Білікті, білімді және өз саласының нағыз маманынан құралған жұмысшылары бар мекеме әрқашан жетістіктерден көрінеді. Әрине, жас маман жұмысқа орналаса салысымен бәрін игеріп кете алмайды. Тәжірибесіз, теорияны ғана жетік білетін жас маманды сол ұжымдағы бесаспап қызметкерлер баулып, тәрбиелеп, өздерінің қатарына қосады.
«QazaqGaz» ҰК» акционерлік қоғамы өз жұмысшыларының қателікке жол бермейтін білгір, сайдың тасындай болуы үшін өздерінің ғылыми-техникалық орталығының оқу полигонында әбден машықтандырып, тереңірек оқытып, біліктілігін арттырып алады. Одан кейін ғана сенімді түрде жұмысқа жібереді. Өйткені газ саласы өте кірпияз, мүлт кетуді кешірмейді. Бір жерден кеткен қателік бір қауым елді орны толмас өкінішке ұшыратуы мүмкін. Одан бөлек, жыл сайын жұмысшылардың кәсіби шеберлігін шыңдау үшін дәстүрлі түрде «Үздік маман» байқауын өткізеді.
Алдымен, өз аймақтарындағы өндірістік филиалда бір-бірімен бақ сынасып жарысып, одан іріктеліп, жеңімпаз болып танылғандар республикалық байқауға жолдама алады. Ал республикалық «Үздік маман-2022» байқауы жуырда Түркістан облысы Сайрам ауданы Ақбұлақ ауылының маңында орналасқан «Интергаз Орталық Азия» АҚ-тың оқу-курстық комбинатының полигоны базасында өтті.
«QazaqGaz» ҰК» АҚ Ғылыми-техникалық орталығының Оқу полигоны базасына осылайша 105 үміткер келді. Кәсіби шеберлікті жетілдіру, еңбектің озық әдістері мен тәсілдерін анықтау және тарату, газ тасымалдау жүйесінің апатсыз, жоғары өнімді жұмысын және жоғары техникалық сенімділігін қамтамасыз етуге қызметкерлердің моральдық және материалдық мүдделілігін күшейтуге бағытталған байқаудың ашылуы салтанатты жағдайда өтті. Салтанатты шарада сөз алған «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мейірбек Ихсанов, «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директоры Манас Тасыбаев және республикалық газ саласының ардагерлер кеңесі төрағасы Ерқанат Темірханов бұл байқаудың ерекше маңызға ие екенін атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Газ саласының еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына және ұлттық экономикасына қосар үлесі зор. Сондықтан оның кадрлық әлеуетін дамыту аса маңызды деп білеміз. Осындай ауқымды шараның ұйымдастырылуы соның жарқын дәлелі болмақ. 21 жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған осынау дәстүрлі байқау кәсіби өсудің қуатты стимулына және озық тәжірибе алмасудың тамаша алаңына айналғанын атап өткен жөн. Бұл сайыста біздің мамандар өздерінің жоғары дайындық деңгейін тағы да дәлелдейтініне сенімдімін», – деп атап өтті өзінің құттықтау сөзінде «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мейірбек Ихсанов. Одан бөлек, компания тарапынан әрбір жұмысшының маман және тұлға ретінде қалыптасуы үшін бар жағдайды жасайтынын тілге тиек етті. «Біз өндіріске, қауіпсіз еңбек жағдайларын ұйымдастыруға, қызметкерлеріміздің кәсіби деңгейі мен өмір сүру сапасын арттыруға қомақты қаржы саламыз. Өйткені сіздердің әрқайсыңыз компанияның табысты дамуы үшін қуатты іргетас болып табыласыздар. Осы салада білім беретін оқу орындарымен, алпауыт компаниялармен келісімшартқа отырдық», – деді ол.
