Қаланың көркі мен тазалығы үшін таңмен таласып қызмет қылатындардың еңбегі зор. Талай жылдан бері тазалық жанашырларының маңдай тері тиын-тебенмен өлшенетінін қоғам болып көтеріп келеді. Көптің айтары ескерілді ме, жаздың шіліңгір ыстығы мен шытынаған сарышұнақ аяздың астында да талмай еңбек ететін жұмысшылар үшін апта басы жақсы жаңалықпен басталды. Елорда әкімдігі қала көшелерін қоқыстан тазартып жүретін коммуналдық қызмет жұмысшыларының әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше маңыз беріп келеді. «Астана Тазалық» ЖШС қызметкерлерімен кездескен шаһар басшысы Алтай Көлгінов күндіз де, түнде де, тіпті аязды және жаңбырлы күні, қар жауғанда да жұмыс істейтін тазалықшылардың қажырлы еңбегін ерекше атап өтті. Олардың жауапты жұмысының арқасында қалада тәртіп пен тазалық сақталатынын айтқан ол соңғы үш жылда 300-ден астам арнайы техника мен жабдық алынып, автопарк айтарлықтай жаңарып, қызмет сапасы артқанын жеткізді.
Тазалық жанашырларының жалақысы жүйелі негізде арттырылады. Мәселен, қала өмірінде маңызды қызмет атқаратын жол жұмысшылары мен жүргізушілердің жалақысы келер айдан бастап 20 пайызға артады. Ал бұдан бұрын жалақы басқа санаттар үшін де көтерілген. «Өз тарапымыздан біз жұмыс үшін қолайлы жағдайды жақсарту бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Сыйақылар, соның ішінде мереке күндеріне енгізілді. Бірақ бұл да жеткіліксіз. Біз жағдай жасау үшін барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз, соның ішінде коммуналдық қызмет қызметкерлерінің жалақысын көтереміз», – деді компанияны 14 жылдығымен құттықтаған қала басшысы. Сөз соңында коммуналдық қызметкерлерге алғысын білдірген Алтай Көлгінов тазалық қызметкерлерінің төккен терін ерекше бағалайтынын жеткізді.