Биыл ел аузынан түспеген жеңілдетілген автонесие қараша айында қайта жалғасады деп жоспарлануда. Осыған дейін біраз талқыға түсіп, сынға іліккен бағдарлама алдағы уақытта қалай іске асары белгісіз. Көлікті болам дегенге үміт сыйлаған автонесиенің келешегі қалай болмақ? Айды аспанға шығарған цифр Таяуда Өнеркәсіпті дамыту қорының басшысы Ринат Гаппаров автонесие алғандардан түскен пайыздар банк шоттарына құйылып жатқанын, осыған орай автонесие беру жалғасатынын мәлімдеді. Гаппаровтың дерегі тіптен қызық болғаны сонша, алдағы 30 жылға жоспар құрғандай көрінді. «Алдағы 30 жылда дәл осы бағдарлама арқылы 60 мыңға жуық машина жаңарады. Револьверлік жолмен қайтатын қаражат жылына 7,7 млн теңге тұратын – 1 858, 10 млн тұратын 1 430 машина рәсімдеуге мүмкіндік береді», – деді ол. Жалпы, осы автонесие туралы хабар шыққалы қоғам бағдарламаға белсене қатысты деуге болады. Сәуірде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жеңілдетілген автонесиенің шарттары анықталғанын жария еткен болатын. Несие тек отандық, яғни елде құрастырылған көліктерге ғана берілді. Оның ішінде Lada брендінің көліктері (құны 3,7-6,6 млн теңге аралығы) мен Chevrolet маркалары (5-9,4 млн) бар. Танымал Kia (7-7,3 млн) мен Hyundai (6,7-9,1 млн) маркаларын да сатып алуға мүмкіндік берілді. Бұл тізімге қытайлық JAC (7-8,4 млн) көліктері де қосылғаны есте. Renault (7,4-8,3 млн) мен ресейлік УАЗ (7,3-8,4 млн аралығы) өнімдері де бар. Дегенмен бұл тізімдегі маркалардың қымбат, премиум санаттағыларын жұрт несиеге ала алмады. Көп адамның елде құрастырылған деген аты бар төменгі санаттағы көліктерге көңілі көншімегенін білеміз. Сын көп айтылды, әсіресе баға мен сапаға. Оның үстіне, утилалым мен бюджет ақшасына жеке зауыттардың көлігін несиеге беруді әділетсіз санайтындар да бас көтерді. Расымен де, биыл басталған жеңілдетілген автонесие бағдарламасы жоспардағыдай іске аспағанға ұқсайды. Өткен айда бағдарламаға бөлінген 100 млрд теңге сарқылды. Ресми дерек бойынша, 1 қыркүйекке дейін 13 307 несие беріліп, 11 мың автомобиль өткен. 100 млрд-тың 35 млрд-ын Еуразиялық банк алса, Банк ЦентрКредит – 27,5 млрд, Қазақстан Халық Банкі – 22,5 млрд, Forte Bank 15 млрд теңгесін алды. Банктер бұл қаражатты халыққа 4 пайызбен көлік алуға берді. Иә, көлікті болғандар жетерлік, алайда автонесие арқылы темір тұлпар тізгіндегендердің саны 10 мыңнан асқаны жөніндегі ақпаратқа күмән көп. Кемшілік қай жерден? Бір жағынан елдегі дүмпуді басу сияқты көрінген бағдарламаның тым асығыс басталғаны аңғарылды. Көлік өндірушілердің Үкіметке беретін есебіне күмәнмен қараушылар көп екенін жеткіздік. Осыған дейін кезегі жылжымағанына өкпелі жұрт көп еді. Тамызда қоғам белсендісі Диас Нұрақын Hyundai маркалы көлікті салоннан жеңілдетілген несие арқылы алуға кезекке тұрғанын, банктің мақұлдауын алса да, 5 айдан бері компания темір тұлпарды әзірлемегенін айтып, біраз жайды әшкере қылды. Яғни, «жылына бірнеше мың көлік шығарамыз» деп жарияға жар салған компаниялардың өтірігі әшкере болғандай. Оның үстіне, «көлік жоқ» дейтін автосалондар мен банктер соңғы кездері 20 пайыздық автонесиелерді ұсынатынды шығарған. Демек, қайткен күнде де бағдарламаның іске асуында былықтың бары анық. Сөйтсек, Hyundai Trans Kazakhstan-ның жағдайы да мәз емес екен. Тамызда елдегі зауыт сұранысқа ие Hyundai Accent пен Hyundai Creta модельдерін шығаруды уақытша тоқтатқаны хабарланды. Украинамен шиеленіскелі бері Ресейден жабдықтар жеткізілмейтін болған. Кәсіпорын бұған дейін қорда қалған жабдықтарды пайдаланып жұмыс істеген екен. Ал Қазақстан автобизнес қауымдастығы елге басу айтып әлек. Қауымдастық көлік көбін алға тартады. Осындай түсініксіз жайлар бар. Жұрт басқа көліктерге көз салайын десе, бағдарлама тек 10 млн теңгеге дейін несие береді. Басқа деп отырғанымыз – нарықта 13-14 млн теңге тұратын Elantra, Sonata (15-18 миллион теңге), Tucson (18-22 миллион теңге) маркалары. Артылған соманы сатып алушы табу керек. Бұдан кейін бағдарламаның тиімділігі жөнінде айту қисынсыз. Айтпақшы, автоөндірушілер енді жаңа көлік түрі мен бөлшектерді Түркиядан тасымалдауға көшті. Қыркүйекте елімізде екі жаңа модель ұсынылды. Сертификаттаудан өткен Hyundai Bayon мен Hyundai i20 нарыққа келді, Creta мен Accent деңгейіндегі көліктер. Сонымен, компания жаңа көлік түрін әкеліп, тапшылықтың орнын толтырды. Алайда бұл әрекет қаржы сарқылған тұсқа сәйкес келгені қобалжытты. Әйтеуір, бір бағдарламаның қолбайлауы тыйылмады.
