Балқаш көлінің басынан да бақ тая бастағаны, еліміздегі ең ірі су айдынының ластанып, жағалаудан шегініп бара жатқаны жайлы жылда жазылады. Осыдан он шақты жыл бұрын прокуратура осы күрделі мәселеге баса назар аударып, облыстық, республикалық деңгейде алқалы жиындар өткізіп, болашақта болуы мүмкін экологиялық апаттың алдын алудың нақты жолдарын қарастыруға тырысқанына бірнеше мәрте куә болған едік. Сол кездері «Балқаш – Алакөл» бассейндік инспекциясын басқарған, осы саланың қыры мен сырына қанық, жағдайын бес саусағындай жақсы білетін Анар Тілеулесова көлдің деңгейі мен тазалығы оған құятын өзендердің жағдайына тікелей байланысты екенін айтып, тиісті орындарды мазалап, дабыл қағып жүретін. «Ілені көрші ел бірнеше жерден бөгеп тастаған» дей бермей, сол Іле мен Балқашты нәрлендіретін өзіміздегі өзендердің тазалығы жыл өткен сайын нашарлап, арналары қайырланып бара жатқанын мойындайық. Заманында көктем мен күзде өткел бермейтін арналардың жарым-жартылай құрғап, жаяу кешіп өтетін жағдайға жеткенін көріп те, естіп те жүрміз. Жетісудағы асау өзендерді ауыздықтап, бірнеше тұсынан су электр стансаларын салудың соңы жақсылыққа апармайтынын осы саланы зерттеп жүрген ғалым ағамыз да айтқан. Қалай болғанда да, ол жылдары прокуратураның пәрмені зор ма әлде экологиялық талаптар күшті ме, бірқатар шара атқарылған еді. Алматы облысындағы Балқашқа құятын Қаратал, Іле сынды үлкен өзендердің көлге жетер тұстағы тарамдалып, батпақтанып кеткен сағаларының арнасын тазалайтын, табанын тереңдететін механикаландырылған арнайы топтар құрылып, қыруар қаржыға қажетті техникалар алынып, басында екпіндете жұмыс істегенін көрдік, насихаттадық. Алайда ол қарқын да көпке ұзаған жоқ, дабырлатып басталып, дамылдауы жиіледі, ақырында тоқтап қалды. Ал өзендерді бөгеп, каскадты су электр стансаларын салу жалғаса берді. Талдықорған қаласын жарып ағатын Қаратал өзенінің жоғары жағында, Текелі қаласының маңынан, тауға жақындау жерде бірнеше каскадты су электр стансасының ашылуына барып қатыстық. Талдықорғанда орналасқан, электр желілеріне арналған құрылғылар мен тіректер шығаратын «АСПМК-519» сынды алпауыт компанияның қаржысына салынған сол каскадты стансалар өндірген электр қуатының қызығын өздері көріп отырмаса, басқаларға беріп жатыр дегенді естімеппіз. Үшінші электр стансасын ашуға барған кезде салтанатты шараға шақырусыз келген Ескелді ауданы мен Текелі қаласының фермерлері өзенді бірнеше жерден бөгеп тастаған стансалардың кесірінен жазда жайлауға шығатын жолдарының жабылып қалғанын, өзеннің маңы құлазып, қурап кеткенін айтып арызданған. Сонда бір ақсақал: «Енді бірер жылдан соң Қараталдың Текелі мен Талдықорған қалалары арасынан өтетін бөлігіндегі бұлбұлды тоғайда бөдене де қалмайды. Су бірде азайып, бірде көбейген соң арнасы да жиі ауысып, табаны қайырланады. Балық та құриды» деген еді. Бүгінде сол шындыққа айналғандай. Кейінгі жылдары Талдықорғанда құрылыс қарқын алды. Мемлекеттің түрлі тұрғын үй бағдарламаларымен баспаналар тұрғызылып, басқа да зәулім-зәулім ғимараттар салынды. Жекеменшік үйлер қатары да көбейді. Қала қанат жайды. Оның маңындағы ауылдар бір-бірімен қосылып кетті. Құрылысқа материал керек. Қаратал өзенінің қала арқылы өтетін бөлігінде судың азайғанын күтіп, күрегін сайлап отыратындар өзен табанынан құм мен қиыршық тасты жабайылықпен алуға жаппай кірісті деуге болады. Оны айтасыз, бұрын облыс орталығынан Үштөбе бағытына шығар тұста, тура өзеннің жағасында қиыршық тас өңдейтін алып зауыт бар еді, оның қатарына Текеліге апаратын күре жолдың бойында, тура өзеннің аңғарына мінгескен тағы бір құм мен қиыршық тас өңдейтін кәсіпорын қосылды. Тапа-тал түсте, сырт көзден