Жолдың жайын жүрген біледі
Жолдың жайын жүрген біледі
518
оқылды
Қазақстан – жол сапасы бойынша әлем­­­­­дік рейтингте көш соңында келе жат­қан елдердің бірі. Өйткені бұл салада білікті кадрлардың тапшылығынан бас­тап, жол құрылысы мен оны күтіп-бап­тауға, өндірісте жаңа материалдар мен заманауи технологияларды қолдануға қа­тысты шалағайлық көп. Қаржыландыру жағы кем­шін. Әйтсе де, мемлекет алдына үлкен амбициялық міндет қойып отыр. Бірақ жол шаруашылығында қордаланған түйткіл­дерді түгел шешіп алмай, ол мақ­сатқа жете қоюымыз неғайбыл. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегі бойынша, еліміздегі авто­мобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 96 мың шақырым: республикалық жолдар – 25 мың, облыстық және аудандық маңызы бар жолдар – 71 мың шақырым.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына сәйкес, биыл республикалық маңызы бар жолдардың 91 пайызын және жер­гілікті жолдардың 85 пайызын нормативтік жағ­дайға келтіру жоспарланған. Бұл мақсатта жалпы ұзындығы 4,3 мың шақырым автожолды қайта жаңартып, жаңа жолдар салу бойынша ірі жо­балар іске асырылмақ. Сол сияқты жол бо­йын­дағы 1 110 қызмет көрсету нысанын тиісті ст­ан­дарттарға сәйкестендіру қарастырылған», – деді Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Көп нәрсе қаржыға байланысты Үкімет жетекшісінің ай­туын­ша, былтыр автожол саласына 500 млрд теңге жұмсалса, биыл 600 мил­лиард теңге қарастырылған. Де­генмен ол өркениетті мемлекет­тердің деңгейімен салыстырғанда әлдеқайда аз. Бұл проблема тәуел­сіздіктің алғашқы кезеңінен бері жалғасып келеді. 1994 жылы жол құрылысына бөлінетін ақша бірден 5-6 есеге шорт кесілді. Содан бері ол 80-жылдардың деңгейіне әлі жеткен жоқ. Еуропада жол құры­лысына ішкі жалпы өнімінің 3-4 пайызы, Қытайда 5 пайызы, тіпті көрші Беларусьте 1,2 пайызы бө­лінеді. Бізде бұл көрсеткіш 1 па­йызға жетпейді. Сондай-ақ республика бо­йын­ша кейінгі 10 жылда ғылым мен білімге бөлінген 770 млрд теңгенің 60 млн-ы ғана жолға бұйырған. Және елімізде тікелей жол маман­дарын даярлайтын оқу орны жоқ. Жолшылар көбіне құрылыс ма­мандықтарымен жанастырылып оқытылады да, таза жол шаруашы­лығына қатысты арнайы білім бе­рілмейді. Қазір жол саласында ең­бек етіп жүргендердің 12 пайы­зы­ның ғана арнаулы білімі бар, оның жартысы жолшылықты екін­ші мамандық ретінде оқыған. Егер жыл сайын елімізде заң саласында 40 мың, ал аудармашы ісінде 30 мыңдай жас маман даярланса, жол саласы бар болғаны 1 мың ма­манмен толығады. Іс жүзінде қа­жеттілік одан бірнеше есе көп. Мұн­дай көзқарастан кейін елі­міздегі жол сапасы туралы тұ­шым­ды бірдеңе айтудың өзі қиын. Шарт бойынша әр жолдың кепілдік мерзімі бар, осы мерзім өткенге дейін мердігер жолдың ақау­ларын жөндеп, ой-шұңқырын тегістеп тұруға міндетті. Алайда Қазақстан жолдарының кепілдік мерзімі 3-5 жыл болса, ол басқа мемлекеттерде 7-10 жыл, яғни екі есе ұзақ. Бірақ соның өзінде жаңа­дан төселген жолдар жыл айналмай жатып, жырымдалып жатады. Мәселен, 2020 жылы 740 млн тең­ге­ге салынған Ақтөбе – Болгарка – Шұбарқұдық тасжолы кепілдік мерзімі өтпей жатып беті тілім­деніп, кей тұстары түйенің өрке­шіндей жалданып кеткен. Респуб­лика бойынша мұндай мысал көп. Өйткені көп жағдайда жол салу ке­зінде құрылыс технологиясы то­лықтай сақталмайды немесе ма­те­риалдар сапасыз болып шығады. Зертханаларды автоматтандыру маңызды Автомобиль жолдарының са­пасын бақылайтын «Жол актив­терінің ұлттық сапа орталығы» РМК бас директоры Замир Сағы­нов бұл мәселені шешу үшін құ­рылыс материалдарының стан­дартқа сәйкестігін тексеретін зерт­ханаларды автоматтандыру қажеттігін айтады.
