Мобилизациядан қашып келген ресейліктерді балағаттап, тіл тигізген павлодарлық блогер 5 тәулікке қамалды
Мобилизациядан қашып келген ресейліктерді балағаттап, тіл тигізген павлодарлық блогер 5 тәулікке қамалды
© arnapress.kz
Павлодар қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты блогер Диас Құзайыровқа қатысты ұсақ бұзақылық туралы істі қарады.
Ол Ресей азаматтарын қорлағаны үшін кінәлі деп танылып, бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Іс материалында блогер Құзайыров 27 қыркүйекте қала мейрамханаларының бірінде оғаш әрекет жасағаны айтылған.
"Ол қоғамдық орында бола отырып, Д. есімді тұрғын қонаққа шақырған Ресей Федерациясынан келген азаматтарды балағаттап, оларға саяси сипаттағы арандатушылық сұрақтар қойып, ар-намысына тиетін сөздер айтқан. Ол жанжал шығарып, YouTube арнасына видеожазба түсіріп, осы әрекеті арқылы қоғамдық тәртіп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзып, ұсақ бұзақылық жасаған", - деп жазылған Павлодар қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысында.
Процесс барысында Диас Құзайыров өзі кінәсін мойындамады. Ол Ресейде жарияланған ішінара мобилизацияға байланысты елден кеткен ресейліктерге сұрақ қойғанда блогер ретінде әрекет еткенін, ешкімге тиіспегенін және балағаттамағанын айтты. Бұл ұстанымды Құзайыровтың адвокаты да қолдады.
Алайда арызданушы мен әкімшілік құқық бұзушылық туралы материалды рәсімдеген учаскелік инспектордан жауап алғаннан кейін сот бұл нұсқаны қабылдамады. Нәтижесінде Диас Құзайыров бес тәулікке әкімшілік қамауға алу түріндегі әкімшілік жазаға тартылды. Ол әкімшілік қамауға алынғандарға арналған мекемеден 8 қазан күні кешке шығады.