Өзіңіздің қуыршақ образындағы нұсқаңызды көруді армандаған ба едіңіз? Алматылық Жанар Урсарова – адамдардың дәл осы арманын жүзеге асыратын шебер. Жанардың туабітті құлағы естімейді, бірақ оның әлеміндегі мүлгіген тыныштық мұңға емес, керісінше, шабытқа қызмет ететіндей. Әйтпесе, оның қолынан үріп ауызға салардай сүп-сүйкімді әрі иесінің аузынан түсіп қалғандай шедеврлер туар ма еді?! Бүгінде мұхит асып, АҚШ-та, Боливияда, енді бірі Еуропа елдерінде, Израильде жүрген оның қуыршақтары осы сөзімізге дәлел болса керек. Жанар қуыршақ жасаумен 2017 жылдан бері айналысады. Өзінің негізгі мамандығы – киім модельері.
– Бала күнімде өзімнің қуыршақтарым көп болған жоқ. Тауар қат кез еді ғой. Жалғыз Барбиім болғаны есімде. Соны үлде мен бүлдеге орап, қолдан небір киімдер тіге беретінмін. Кішірейіп қалған қолғаптарымды қиып, Барбиімді киіндіретінмін. Өзімнің қызым өмірге келген соң бір күні оған өз қолыммен қуыршақ жасап көрмек болдым. Жап-жақсы дүние шықты. Қуыршақ жасауға осылай ойда-жоқта келдім. Әуелі жақындарыма арнап тегін әзірлеп жүрдім. Екі жылдан соң тапсырыс қабылдауға көштім, – дейді ол.Шеберге тапсырыс берушілер сый жасағысы келген кісінің суретін көрсетеді, әлгі адамның киімін, шаш үлгісін, аксессуарларын негізге ала отырып, ол қуыршақтың образын жасайды.
– Көңіл күйім болмаса да, қуыршақ тігуге отырсам, бәрін ұмытып кетемін. Меніңше, бұл істің өз сиқыры бар сияқты. Тігу барысында ішіңдегі мейірім, қамқорлық сияқты барлық жылы сезімдерің оянады. Өйтіп жаныңды салмасаң, жақсы дүние шықпайды. Әрі-беріден соң сүйікті ісіңе қалай үстіртін қарай саласың? – дейді шебер келіншек.
– Қазір тапсырыс берушілер көп. Жұрт қол еңбегін жоғары бағалауды үйреніп келеді. Бірі құрбысына, бірі қызына, енді бірі ұлына сыйлап жатады. Жұмысыма тәнті болғандар екінші, үшінші мәрте де жүгінуі мүмкін. Бүгінде менің қуыршақтарымның «табаны» әлемнің біраз жеріне тиді. Тапсырыстарым Израильге, АҚШ-қа, Германияға, Аустрияға, Польшаға, Пәкістанға, Боливияға, Ресейге, Қырғыз Республикасына кетті. Әр тапсырысты жөнелтерде құдды бір қызымды ұзатып жатқандай күй кешемін. Қанша дегенмен, жаныңды сала кіріскен соң әрбір деталі, әрбір бөлшегі сондай ыстық болып тұрады, – дейді Жанар ағынан жарылып.Жанармен http://instagram.com/zhanar_dolls.almaty парақшасы немесе 8 708 271 54 82 телефон нөмірі арқылы хабарласып, тапсырыс беруге болады.