Түркістан облысы құрылғаннан бергі кезеңде Түркістан облысы үшін қаржыландырудың барлық көзі арқылы тұрғын үйді пайдалануға тапсыру көлемі 200 пайызға дейін өсті. Мәселен, 2018 жылы 396,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, 2021 жыл қорытындысында 823,8 мың шаршы метр пәтердің кілті табыс етілді. Бұл көрсеткіш арқылы еліміздегі құрылысы қарқынды жүріп жатқан бірден-бір өңір – Түркістан облысы екенін білуге болады. Бұл туралы Үкімет отырысында да айтылды. Жуырда киелі шаһарға іссапармен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанды атажұртымыздың алтын қазығы деп атап өтті. «Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың төл тарихымызда айрықша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі. Сондықтан Түркістанға, жалпы, осы облысқа ерекше мән беруіміз керек. Бұл ең алдымен, Үкіметіміздің басты міндеті», – деді Президент. Мемлекет басшысы қазақ жылнамасына алтын әріппен жазылған көптеген тұлғаларымыздың осында жерленгеніне тоқталып, былтыр қалаға Түркі әлемінің рухани астанасы деген мәртебе берілгенін айтты. Президенттің пікірінше, бұл оқиға Түркістанды тұтас түркі жұрты ерекше қадірлейді дегенді білдіреді.
«Біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын. Қастерлі шаһар көне заманнан бері ұлттың ұясы, қазақтың қара шаңырағы болып келеді. Түркістан осы мәртебелі міндетін қазір де абыроймен атқарып отыр. Сол себепті ата жолын ұстанып, Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын Түркістанда өткізуді ұсындым», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Мемлекет басшысы атап өткендей, мұнда соңғы жылдары 77 мың адамға арналған көп қабатты үйлер салынған. Сонымен қатар шаһар жасыл-желекке оранып, экологиялық ахуалы жақсарған. Айтса айтқандай, Түркістан күн сайын құлпырып, жаңарып келеді. Әсіресе, бұрын соңды болмаған тұрғын үй құрылысы жылдам бой көтеруде. Бірқатарына тоқталып өтер болсақ, өңірде «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында биылғы жоспар 855 мың ш.м. болып белгіленген. Жыл басынан бері 191,4 мың ш.м, яғни 1332 пәтер пайдалануға беріліп, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 117 пайызға ұлғайғанын айта кетуге болады. Жалпы, Түркістан облысы құрылған 2018 жылдан бергі жылдарға қарасақ, едәуір өсім байқаймыз. Мәселен, 2018 жылы – 3 018 пәтер, 2019 жылы –5 846, 2020 жылы – 6 059, ал 2021 жылы – 6 590 пәтер ел игілігіне ұсынылған. Биыл 97 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 6 мың отбасы қоныс тойын тойлайды. Бұл шамамен 100-ден астам футбол алаңының көлеміне тең екен. Бұл туралы мәліметті Түркістан облысы Құрылыс басқармасының басшылығы атап өтті.
«Бүгінде Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде қалыптастыру жұмыстарының 1-кезеңі аяқталды. Осынау кезең аясында әкішілік-іскерлік және рухани-мәдени орталықтары салынды. Оларды өзара байланыстыратын Б.Саттарханов даңғылы қайта құрудан өтіп, өндірістік аймақ құрылды», – дейді Түркістан облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Серікжан Кеңесханұлы.Жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында 3 әкімшілік ғимарат, Конгресс холл, медиа орталық, Нұр-Сұлтан алаңы, спорт кешені, цифрлық кеңсе, Халыққа қызмет көрсету орталығы, Оқушылар сарайы, стадион, бассейн, Жібек жолы саябағы, музыкалық және 900 орындық мектеп салынып пайдалануға тапсырылған. Ал рухани-мәдени орталығында Халықаралық университет, Драма театр, Ұлы дала елі, Яссауи мұражайы, Визит орталығы, Шығыс моншасы, Неке сарайы, Ғылыми-әмбебап кітапхана, Амфитеатр, Музыкалық фонтан, Керуен Сарай туристік кешені, Hampton by Hilton қонақ үйі нысандарының құрылысы жүріп, бүгінде олар жұртшылыққа қызмет көрсетіп отыр. Тұңғыш Президент саябағының және Қазақ хандығы мемориал кешенінің құрылысы таяу күндері аяқталып қалады деп күтілуде. Одан бөлек, Б.Саттарханов даңғылы бойында 4 шақырым желілік саябақ салынған, 25 300 түп ағаш егіліп, 317 шағын архитектуралық нысандар орнатылған. Облыс орталығы Түркістан қаласында көз тартар көркем ғимараттардың көбейіп жатқаны рас. Rixos Turkistan, Hampton by Hilton Turkistan қонақ үйлері де соңғы жылдары киелі шаһарға ағылып жатқан туристерге қызмет көрсету үшін салынған заманауи ғимараттар. Сондай-ақ сыйымдылығы 18 млн текше метр (м/3) болатын «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы және «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» су нысандары салынған. Көне шаһардағы құрылыстар қарқыны әзір де толастап жатқан жоқ. Әкімшілік-іскерлік орталығында теннис орталығы, мұз сарайы, 500 орындық жатақханасымен 700 орындық Дарын мектебі, ішкі істер органдарының ғимараттары, спорт кешендері бар есу каналы, жасанды көлдер және инженерлік инфрақұрылымдар қызу жүріп жатыр. Сондай-ақ келешекте жалпы 4,8 млн шаршы метр тұрғын үй салып, 46 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда. Серікжан Кеңесханұлы сонымен бірге жаңадан құрылған облыс орталығында барлық сала бойынша құрылыстың қызу екенін айтады. Мәселен, денсаулық сақтау саласында 570 төсектік көпбейінді аурухана, жедел медициналық жәрдем стансасы және Ана мен бала орталығы салынып пайдалануға берілген. Ал мәдени-рухани орталықта Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, «Керуен Сарай» тұрғын үй кешені, «Аманат» коттедж қалашығы, «Medina Palace» қонақ үйі, «Хилует» мәдени-рухани орталығы бой көтермек. Осылайша, Түркі жұртының рухани астанасы күн өткен сайын көркейе бермек.
Түркістан облысы