Кемшіліктің тағы бірі – отандық көлік құрастырушы зауыттар біраздан бері бюджет есебінен күн көруге «үйреніп» алды. Тіпті, лоббистері мемлекеттік органдарға да ықпал етті. Мәселен, шетелде шығарылған автомобильдерді сатып алуға тыйым салынды. Екі жыл бұрын Үкімет 2 жылдық мораторийге қаулы шығарды. Сол 2 жылдық тыйым мемлекеттік қызметшілерге арналған қызметтік көлікті де шетелден алдырмауға септесті. Бірақ автонесиені қолдайтын автосарапшы Олжас Оқас мұның халық үшін тиімді екенін көптен айтып жүр. Оның ойынша, автонесиенің пайызы төмен. «Қазақстандықтар жаңа көлік алып, оны бірнеше жылда төлеп тастаса, бізге утилизациялық зауыт та керек емес. Көрші елдер сол көліктерді сәл арзан бағамен алып кетеді. Ал біз қайтадан жаңа көлік сатып ала аламыз. Мұндай саясатты қазір Біріккен Араб Әмірліктері ұстанып отыр», – дейді ол.
– Нарық механизмін дамыту керек болған кезде бұрынғы әдістерге қайта оралдық. Инфляция 10 пайыздан асқанда 4 пайызбен несие беру – ақшаны теріс мөлшерлемемен несиелендіруді аңғартады. Мемлекеттің басты мақсаты не? Халықты көлікпен қамтамасыз ету ме, әлде халықтың жайлы жүріп-тұруына жағдай жасау ма? Егер осы сұрақтарға жауап берсек, ӨКМ операторының ақшасын келесі нәрселерге жіберген абзал. Олар – ауыл шаруашылығы техникасының лизингін қаржыландыру және техникасын локализациялау, қоғамдық көлікке инвестиция ұлғайту, – дейді ол.Қазір автокөлік сарапшылары отандық көліктерді сатып алуға ақша бөлу темір тұлпардың құнын тағы 10-30 пайызға көтеретінін жиі ескертеді. Енді алдағы 30 жыл бойы бұл несие бағдарламасы жалғаса берсе, баға жыл сайын құбыла беретін тәрізді. Ескіні жаңарту үрдісі Бағдарламаның ең басты бір артықшылығы ғана бар. Елдегі көліктер сәл жаңарады. Әйтпесе, жұрт үшін несиеге көлік алу тиімді емес. Өйткені көлік жүре бастаған күнінен-ақ бағасын жоғалта береді. Ал «отандық өнеркәсіп» деген атау алған, елде құрастырылып жатқан көліктерге жаппай сұраныс жоқ. Автомобиль саласы кәсіпорындары одағының ақпараты бойынша, еліміздің жолдарында жүрген 1 млн 200 мың (былтырғы дерек) көлікке 20 жылдан асып кеткен. 2015 жылы шыққанына 10 жылдан асқан автокөліктердің үлесі елде 59 пайызды құраған. 2020 жылы 70 пайыздан асты. Қазір одан әрі артқаны анық. Сонда елдегі 4 млн көліктің 3 млн-ға жуығы тозған болып саналады. Демек, 10 млн теңгеге жетпейтін бағадағы машиналарды жұрт несие арқылы алып жатқанда, ескі, есесіне арзандау көліктерге сұраныс әлі толастамайды. Содан кейін шетелден көлік тасымалдауға асығатындар көбейсе заңдылық. Пайдаланылған көліктерді Армения, Грузия, Қырғыз Республикасы, Ресейден алып келуге қазір көбі қорқады. Өйткені ел ішінде заңды тіркеу ақысы тура көліктің бағасына тең деген ұғым қалыптасқан. Түйіндей келе, бағдарламаны сәтті не сәтсіз болды деп дөп басып айту қиын. Автокөлікке құмартқандардың арқасында автонесиеге сұраныс болды. Бірақ сұраныс иелерінің бәрі игілік көре алмады. Бұл – біз білетін жағы ғана. Экономикалық тұрғыда бұл бағдарламаға кімге тиімді екені белгісіз. Әйтеуір, банктердің қоржыны аздап молайғаны анық.