тасаланбастан, өзеннің арнасындағы жылтырап, жылап аққан суды оп-оңай бұрып жіберіп, қиыршық тас пен құмды қазып, тиеп әкететін алып экскаваторлар мен үлкен-үлкен жүк көліктерін күнде көретінбіз. Табиғат жанашырлары дабыл қаққан кезде дереу жиналыс өткізіп, әкімдігі мен полициясы іске кіріскен болады. Бірнеше мәрте рейд ұйымдастырады, ұсталғандарға айыппұл салады, материалдарды Экология департаментіне тапсырады. Сонан кейін іс бітті, қу кетті деген күйге қайта түсеміз. Біраз уақыт өткеннен соң бәрі қайта басталады. Ал өзеннің арнасы жиі ауысады, түбі қайырланып, су азайып барады. Жағалаудың тазалығы да жүрек ауыртады. Түн жамылып, көзден тасаланып келіп, күл-қоқысты, ескі-құсқыны, өндірістік қалдықтарды аударып кететіндер жиілеген. Бір жылдары зерттеушілер Текелі маңындағы кеніштерден шыққан қалдықтар қоймасының бүгінде тақыр төбешіктерге айналған үйінділеріндегі түрлі зиянды элементтер қар мен жаңбыр суымен өзенге қосылып жатқанын мәлімдеген. Ол мәселе де әлі шешімін тапқан жоқ. Оған өзен бойын қоқыс төгетін жерге айналдырғандардан келген зиянды қоссақ, өзеннің суы азайып қана қоймай, ластану жағынан да оңып тұрмағанын көреміз. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, құзырлы органдар халық шулағанда ғана мәселеге назар аударып, қимылдаған болады. Елдің екпіні басылғанда, барлығы баяғы таз қалпына түседі. Мәселен, былтырғы қазан айында Алматы облысының полициясы «Жер қойнауын қорғайық» сауықтыру шарасын өткізу барысында тек Қаратал өзенінің облыс орталығы маңындағы бөлігінен біраз заңбұзушылықтың бетін ашты. Айыппұл салды. Ешқандай құжатсыз, рұқсатсыз өзен арнасын тас-талқан етіп, құм мен қиыршық тас қазып алып жатқан бірнеше ұйымның жұмысын тоқтатты. Алайда өзен арнасын бүлдіру тоқтаған жоқ. Биылғы сәуір айында да табиғат жанашырлары тура қаланың тұсында өзеннің табанын қопарып жатқандарды бейнекамераға түсіріп, интернетте жариялады. Сол кезде қалалық әкімдік пен полиция кезекті рет «ұйқысынан» оянып, тағы «іске» кірісті. Бірнеше жүк көлігін ұстады, жүргізушілер мен экскаваторшыларға хаттама толтырды. Қала әкімі журналистермен жолыққанында, алдағы кезде бәрін өзінің бақылауға алатындығын айтып, заңсыздықтарды тоқтатуға уәде берді. Бірақ Қаратал өзенін тонау әлі жалғасуда. Қазіргі кезде өзеннің бір тұсы тарылып, тағы бір жері жайылып кеткен. Түбі мүлде жалаңаштанып қалған бөліктері де бар. Жаз айларында облыс орталығындағы көшелерді бойлап, арықтарда сылдырап ағып жататын судың бүгінде арманға айналуының басты себебінің бірі де осы екені айқын. Қала жанынан өтетін Балықты өзенінің арнасын жылдар бойы қазып-қазып, батпаққа айналдырғандар Қараталдың түбіне жетпей тоқтамайтын сыңайлы. Өзеннің облыс орталығын жарып ағатын бөлігіндегі күйі осындай болса, шалғайдағы өзендердің жағдайын елестетудің өзі қорқынышты. Өзендердің суы азайып, арнасы табиғилығынан ажырап, батпақтанып, ластанып кетуінің кесірі еліміздегі ең үлкен көл Балқаштың да жағдайын күрделендіре түскендей. Балықшылар балық қорының азайып, кейбір түрлерінің мүлде құрып бара жатқанын айтады. Жетісу облысының Экология департаменті өкілдері халықтың алаңдауы орынды екенін мойындайды. Қазір бұрынғы Алматы облысының екіге бөлінуіне байланысты қайта құрылымдау, ұйымдастыру жұмыстары аяқталып қалғанын, нақты шараларды енді қолға ала бастағандарын айтады.
«Балықты және Қаратал өзендерінің арналарынан заңсыз құм мен қиыршық тас қазуға жол бермеу мақсатында рейдтік шаралар жүргізіп жатырмыз. Бұл іске облыстық Экология департаменті мен Жер қатынастары басқармасының мамандары, сондай-ақ қалалық әкімдік пен полицияның қызметкерлері жұмылдырылды», – дейді экологтар.
Болат АБАҒАН, Жетісу облысы