– Өйткені сапа қызметіне адам­дардың араласуы, асфальт, бетон секілді төсемелердің қолмен тексерілуі жұмыстың нәтижесіне кері әсер етеді. Нашар жолдардың салынуының бір себебі осы. Ал автоматтандырылған зертхана құ­рылыс материалдарының сапасын дәлме-дәл анықтайды. Өйткені орталық желіге жүктелген ақпарат­ты өзгерту мүмкін емес. Бұл талап бәріне ортақ болғандықтан, жол жөндеушілерге сапалы материал­дарды ғана пайдалану міндеттеліп, өндірушілер де талапқа сай өнім шығаруға мәжбүр болады. Алдағы жылдан бастап Жол активтерінің ұлттық сапа орталығына қарасты 17 зертхана толықтай автомат­­тандырылады,– дейді Замир Садықұлы.
Оның айтуынша, бізде битум тапшы, шығып жатқан битумның сапасы төмен. Мәселен, былтыр өндірілген битумның 21 пайызы, биылғы битумның 29 пайызы қазақстандық стандартқа сай келмеген. Ал мұндай материалдан жасалған жолдарда қандай сапа болсын?! жол Сондай-ақ қазір сапасыз жол құрылысын жүргізгендерді әкім­шілік және қылмыстық жауапкер­шілікке тарту мәселесі де қарасты­рылып жатыр. Бүгінде жергілікті атқарушы органдарды жол сапасы мен зертханалық зерттеулер жүр­гізуге міндеттейтін өзгеріс енгізу туралы заң жобасы Мәжілістің қа­рауында жатыр. Мәселен, Қы­тайда жаңадан төселген жолда ке­пілдік мерзімі біткенше ой-шұң­қыр пайда болатын болса, мерді­герді абақтыға отырғызып тастауы да мүмкін. Құрылысшының жауап­кершілігін қатаңдататын осындай заңдар дүниеге келсе, мүмкін бізде де көп шалағайлық өздігінен жойылар. Бірақ заңның жазылуы бар да, оның орындалуы бар. Мәселен, елімізде жазғы уақытта ауа тем­пературасы 25 градустан жоғары болған кезде осьтік жүктемесі 10 тоннадан асатын көліктердің қоз­ғалысына уақытша шектеу жылда енгізіледі. Бұл шектеулер Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды (Қарағанды аймағы), Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыс­та­рында 1 маусымнан 15 тамызға дейін 11.00 мен 21.00 сағат аралы­ғын­да сақталады. Ал Алматы, Аты­рау, Жамбыл, Қарағанды (Жез­қаз­ған аймағы), Қызылорда, Маңғыс­тау және Түркістан облыстарында 1 маусым мен 31 тамыз аралығында, сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін сақ­талады. Шектеулер халықаралық келісімдерге сәйкес тек жүктердің және жолаушылардың халық­ара­лық тасымалдарын, төтенше жағ­дайларды жою және алдын алу жөніндегі іс-шараларын, зардап шеккен адамдарға гуманитарлық көмек көрсетуді, тез бұзылатын азық-түлікті дәрі-дәрмектерді та­сымалдауды жүзеге асыратын, сон­дай-ақ жол-құрылыс жұмыс­тарына тартылған автокөліктерге жүрмейді. Әйтпесе, қандай сапалы жол салынса да 40-50 тонна көтеретін жүк көліктері оны жермен-жексен ететіні сөзсіз. Бірақ осыны қада­ғалайтын көліктік бақылау инс­пекциясының жұмысы сылбыр. Сондықтан жолдың сапасына ғана емес, қадағалаушы органдардың жұмысына да қатаң бақылау ор­натылуы тиіс.