Қызылорда облысында ауылдарды сапалы ауызсумен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Бүгінде облыс бойынша барлық 230 ауылдық елді мекеннің 198-і немесе 86 пайызы орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Бұл көрсеткіш халық санымен есептегенде 97,8 пайызды құрайды. Негізінен, 2022-2025 жылдар аралығында облыстағы орталықтандырылмаған 32 ауылдың ауызсумен жабдықталуын жақсарту шаралары межеленген. Бұл тұрғыда, 6 топтық су құбырларына қосу, 2 су жүйесін жүргізу және 24 су тұщытқыш орнату көзделуде. Бұл жайында Қызылорда облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы мәлімдеді. Жалпы, 2022 жылы облыстың ауызсу және кәріз жүйелерін жаңғырту жұмыстарын жүргізуге «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша және облыстық бюджет арқылы 20 жобаға барлығы 5,1 млрд теңге қаржы берілген. Оның ішінде 4,7 млрд теңге республикалық бюджеттен қаралса, қалған қаржы облыстық бюджет есебінен бөлінген. Оған Арал ауданы, Көктем елді мекенінен 1 жоба, Жалағаш ауданының Жалағаш кенті, Аққұм мен Мәдениет елді мекендерінен 3 жоба, Қармақшы ауданына қарасты Кармақшы, Көмекбаев және Алдшбай ахун елді мекенінен 3 жобаны жүзеге асыру көзделген. Сол сияқты Жаңақорған ауданының Жаңақорған кенті, Еңбек, Төменарық, Сунақата мен Екпінді елді мекенінен 5 және Қызылорда қаласынан 8 жоба жүзеге асырылмақшы. Осындай жұмыстардың нәтижесінде биыл 100 шақырымнан аса ауызсу және 4,9 шақырым кәріз желілері, 2 дана кәріз-сорғы стансалары мен 3 дана су кешені жаңғыртылып, 7 дана ұңғыма бұрғылана-ды деп межеленіп отыр. Соның ішінде таза ауызсумен қамту мақсатында Қармақшы ауданының үш ауылында атқарылып жатқан игі бастама көптен бері шешімін күткен мәселе болатын. Биылғы жылы көптен бері кезегін күткен игі жоба қолға алынып, жергілікті жұртшылықты қуанышқа бөледі.
«Ауылымызда ауыз су жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқанына ел болып қуанып жатырмыз. «Су – өмір нәрі» деген сөз рас айтылған ғой. Бір сәт үйімізде су ақпай қалса, тіршілік тоқтап қалғандай боламыз. Ал енді осы жұмыстар толық аяқталған соң қысы-жазы үздіксіз су болады деген үміт бар. Бұл шалғай ауылға аудан басшылығы тарапынан жасалып жатқан үлкен қамқорлық деп білеміз. Басшылыққа үлкен алғысымызды айтамыз. Уақытпен санаспай жұмыс істеген мердігер компанияға да алғысымыз шексіз. Осы жұмыстарын аяғына дейін жеткізіп, ауызсудың тұрақты болуы үшін тиісті мекемелердің сапалы жұмыс жасауын ел болып тілеп отырмыз», – дейді Т.Көмекбаев ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Сақтапберген Қосбаев.Негізінен, биыл «Т.Көмекбаев ауылындағы су қабылдайтын құрылғыны қайта құру» жұмыстарына қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу қорытындысымен «Корпорация Әлем Құрылыс» ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Бүгінде құрылыс жұмыстары басталып, су мұнарасы, резервуар монтаждалды және 1-ші көтерме сорғы стансасына жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сол сияқты Алдашбай ахун мен Қармақшы ауылында да су қабылдайтын құрылғыны қайта құру жұмыстары межеге сәйкес жүргізіліп жатыр.
«Қармақшы ауылында биыл ауызсу резервуары салынатынын зор қуанышпен қабылдадық. Орталықта 25 метр кубтық ауызсу мұнарасын пайдаланып келген тұрғындар алдағы уақытта 100 метр куб болатын ауызсу резервуарын және 50 метр куб болатын жаңа мұнараның игілігін көретін болды. Соның нәтижесінде әрбір тұрғын заман талабына сәйкес орнатқан су ысыту құрылғыларын күндіз-түні пайдаланып, таза сумен жеткілікті қамтылып тұратынына риза. Осы орайда жыл бойына халықты таза ауызсу тұрақты қамтамасыз етуге ықпал болып отырған аудан әкімдігіне, облыс басшылығына алғысымызды білдіреміз», – дейді Қармақшы ауылы ардагерлер кеңесінің мүшесі Қ.Айтымбетов.
Қызылорда облысы