Тәтті түбірдің түйткілді тұстары
Тәтті түбірдің түйткілді тұстары
277
оқылды
Жетісулықтар биыл 1 гек­тар қант қызылшасын өсіруге 1 миллион теңгеден жұмсады. Ақсудағы қант зауыты тәтті түбірді қабылдамайтын бол­ды. Жыл басынан бері шикізат қабылдайтын алаңды қайта жабдықтауға қажет деп жүр­ген 1,5 млрд теңге табылмады ма, әйтеуір кәсіпорынға тәтті түбір жеткізілмейтіні анық­талды. Сырт елдерден тасы­мал­да­натын қант қамысын өңдеуге көшеді деген әңгіме­нің де анық-қанығы әлі бел­гісіз. Осылайша, 13 жылдай тоқтап тұрып, бірнеше жыл бұрын ғана мемлекеттің миллиардтары мен инвесторлардың қаржысына қайта жарақтандырылып, іске қосылған алып зауыттағы қызу тірліктің ғұ­мыры ұзаққа бармады. Соның сал­дарынан Ақсу, Сарқан ауданда­ры­ның қант қызылшасын өсірушілері өнімдерін тағы да 150-200 шақырым қашықтықта орналасқан Көксу қант зауытына тасымалдап, қо­сым­ша шығынға бататын болды. Со­нымен бірге соңғы жылдары алқап­тары айтарлықтай қысқарып кеткен қант қызылшасын өсіруге биыл бел буып, тәуекелге барғандардың ай­туына қарағанда, жағдай осылай жалғаса берсе, қымбатшылық бұл саланы да мүлде тұралатуы әбден мүмкін. Өйткені 1 гектар тәтті тү­бірді көктемнен бастап, күзге дейін егіп күтіп-баптау, жинау жұмыс­тарына 1 миллион теңге кететінін осы салада жылдар бойы тер төгіп, бұйырғанын алып жүрген шаруа­лардың өз аузынан естідік. Шығын ақталып, аз болса да пайда көру үшін кем дегенде әр гектардан 500 центнер өнім алу керек. Бір кез­дер­дегідей, 260-360 центнерден жинау өзін ақтамайды. Ал 500-700 центнер алу екінің біріне бұйыра бермейді. «Көксу қант зауыты» ЖШС 26 қыркүйектен бастап қант қызыл­шасын қабылдауға кірісті. Бұрнағы жылдары осы кәсіпорын науқандық жұмысын бастағанда, аудан орта­лығы Балпық би кенті мен Тал­дықорған қаласының арасындағы күре жолдың 20 шақырымдық бө­лігінің бойы кезекте тізілген жүк көліктерінен көрінбей қалатын. Биыл өнім қабылдаудың алғашқы аптасында ондай кезек байқалмады. Әзірге Ақсу, Сарқан аудандары мен Қонаев қаласының шаруа қожа­лық­тары өздері өсірген өнімді жеткізуде. қызылша Кәсіпорындағылар «Биыл 210 мың тоннаға жуық қант қызыл­ша­сын қабылдап, 24 мың тоннаға таяу қант аламыз» деп құлшынып отыр. Жыл сайын қайта жаңғыртудан, жа­рақтандырудан өткізілетін кәсіп­орында биыл жұмыс өзіндік қа­лыптасқан ырғақпен жүзеге асы­ры­луда. Соның арқасы болар, шаруа­лар­мен екі арада болатын жыл са­йынғы түсінбестік бұл жолы жоқ. Мүм­кін, бұған қант қызылшасы ал­қаптарының көлемі екі есеге қыс­қарғаны да өз әсерін тигізген болар.
– Қазір күнделікті қызылша қа­былдау ойдағыдай. Кезек күтіп тұр­ғандар жоқ. Ақсу, Сарқан ауданынан келетін көліктердің қатары аз болып тұр. Диқандар қоңыр күздің осынау қолайлы кезін пайдаланып қалуға тырысқаны жөн. Күн райы бұзылса, жеткізу қиындап кетеді. Зауыт кү­ніне 5 мың тонна қант қызылшасын қабылдайды. Жақын аудандар қы­зылшасын таси бастағанда көлік кө­бейіп, кептеліс болуы мүмкін. Осы­ны ескеріп, алыс аудандар үшін қосымша жол қарастырып қойдық, – дейді «Ақсу қант зауыты» ЖШС директоры Әділбек Абатов.
