Сот Алматыдағы ең ірі базарды мемлекет меншігіне қайтарды
Сот Алматыдағы ең ірі базарды мемлекет меншігіне қайтарды
Фото: yandex.kz
413
оқылды
Алматыда базарлардың жұмысы реттеліп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Алматының экономикалық соты «Барыс-4» базарын мемлекет меншігіне қайтару туралы үкім шығарды. Қалалық соттың мәліметінше, іс материалдарында 2013 жылғы желтоқсанда «Найза-БН» компаниясы мемлекеттен «Барыс IV» базарын сатып алғаны көрсетілген. Мәміле шартын Алматы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті жасаған. Бұған дейін Бас прокуратура бұл нысан бес есе төмендетілген бағамен сатылғанын хабарлаған еді. Нарықтағы құны 1,5 миллиард теңге болса, базар 307 миллион теңгеге сатылған. Осыған байланысты Алматы прокуратурасы осы шартты жарамсыз деп тану туралы талап-арыз түсірген. Алматы қалалық сотынан мәлім еткендей, құзырлы мемлекеттік орган заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы мемлекет үлесін жекешелендіру кезінде заңсыз жеңілдіктер мен артықшылықтар жасаған. Осы жайт прокурордың талап қоюына негіз болған. Сотқа дейінгі тергеу барысында талап-арызда көрсетілген деректер расталған. Құзырлы орган өкілі жекешелендіру мәмілесі мемлекет мүддесіне шығын келтіре отырып жасалғанымен келісті. Мәмілені жарамсыз деп тануға негіз болған себеп – сатып алушыға заңсыз жеңілдіктер мен артықшылықтар беру, оның соңы нысан құнының төмендетілуіне алып келген. Сотта мемлекеттік мүлікті арзандатылған бағамен сату дерегі расталды. Сотта сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылды. «Алматы прокуратурасының талап-арызы қанағаттандырылып, сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылсын. Соңғы шешім шығарылған күннен бастап бір ай ішінде сот шешіміне апелляциялық және прокурорлық өтінішхат беруге болады», делінген ресми мәліметте. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.