Алматы облысында қайын ағасы келінін зорламақ болған: 6 баланың анасы үйден қашып шыққан
Алматы облысында қайын ағасы келінін зорламақ болған: 6 баланың анасы үйден қашып шыққан
© baq.kz
Алматы облысы Қарасай ауданында 6 баланың анасын қайын ағасы зорламақ болған. Артынша әйелді қайын ағасының ұлы аяусыз ұрып-соққан. Оқиғаның жай-жапсарын белгілі заңгер Айман Омарова Facebook парақшасында жазған.
«Қайын ағасы түнде келіншектің үйіне келіп зорламақ болған. Келіншек үйінен қашып шыққан. Ер адамның ұлы Бекжан әйелді тепкіге алған. Салдарынан көп қан жоғалтып, көк бауырын алып тастауға тура келген. Тергеуші Исабай Айдар тек   Бекжанды уақытша тергеу мекемесіне қамаққа алған. Әлі санкция болмаған. Ал оның әкесі А. әлі тайраңдап жүр»,- деп жазды заңгер.
Алматы облысының Полиция департаменті 35 жастағы әйелдің жансақтау бөліміне жатқызылғаны туралы ақпарат келіп түскенін растады.
«Аталған факті Қылмыстық кодекстің 106-бабы  1-бөлімі бойынша қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бойынша Қарасай ауданының полиция бөлімінде тіркелді. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 1999 жылғы күдікті Қарасай ауданының полиция бөліміне жеткізілді. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды»,- деп мәлімдеді Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазір істің мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүріп жатыр.