Ал республикалық газ саласының ардагерлер кеңесі төрағасы Ерқанат Темірханов болса, бұл жолғы бәсекеде мамандар бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатып, білмегенін үйреніп, біліктілікті одан әрі арттырып, нағыз маман болып тарқасатынын жеткізді. Миллиондаған тұрғынның алғысына бөленіп жүрген газшылардың осынау жанкешті әрекеттеріне алғыс білдіріп, барша қатысушыларға шабыт берді. «Жылдан жылға жаңа технология пайда болады. Жұмыскерлер осыған дайын болуы керек. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген байқауға қатысушылар шығып жатқан жаңа құрылғылармен қалай жұмыс істеу керек екенін бір-бірінен үйреніп, саланы жетік меңгереді. Мәселен, кез келген уақытта газ саласында оқыс жағдай кездесуі мүмкін. Жұмысшылар сын сәтте дереу шешім қабылдай алуы, аз уақытта жылдам әрекет етуі арқылы апаттың алдын алуы тиіс. Бұл жарыста барлығы да шынайы көрінеді. Басшылар осында саладағы техникалық кемшіліктер болса оның орнын толтыруға жұмыс істейді», – деп атап өтті Ерқанат Уақбайұлы БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Екі күнге созылған финалдық сайыста қатысушылар 15 конкурстық мамандық бойынша бақ сынап, практикалық тапсырмаларды орындады. Олардың ішінде «Технологиялық компрессорлар машинисі», «Технологиялық қондырғыларды жөндеу слесарі», «Желілік құбыр өткізуші», «Газ тарату станциясының операторы», «Жерасты құбырларын тоттанудан қорғау монтері» және «Апаттық-қалпына келтіру жұмыстарының слесарі», «Ұңғымаларды зерттеу операторы» «Газ өндіру операторы» сынды бірқатар сайыс түрлері бар. Тартысты өткен байқауда қатысушыларды бақылаған комиссия мүшелері олардың өндірістік алаңда орындаған жұмысының сапасын, еңбектің ұтымды және қауіпсіз тәсілдерін қолдануды, қатысушының өндірістік дербестік дәрежесін, тапсырманы орындауға жұмсалған нақты уақытты, сондай-ақ дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету дағдыларын бағалап, жіті тексеріп отырды.
Әрбір номинация бойынша ерекше қабілеттері мен біліктілігін көрсеткен сайыс қатысушылары оза шауып, жеңіп шықты. Алайда барлығының да ерекше дайындықпен келгені байқалады. Дегенмен байқаудың аты – байқау. Шараның салтанатты жабылуында сөз алған «Интергаз Орталық Азия» АҚ жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Шалқар Ермекұлы да үміткерлердің бір-бірімен бәсекелесіп емес, достастықпен сайысқа түскенін, жанашырлықпен білмегенін түсіндіріп, адамгершілік көзқарас танытқанын сайыс барысында байқағанын жеткізді. Сонымен, мәре соңы таяп, әр номинация жеңімпаздары анықталды. Әр номинация бойынша 3 орыннан белгіленіп, жеңімпаздарға дипломдар табыс етілді. Сондай-ақ жоғары кәсіби шеберлігі үшін еңбекақысына жылдық үстемеақы белгіленді.
Байқауға қатысушылар байқаудың шарттары мен тапсырмалары үнемі жетілдіріліп отыратынын, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау ережелерін білуге қойылатын талаптардың артқанын және қатысушылардың дайындық деңгейі жыл сайын өсіп келе жатқанын жеткізді. «Бұл алаңда айтарлықтай өткір бәсекелестік тудырды. Ұйымдастырушылар қатысушыларға өз қабілеттерін толық көрсетуге мүмкіндік беретін ең қолайлы және жайлы жағдай жасаған. Орал қаласындағы өндірістік филиалда 12 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Өткен жылы да осынау сайысқа қатысып, екінші орынды еншілеген болатынмын. Биыл қалайда бірінші орынды иемденемін деген үмітпен, дайындықпен келдім. Өзімнің кәсіби мықты екенімді дәлелдегім келді. Мұндай шаралар бізді ынталандырып, жұмысқа деген қабілетімізді арттырады. Өзге өңірлерден келген әріптестерімізден білмегенімізді үйреніп, тәжірибе алмасып, одан сайын білімімізді арттырып қайтамыз. Әр байқауда әртүрлі технологиялар болады. Былтыр мәселен тек электрмен дәнекерлеу болса, биыл оған аргонмен дәнекерлеу тәсілі қосылды. Енді күнделікті тәжірибеде бұл тәсілді енгізетін боламыз», – дейді байқаудың «Электр газбен дәнекерлеуші» номинациясы бойынша жеңімпазы, оралдық Марс Ержанов.
Осылайша, қатысушылар теориялық білімдерін практика жүзінде тағы бір дәлелдеп тарқасты.
Шымкент қаласы