Ресейден заңсыз әкелінген жалпы мөлшері 13 мың литр алкоголь өнімін әшкереледі. Контрафакті тауарлары тек сигарет пен алкогольге ғана қа­тысты емес, барлық салаға тән. Мә­селен, қыркүйек айында Жам­был облысының полицейлері фар­мацевтикаға қатысты 51 заң­бұ­зушылық фактіні анықтап, тыйым салынған 1,5 мың таблетка мен ампуланы тәркіледі. Мемлекеттік органдар мен ҚТЛҚ-ның бірлес­кен жұмыстары нәтижесінде жыл басынан бері жеті ай ішінде адам­ның денсаулығына қауіпті үш мыңнан аса өнім анықталған, оның көбі импорттық тауар. Тәуелсіз сарапшылардың есе­бінше, егер заңсыз айналымда жүр­ген сигареттің орнына саудаға тек рұқсат етілген өнім ғана шы­ғарылатын болса, бюджетке қо­сымша 30 миллиард теңге кіріс кіреді екен. Сондықтан мемлекетке шылымға қарағанда зияны аздау табак акцизінің құнын көтергенше, контрафактілік тауарлармен кү­рескен анағұрлым пайдалы. Сон­дай-ақ акцизді көтеру туралы ше­шім қабылданғанда тұтынушы­лардың мүддесі де, басқа елдердің тәжірибесі де ескерілмеген. Мә­селен, Еуропада табакты қызды­ратын стик қорабының құны қа­тардағы темекіден ең ұзаса 28 па­йызға қымбатырақ. Ал Қазақстанда ол 70 пайыздан асады. Күнделікті өмірде біз тұтыну­шылар құқын қорғау мәселеле­рімен жиі бетпе-бет келіп жатамыз. Рас, сауда орнынан сатып алған затыңыз жарамсыз болып шықса, оны айырбастаудың немесе ақ­шасын қайтарып алудың маш­а­қаты көп және мұндай дау-дамай барысында тұтынушының әділ­дікке қол жеткізе қоюы қиын. Әйт­се де, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың қыз­метіне жүгінген адамның жеңіске жету мүмкіндігі үлкен. Ол үшін сатушы тарапынан әлімжеттікке ұшыраған адамның салы суға кет­пей, өз мүддесін белсене қор­ғауы қажет. Қазір Қазақстанның барлық өңірінде тұтынушылардың құқын қорғайтын қоғамдық инс­титут­тар мен дау-дамайды соттан тыс рет­теу субъектілері жұмыс істейді. Тұтынушылардың құқықта­рын қорғау комитетінің төрағасы Асқар Тынысбековтің айтуынша, мәселен өткен бір аптада ғана ко­митет пен оның аумақтық депар­таменттері алданған азаматтарға жалпы құны 8,7 млн теңге көле­мінде ақшалай қаражатты қайтар­ған. Оның ішінде Алматыдағы Esentai mall сауда орталығындағы бренд бутиктен 1,8 млн теңгеге ақауы бар сөмке сатып алған ке­ліншек те, 1,2 млн теңгеге Түркияға жолдама алған ер адам да бар. Қа­пы қалғандардың құқын Алматы қаласының департаменті қорғаған. Сондай-ақ Түркістан облысының тұрғыны тапсырыспен жеткізілген жиһаздың сапасына қанағат­тан­бай, сатушыдан ақшасын қай­та­руды талап еткен, бірақ компания одан бас тартқан. Департаменттің араласуымен түркістандық аза­маттың 768 мың теңгесі қолына тиді. Осыған ұқсас жағдай Астана қаласында жалғасты: сапасыз тауар сатып алған тұтынушының жарты млн теңге көлеміндегі ақшасы қайтарылды. Жалпы, қыркүйек айында тұ­тынушылардың құқығын қорғау комитетіне 1 500-ге жуық өтініш түсіп, құзырлы мекеменің арала­суымен жапа шеккен жандарға 25 млн теңгеден астам қаражат қай­тарылған. Әйтсе де, бұл айсбергтің көзге көрінген үстіңгі қабаты ғана, әйтпесе тұтынушылық нарықта шалағайлық деген шаш етектен. Әсіресе, жосықсыз бәсекелестіктің жолын кесу, контрафактілік та­уарларға тыйым салу, алданған сатып алушының құқын қорғау шаралары әлі де кемшін екенін мойындауымыз керек. Ең бастысы, оған мемлекет тарапынан қатаң тыйым салынбай, дүкен сөрелерін жаулаған жасанды тауарлардың жорығын тоқтату мүмкін емес.