Таяуда Астана қаласында 6 қазан күні «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIV съезі өтеді. «AMANAT»-тың өңірлік филиалдарындағы 20 конференцияның қорытындысы бойынша съезге 700 делегат сайланды. Съезд қарсаңында «AMANAT» партиясы Панфилов аудандық филиалы жанындағы аумақтық даму мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес төрайымы Ризван Сакиовамен сұхбаттастық.
– Жуырда «AMANAT» партиясының съезі өтеді. Съезде қоғамдағы қандай мәселелер қамтылуы тиіс деп ойлайсыз?
– Съезде ел тұрақтылығы, бірлігі, тұтастығы және Жаңа Қазақстанда халықтың әл-ауқатын жақсарту, кәсіпкерлерге бірдей мүмкіндік беру, жаңа экономикалық саясат, салық саясаты секілді тақырыптар қамтылады. Қоғамдағы өзекті мәселелер қаралады. Съезге жиналған делегаттар ой-пікірін ортаға тастап, айтылған мәселені іс жүзінде орындауға ықпал етеді деп ойлаймын.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жаңа саяси реформалар жүзеге асып жатыр. Тың бетбұрыстың бірі – сайлау жүйесіне енгізілген елеулі өзгерістер. Бұдан былай Қазақстан Президенті жеті жыл мерзімге бір-ақ рет сайланады. Жаңа саяси жүйедегі өзгерістер Қазақстанның болашағы үшін қандай жаңалық әкеледі?
– Жалпы, сайлау жүйесіне өзгерістер енгізген дұрыс. Үйреншікті дүниеге төселіп алғаннан жаңа тәжірибені сынап көрген пайдалы әрі өз нәтижесін береді. Жоғарыдағы саяси жүйедегі өзгеріс саяси дамудың алғышарты болуы да мүмкін. Себебі сайлауға түскен әр кандидат билікке қолы жеткеннен кейін жаңа серпіліс алып келеді. Әрқайсысы жаңа идеяларын ортаға тастайды. Осылайша, дамудың даңғыл жолы басталады.
– Сайлау туралы заңға енгізілген өзгерістер жастардың саясатқа араласуына, ел билеуіне қаншалықты ықпал етеді?
– Ел болашағы жастардың қолында болғандықтан. оларға көп көңіл бөлінгені дұрыс. Соның ішінде жастардың да саясатқа араласуы орынды деп санаймын. Себебі жастар әр өзгеріске жаңаша көзқараспен қарайды. Тың идеяларды жүзеге асырады деп сенемін. Саясаттың ортасында, билікте жастар жүрсе даму процесі де қарқынды жүреді. Дегенмен олардың тәжірибесі аздау болуы мүмкін. Бірақ білімі мен ой-санасы дұрыс қалыптасқан адам кез келген тығырықтан жол таба алатынына сенемін. Білімді жастарға сенім артамын.
– Президент бастамаларын қолдау, жаңа саяси реформаларға атсалысу үшін жергілікті жерде ел арасында түсіндіру жұмысы қандай деңгейде жүргізіліп жатыр?
– Саясат үнемі даму мен жаңашылдықты талап етеді. Онда білім мен тәжірибенің де атқаратын рөлі ерекше. Осы тұста Мемлекет басшысының әр бастамасын, саяси жүйедегі өзгерістерді халыққа дұрыс жеткізу мен түсіндіру қажырлы еңбекті, жауапкершілікті талап етеді. Халыққа жаңа саяси өзгерістерді жеткізу үшін арнайы іс-шаралар ұйымдастырамыз. Нақты айтқанда, халықпен кездесулер өткіземіз. Әр мекемеде жиындар мен шалғай аймақтарды да қамту мақсатында онлайн кездесулер өтті. Осындай іс-шаралар арқылы халық пен билік арасында алтын көпір орнатады. Елдің әлеуметтік мәселесі жергілікті жерде шешіледі.
– «AMANAT» партиясының өңірдегі филиалы жергілікті халықтың мәселесін шешуде қандай жұмыс атқарды?
– Әлеуметтік проблеманы шешуге тікелей атсалысып отыр. Соның ішінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасылармен жұмыс жүргіземіз. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, материалдық қажеттілік, қолдау қажет болса, керек-жарақпен қамтамасыз етеміз. Тосыннан табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындарға да көмек көрсетуге әзірміз. Осы тұрғыда партия депутаттармен етене жақын жұмыс істейді. Депутаттардың атсалысуымен қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындар тарапынан айтылған мәселелерді шешуге ықпал етеді.