Дала төсін дүбірге бөлеген Сыр диқандары егін жинау науқанын қызу қарқында жүргізуде. Егілген өнімді төкпей-шашпай жинап алу қарекетіне көшкен диқан қауымы биылғы науқанда мол өнімге қол жеткізуді межелеп отыр. Жалпы биыл облыста барлығы 188,5 мың гектар жерге ауылшаруашылық дақылдары егіліп, егістік көлемі өткен жылмен салыстырғанда 451 гектарға артық орындалған. Соның ішінде күріштің көлемі – 78,6 мың гектар. Қазіргі уақытта өңірде 72 мың гектар күрішке орақ салынып, оның 65,4 мың гектары бастырылыпты. Нәтижесінде әр гектардан орташа есеппен 53,5 центнер өнім алынуда екен. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қайратбек Сәрсенбаев хабарлады.
«Қазіргі таңда егілген дақылдардан өнім жинап алу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Нақтырақ айтсақ, күздік бидайдан – 10,2 мың тонна, жаздық бидайдан – 4,2 мың тонна, ал егілген 358 гектар қант құмайынан 1,6 мың тонна өнім алынды. Сонымен қатар, картоп, көкөніс және бақша дақылдарын жинау жұмыстары да жоспарға сай жүргізілуде. Атап айтқанда, картоптан – 3,4 мың гектар, көкөністен – 6,4 мың гектар, бақша дақылдарынан – 8,8 мың гектар жинақталды. Ал Сыр елінің басты «бренді» саналатын күрішке орақ салу 20 тамыздан басталған болатын. Бүгінгі күні 72 мың гектар жерге орақ салынып, орылған көлемнің 65,4 мың гектары бастырылды. Сыр салысы елімізге ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттерге де экспортталуда. Биыл 54,8 мың тонна күріш өнімі экспортталып, былтырғы жылмен салыстырғанда 148,6 пайызға артты. Облыста егін жинау жұмыстары 10 қазаннан кешіктірмей толық аяқтау көзделуде», – деді басқарма басшысының орынбасары Қайратбек Әубәкірұлы.Сонымен қатар, биыл 60 мың тонна Сыр дәмі әлемнің 20 мемлекетіне эскпортталған. Бұл есепті кезеңмен салыстырғанда 157 пайызды құрады.
Қызылорда облысы