Биыл жол апатынан 2000 адам қаза тауып, 18 мыңы жарақат алды – министр
Биыл жол апатынан 2000 адам қаза тауып, 18 мыңы жарақат алды – министр
Фото: avtoradio.kz
288
оқылды
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Үкімет отырысында жол апатының көбейгенін, жолдардың сапасыздығын, көлікті өзі жүргізіп үйренгендердің көптігін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz. КТК арнасының мәліметінше, сатып алынған жүргізуші куәлігі мен сапасыз жол мыңдаған апатқа себеп болған. Жыл басынан бері екі мың адам бақилық болып, 18 мың жолаушы жарақат алды.  Бір ғана демалыс күндері 21 адам жол үстінде жан тапсырған. Жылдамдықты асыратын жүргізушілердің көбінің тәжірибесі аз. Одан қалды көлік жүргізуді үйрететін мектептердің табалдырығын аттап көрмеген.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов: «Қазір 747 оқу орталығы бар. 2018 жылдан бастап оларға лицензияға рұқсат беруді алып тасталды. 2020 жылдан бері олардың қызметіне мемлекеттік бақылау да жоқ. Дайындықтың төмен сапасы үшін әкімшілік жауапкершілік жойылды. Осының кесірінен оқу процесі формализмге айналды. Көп мектептерде керекті материалдық база жоқ. Талдау көрсеткендей, жүргізушілер арасында адам өліміне әкеп соқтырған апаттардың 50% – өзі көлік жүргізіп үйренгендер», – деді.
Жауапсыз жүргізушілерге бақылауды жоғалтып алғанын министрлік мойындап отыр. Өйткені бір жылда 150 рет жол ережесін бұзатын жүргізушілер де қаптап кеткен. Министр мұның бәрі тәртіптің осалдығынан дейді. Биыл елдегі автокөліктердің саны 5 миллионға дейін жеткен. Бұл темір тұлпардың жартысынан көбі ескірген. Ал техникалық байқауға келгенде «бармақ басты, көз қыстыға» салатындар тағы көп. Мысалы, былтыр 350 мың жалған құжат жасалыпты. 80 мың жүргізуші техникалық байқаудан өтпей жол үстінде ұсталып айыппұл төлеген. Жол апатына жол сапасы да себепкер болып отыр.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов «Жаяу адам жүруге арналған жолдар, жарық жоқ көшелер бар. Мысалы, 19 қыркүйекте Алматы облысы Талғар ауданында кешкі уақытта 10 жастағы баланы қағып кетті. Бала сол жерде қаза тапты. Бұл оқиға сол ауылдағы алғашқы жағдай емес. Әкімдер тарапынан бұл мәселе тез арада шешілмесе, жағдай қиын болмақ», – деді.

Бұған дейін жүргізуші куәлігінің фотосын 125 мың теңгеге сатып алған Тараз тұрғыны туралы жазған болатынбыз.