Степногорда тұтас аудан жарықсыз отыр
Степногорда тұтас аудан жарықсыз отыр
1,513
оқылды
Ақмола облысындағы ­Степ­ногор қаласының ір­ге­сінде бү­тін бір шағын­аудан үш айдан бері жарық­сыз әрі жы­лусыз отыр. Сәт са­йын жаң­быр жа­уып, яки дауыл соқса жа­рық бір­ден өшіп қа­лады. Тәуліктеп, тіпті бір­не­ше күн бойы жа­рық­сыз қалу әдеттегі жағдайға ай­нал­ған. Әбден қиналған тұр­ғындар ащы зарын жер­гілікті билікке талай жеткізген. Бірақ «Ильич шамының» тұ­рақты жа­нуы әзір­ге арман ғана болып тұр... Мыңнан астам адам түтін түтететін шағынаудан қаланың тап іргесінде орналасқан. Тұрғын­дардың айтуынша, жақында Степ­ногор қаласына шағынаудан ре­тінде қосылған. Алайда жарық мәселесі бәз-баяғы қалпы шешімін таппаған. Иесіз қалып, тозығы жеткен әрі үзік-үзік болып қайта-қайта жалғана берген электр сымдары үп еткен желден үзіліп, апатқа жиі ұшырайды. Ал «Шыд­а­ңыздар, желілер ауыстырылады» деген құрғақ уәде берілгелі де талай уақыттың жүзі болыпты. Жаңбыр жауса жарықсыз қаламыз
«Қаланың шеткі жағындағы біз тұратын шағынауданда жарықтың зардабын әбден тартып келеміз. Тіпті, соңғы үш айда жарық тәу­лік­теп сөніп қалатын жағдайға жеттік. Қалалық әкімдік пен тиісті электр желілерінің дис­петчер­леріне ха­барлассақ, «жөн­дейміз» деп құты­лады. Бірақ таби­ғат күрт бұзылып, жаңбыр жауып, яки сәл дауыл соқса, өшеді де қалады. Мұнымен қоса, жарық іске қосыл­ғанымен, кернеуі өте аз. Кір жуу машинасы кір айналдыра да ал­майды. Бірнеше көршіміздің тұр­мыстық электр техникалары бі­рінен соң бірі істен шықты. Үйде емшектегі баламен жарықсыз әрі жылусыз отырмыз. Жарық болма­ғасын үйдегі жы­лытқыштар да жұмыс істемейді. Үйдің іші мұздай суық. Қашанғы төзуге болады? ХХІ ғасырда біз тас ғасырында өмір сүргендей күй­деміз», – дейді ­Степ­ногор қала­сы­ның тұрғыны Елизавета Шишкова.
Тұрғындар қалалық электр таратушы компанияға да бірнеше рет хабарласқан. Бірақ олар қала­лық желіден еш ақау жоғын айтып, ақталмақ болған.
«Қай үйде жарықтың дұрыс берілмейтінін айтыңыз. Жұмыс­шылар барып, үйіңізде жарықтың не себепті үзіле беретінін тексеріп, жөндейтін болады. Өйткені біздің ұйымның тарапынан қала сыр­тындағы шағынауданда ешқандай техникалық ақаулар жоқ», – дейді «Степногор энергосбыт» электр энергиясын таратушы компаниясы өкілдері.
Бірақ тұрғындардың бұл уәж­бен еш келіскісі жоқ. Шағынау­дан­дағы барлық үйдің жаңбыр жауса, жарықсыз қалатынын әрі бұл үй­дегі тұрмыстық құрылғылардың істен шығуына да ықпал етіп жат­қанын айтып шырылдап отыр.
«Қалайша бір-ақ үйде осындай жағдай деп айтады? Тұтас қала сыр­тындағы шағынаудан жел мен жаңбыр болса бірден жарықсыз қалады. Мен үш күннен бері сүт тарта алмай отырмын. Өйткені соңғы екі күн бойы жарық жоқ. Бір қосылып, бір жанып берекеміз қаш­ты. Ақыры бар сүт түгелдей ашып кетті. Ал күзгі ақ жауын бас­талса, біз мүлде жарықсыз қала­тынымыз анық. Бізде пештеріміз де сорғымен жұмыс істейді. Ал жарықсыз сорғы да жұмыс істемей, жарылып істен шығады ғой. Гене­ратор қымбат тұратындықтан, оны алуға көптің қолы жетпейді. Оған қоса, біздің желіге карьер де қо­сылған. Үлкен жүктеме болған­дық­тан, ылғи онда жөндеу жұмыс­тары болады. Жаңбыр басылған соң жарты күн бойы себебін іздейді. Ал телефон шалсаң, «күті­ңіз, қашан болатынын білмейміз» деген жа­уап ғана естиміз. Ал жарықтың төлемін уақытында төлеуің керек», – дейді Ботагөз Досмағамбетова есімді шағынаудан тұрғыны.
Жарық желісі жылдар бойы иесіз қалған Аталмыш мәселеге орай Степ­ногор қалалық әкімдігінің пікірін білмек болдық. Қала әкімінің орынбасары Нұрлан Мұқатов бұл мәселенің бірнеше жыл бойы қордаланып келе жатқанын ашық айтты. Иесіз қалғандықтан, қала­лық электр таратушы компания шағынауданда тек электр беріп, желілерге техникалық қызмет көр­сетпеген. Ондаған жылғы қателігін қалалық әкімдік енді ғана түзетпек.
«Степногорға жататын қала сыр­тындағы шағынауданның жа­рық мәселесі – жылдар бойы қор­даланған күрделі мәселе. Жаңбыр жауса, сөніп қалатыны рас. Кезінде құжаттар дұрыс тапсырыл­маған­дықтан, шағынаудандағы желілер біраз уақыт бойы иесіз қалған. Қа­лалық электр таратушы «Степногор энергосбыт» тек жарық береді. Қазір трансформаторларды қал­пына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл жыл соңына дейін аяқ­талуға тиіс. Тұрғындардың аз­ғантай уақыт шыдауын сұраймыз. Биыл шағынаудан көшелерінде жа­рық өткізілген. Қазір құжаттар әзірленіп, желілерді қалалық әкім­дік жанындағы тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылықтың теңге­рі­міне алу мәселесін қарастырып жа­тырмыз. Барлығы дұрысталған соң «Степногор энергосбытқа» бе­рі­леді», – дейді Степногор қаласы әкі­мінің орынбасары Нұрлан Мұқатов.
Әкім орынбасары шағын­ау­данда бүгіннен бастап жылудың бе­ріле бастағанын жеткізді. Ай­туынша, жылу жүйесінде қысымды айдау аяқталғанша 3-4 күн уақыт кетеді.
«Шағынауданда көппәтерлі 6 тұрғын үй бар. Барлық 146 пәтер бүгіннен бастап жылуға қосылды. Жылу қысымды айдаған соң шама­мен 3-4 күнде дұрысталады. Электр жүйесі жұмыстарын «Қазстрой­энерго» ЖШС электр жүйелерін қал­пына келтіруде», – деп толық­тырды Нұрлан Мұқатов.
 

P.S. Сонымен, жарықсыз әрі қосылған күннің өзінде кернеуі төмен болып күйзелген Степно­гордағы шағынаудан тұрғындары ащы зарын тыңдар құлақ болса дейді. Әкімдік түйінді мәселе жыл соңына дейін жөнделетінін айтып сендірмек болды. Бірақ құрғақ уәдеден жа­лық­қан жұрт бұған күмәнмен қарайды...