Осыдан біраз бұрын Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өңірдегі қант қызылшасын өсіретін шаруалармен кездесті. Сонда зауыт тарапынан тасымалдауға берілетін қаражаттың мардымсыздығы ай­тылған еді. Облыс басшысы зауыт­тағыларға бұл мәселеге назар ау­даруды тапсырған болатын. Өткен жылдары бір келі қант қызылшасын тасымалдауға 1 теңгеден төлеп кел­ген зауыт қаражатты қайта қарап, биыл әр келі шикізат үшін жақын аудандардағы шаруа қожалықтарына 1-2 теңгеден, Қонаев қаласы мен Кербұлақ ауданының қызылша­шы­ларына 3 теңгеден, Ақсу ауданынан жеткізілетін қызылшаға 4 теңгеден, Сарқан ауданына 5 теңгеден төлеуге кірісіпті. Шаруалардың айтуынша, осы қолдаудың өзі оларға айтар­лық­тай демеу. Диқандарды мазалайтын тағы бір мәселе – зауыттың қант қызылшасын қабылдау барысында түрлі себеппен шығынға есептейтін мөлшерлемесінің тым көптігі бола­тын. Зауыт зертханасының маман­дары биылғы маусымда тасымал­данып жатқан қант қызылшасы таза әрі сапалы екенін, шығын 6-7 пайыз айналасында есептеліп жатқанын жеткізді. Соған қарағанда, бұл жағдайға байланысты да екі жақ ортақ тоқтамға келген сыңайлы. Дегенмен қабылдау алаңына тө­гілген қант қызылшасын өнді­ріске жібергенше қалыпты жағдайда сақтау оңай емес екенін ескерген жөн. Кейде алаңдағы қызылшаны сақтау мерзімі 2-3 айға дейін созы­лып кетеді. Егер қант қызылша­сы­ның арасында шөп-шалам, тас-то­пырақ және басқа да бөгде заттар көп болса, шикізат алаңда тұрып-ақ шіриді. Күн аяқ астынан ысыса, құ­рамындағы қантты жоғалтады. Жа­уын-шашын көп бол­са, була­на­ды. Кәсіпорынның қант қызыл­шасын зертханалық тексе­рістен қатаң түрде өткізуінің себебі де осын­да. Сондай-ақ ша­руа­шылық­тар­дың бәрі бірдей өз өнімдеріне жауапкершілікпен қарамайды. Ара­сында тас-топыра­ғы алынбаған, шөп-шаламы тазар­тылмаған қант қызылшасын әкеле­тіндер де кез­де­седі. Сондықтан бұл мәселеге екі та­рап та түсіністікпен қарағаны жөн. Ауыл шаруашылығы министр­лігінің вице-министрі Әбілхайыр Тамабек те Жетісу облысына жолы түскенде қант қызылшасы және қант өндірісін дамыту бойынша жиын өткізген. Сол басқосуда са­ладағы біраз түйткілдің түйіні тарқа­тылғандай болған. Жыл басынан бері облыстық бюджет есебінен дәл осы тәтті түбір саласында 420 тех­никамен жабдықталған 19 сервис­тік-дайындау орталығы құрылғаны, қант қызылшасының шетелдік селекция тұқымдарының жоғары өнімді сорттары мен будандары жеткізілгені, тұқым үшін есеп айы­рысу қосымша пайыздық жүкте­месіз күзгі өнім есебінен жүзеге асырылатыны сол жолы айтылған. Мемлекет тарапынан минералдық тыңайтқыш, пестицидтер және тұ­қымды сатып алуға жұмсалатын шы­ғындар 50 пайызға дейін суб­си­диялайтыны да шаруа адамдарын қуантып тастаған. Сондай-ақ за­уытқа өткізілетін қант қызыл­ша­сының сатып алу бағасы тоннасына 22 мың теңгеден 30 мың теңгеге де­йін көтерілгені де көңіл