Ақмола облысындағы Степногор қаласының іргесінде бүтін бір шағынаудан үш айдан бері жарықсыз әрі жылусыз отыр. Сәт сайын жаңбыр жауып, яки дауыл соқса жарық бірден өшіп қалады. Тәуліктеп, тіпті бірнеше күн бойы жарықсыз қалу әдеттегі жағдайға айналған. Әбден қиналған тұрғындар ащы зарын жергілікті билікке талай жеткізген. Бірақ «Ильич шамының» тұрақты жануы әзірге арман ғана болып тұр... Мыңнан астам адам түтін түтететін шағынаудан қаланың тап іргесінде орналасқан. Тұрғындардың айтуынша, жақында Степногор қаласына шағынаудан ретінде қосылған. Алайда жарық мәселесі бәз-баяғы қалпы шешімін таппаған. Иесіз қалып, тозығы жеткен әрі үзік-үзік болып қайта-қайта жалғана берген электр сымдары үп еткен желден үзіліп, апатқа жиі ұшырайды. Ал «Шыдаңыздар, желілер ауыстырылады» деген құрғақ уәде берілгелі де талай уақыттың жүзі болыпты. Жаңбыр жауса жарықсыз қаламыз
«Қаланың шеткі жағындағы біз тұратын шағынауданда жарықтың зардабын әбден тартып келеміз. Тіпті, соңғы үш айда жарық тәуліктеп сөніп қалатын жағдайға жеттік. Қалалық әкімдік пен тиісті электр желілерінің диспетчерлеріне хабарлассақ, «жөндейміз» деп құтылады. Бірақ табиғат күрт бұзылып, жаңбыр жауып, яки сәл дауыл соқса, өшеді де қалады. Мұнымен қоса, жарық іске қосылғанымен, кернеуі өте аз. Кір жуу машинасы кір айналдыра да алмайды. Бірнеше көршіміздің тұрмыстық электр техникалары бірінен соң бірі істен шықты. Үйде емшектегі баламен жарықсыз әрі жылусыз отырмыз. Жарық болмағасын үйдегі жылытқыштар да жұмыс істемейді. Үйдің іші мұздай суық. Қашанғы төзуге болады? ХХІ ғасырда біз тас ғасырында өмір сүргендей күйдеміз», – дейді Степногор қаласының тұрғыны Елизавета Шишкова.Тұрғындар қалалық электр таратушы компанияға да бірнеше рет хабарласқан. Бірақ олар қалалық желіден еш ақау жоғын айтып, ақталмақ болған.
«Қай үйде жарықтың дұрыс берілмейтінін айтыңыз. Жұмысшылар барып, үйіңізде жарықтың не себепті үзіле беретінін тексеріп, жөндейтін болады. Өйткені біздің ұйымның тарапынан қала сыртындағы шағынауданда ешқандай техникалық ақаулар жоқ», – дейді «Степногор энергосбыт» электр энергиясын таратушы компаниясы өкілдері.Бірақ тұрғындардың бұл уәжбен еш келіскісі жоқ. Шағынаудандағы барлық үйдің жаңбыр жауса, жарықсыз қалатынын әрі бұл үйдегі тұрмыстық құрылғылардың істен шығуына да ықпал етіп жатқанын айтып шырылдап отыр.
«Қалайша бір-ақ үйде осындай жағдай деп айтады? Тұтас қала сыртындағы шағынаудан жел мен жаңбыр болса бірден жарықсыз қалады. Мен үш күннен бері сүт тарта алмай отырмын. Өйткені соңғы екі күн бойы жарық жоқ. Бір қосылып, бір жанып берекеміз қашты. Ақыры бар сүт түгелдей ашып кетті. Ал күзгі ақ жауын басталса, біз мүлде жарықсыз қалатынымыз анық. Бізде пештеріміз де сорғымен жұмыс істейді. Ал жарықсыз сорғы да жұмыс істемей, жарылып істен шығады ғой. Генератор қымбат тұратындықтан, оны алуға көптің қолы жетпейді. Оған қоса, біздің желіге карьер де қосылған. Үлкен жүктеме болғандықтан, ылғи онда жөндеу жұмыстары болады. Жаңбыр басылған соң жарты күн бойы себебін іздейді. Ал телефон шалсаң, «күтіңіз, қашан болатынын білмейміз» деген жауап ғана естиміз. Ал жарықтың төлемін уақытында төлеуің керек», – дейді Ботагөз Досмағамбетова есімді шағынаудан тұрғыны.Жарық желісі жылдар бойы иесіз қалған Аталмыш мәселеге орай Степногор қалалық әкімдігінің пікірін білмек болдық. Қала әкімінің орынбасары Нұрлан Мұқатов бұл мәселенің бірнеше жыл бойы қордаланып келе жатқанын ашық айтты. Иесіз қалғандықтан, қалалық электр таратушы компания шағынауданда тек электр беріп, желілерге техникалық қызмет көрсетпеген. Ондаған жылғы қателігін қалалық әкімдік енді ғана түзетпек.
«Степногорға жататын қала сыртындағы шағынауданның жарық мәселесі – жылдар бойы қордаланған күрделі мәселе. Жаңбыр жауса, сөніп қалатыны рас. Кезінде құжаттар дұрыс тапсырылмағандықтан, шағынаудандағы желілер біраз уақыт бойы иесіз қалған. Қалалық электр таратушы «Степногор энергосбыт» тек жарық береді. Қазір трансформаторларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл жыл соңына дейін аяқталуға тиіс. Тұрғындардың азғантай уақыт шыдауын сұраймыз. Биыл шағынаудан көшелерінде жарық өткізілген. Қазір құжаттар әзірленіп, желілерді қалалық әкімдік жанындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың теңгеріміне алу мәселесін қарастырып жатырмыз. Барлығы дұрысталған соң «Степногор энергосбытқа» беріледі», – дейді Степногор қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Мұқатов.Әкім орынбасары шағынауданда бүгіннен бастап жылудың беріле бастағанын жеткізді. Айтуынша, жылу жүйесінде қысымды айдау аяқталғанша 3-4 күн уақыт кетеді.
«Шағынауданда көппәтерлі 6 тұрғын үй бар. Барлық 146 пәтер бүгіннен бастап жылуға қосылды. Жылу қысымды айдаған соң шамамен 3-4 күнде дұрысталады. Электр жүйесі жұмыстарын «Қазстройэнерго» ЖШС электр жүйелерін қалпына келтіруде», – деп толықтырды Нұрлан Мұқатов.
P.S. Сонымен, жарықсыз әрі қосылған күннің өзінде кернеуі төмен болып күйзелген Степногордағы шағынаудан тұрғындары ащы зарын тыңдар құлақ болса дейді. Әкімдік түйінді мәселе жыл соңына дейін жөнделетінін айтып сендірмек болды. Бірақ құрғақ уәдеден жалыққан жұрт бұған күмәнмен қарайды...