Кентауда денесі балтамен шабылған ер адамға қатысты сараптама қорытындысы шықты
Кентауда денесі балтамен шабылған ер адамға қатысты сараптама қорытындысы шықты
© artzakaz.pro
661
оқылды
Түркістан облысы бойынша Сот сараптамалар институты денесінің бірнеше жері «балтамен шабылған» 21 жастағы Исламбек Мырзахмет «жеңіл жарақат» алған деген қорытынды шығарды. Мырзахмет бұл қорытындымен келіспейді. Сараптама қорытындысына қарағанда, Исламбек Мырзахметтің басы, аяқ-қолы шабылып кесілген, қанталап көгерген. Денесінің кесілген жерлері балтамен шабылған болуы мүмкін. «Бұл жарақаттың жеңіл түріне жатады», – делінген құжатта. Исламбек Мырзахмет сараптамалар институтының бұл қорытындысымен келіспейді. Ол мұны өзін балтамен шапқан адамның қылмыстық жауапкершіліктен құтылу үшін амал жасаған деп санайды.   Бұдан бұрын Мырзахмет Кентаудағы «Газ-Құбыры-2050» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Instagram парақшасында  қала тұрғындарына газ құбырын арзан бағада тарту жөнінде видео жарнамаға пікір жазған. Сол үшін серіктестіктің директоры жұмыс орнына келіп, оны балтамен ұрып кеткенін айтқан. Басы, арқасы мен аяқ-қолынан жарақат алып  ауруханаға түскен оған дәрігерлер ота жасаған. Түркістан облысы Полиция департаменті сараптама тағайындалғанын, сараптама қорытындысы бойынша шешім қабылданатынын мәлімдеген. Orda.kz «балтамен ұрды» деген «Газ-Құбыры-2050» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жандос Сабыровтан мән-жайды сұрамақ болып хабарласқан. Алайда телефон тұтқасын көтерген, өзінің кім екенін таныстырмаған адам Сабыровтың демалысқа шыққанын айтқан.