демде­гендей болған еді. Ерте көктемнен қара күзге дейін қызылшалы ал­қапта бел жазбағандар мынау биыл­ғы қым­батшылық қысқан кезеңде 30 мың теңгенің де алқаптағы маң­дай терді ақтамайтынына көз жеткізді. қант қызылшасы Көксу ауданындағы «Кең Дала» шаруа қожалығының басшысы Қалибек Алпысбаев қант қызылша­сының өнімділігіне сатып алу баға­сының төмендігі де кері әсер етіп отырғанын айтса, Сарқан ауданы «Алмалы» сервистік-дайындау ор­талығының басшысы Ерлан Бі­лескелдинов тасымалдың тауқыме­тімен бөлісті. Ақсу ауданындағы «Әлихан» шаруа қожалығының басшысы Берік Тынышбаев суару жүйелерінің тозғаны көп нәрсеге қолбайлау болып тұрғанын көлде­нең тартады. Жеңілдікпен берілетін сұйық отынның сапасы да сұрақ ту­дырады екен. Қант өндірісін қол­дау артқан сайын, бұрындары кө­леңкеде қалып келген, көп ай­тылмайтын проблемалар да көбейіп барады.
– Жылдан-жылға барлық тауар­дың бағасы қымбаттаған сайын қант қызылшасын өсірудің шығы­ны да артып отырады. Биыл 1 гектар жерге кеткен шығын 900 мың тең­гені құрады, кей жерлерде ол тіпті 1 млн теңгеден асып кетті. Осыған байланысты министрлікке зауытқа өткізілетін шикізаттың әр тоннасы үшін мемлекеттен берілетін суб­сидияны 15 мыңнан 25 мың теңгеге көтеруді ұсындық. Сонда осы ақшаға қайта өңдеуші кәсіпорын төлейтін 15 мың теңгені қосқанда шаруа әр тонна үшін 40 мың теңге алар еді. Біздің ұсынысымызды министрлік қолдады. Бірақ оң өз­геріс келесі жылдан бастап күшіне енеді, – дейді Жетісу облысының басшысы Бейбіт Исабаев.
Ауыл шаруашылығы минис­трінің орынбасары Әбілхайыр Тамабектің айтуынша, мемлекет қызылша өсірушілерге қолайлы жағдай жасау үшін қант өндірісін дамыту жоспарын дайындапты. Жыл басында қант қызылшасының 1 келісі 22 теңге еді, көктемде 30 теңгеге көтерілді. Алдағы жылы 40 теңге болады. Осы мақсатқа бюд­жеттен 20 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Сол сияқты қазір тұқым­ның, гербицидтің, тыңайтқыш­тардың 50 пайызы, отандық ауыл шаруашылығы техникасы құнының 25-30 пайызы, шетелдік техни­ка­лардың 15 пайызы, қызылша жи­найтын комбайндар құнының 50 пайызы субсидияланады.
– Бала күнімізден әкеміздің жанында жүріп еңбекке үйрендік. Қант қызылшасын өсірудің сыры мен қырына қанықтық. Қазір сырт­тан көмек күтпей, барлық шаруаны өзіміз атқарамыз. Былтыр 12 гектар телім жерге қант қызылшасын егіп, гектарынан 700 центнерден өнім алдық. Биыл 40 гектар суармалы жер­ге қант қызылшасын егіп едік, орташа 700 центнерден артық өнім жинаймыз деп үміттеніп отырмыз. Бірақ шығын да көп. Биыл ми­не­ралды тыңайтқыш пен жанар-жа­ғармай және тасымал құны қым­бат­тап тұр. Алдын ала есептеу бо­йынша, гектарына 1 млн теңге жұм­салды. Сондықтан мемлекет та­рапынан қолдауларды қайта қа­рас­тырған жөн, – дейді Сарқан ауданын­дағы «Әбілқасымов» шаруа қожа­лығының өкілі Нұрлан Әбілқасымов.

Болат АБАҒАН