Армениядан әкелінген көліктерді заңдастыруға бола ма?
Армениядан әкелінген көліктерді заңдастыруға бола ма?
Фото: atpress.kz
Президент биыл Жолдауда көлік сатып алу кезінде төленетін алым-салық мәселесіне жеке тоқталды. Заңсыз көлік әкелетін амал-тәсілдің бәріне тосқауыл қою үшін батыл шаралар қабылдау қажеттігін тапсырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Биыл 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген автокөліктерге қатысты ахуалды реттеу керек. Оларды заңдастыру мақсатында утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бір реттік алым алуды ұсынамын», – деген болатын.
Бұл көліктер ішінде Армениядан әкелінген машиналар бар. Ішкі істер министрлігі өкілі Tengrinews.kz-ке берген ресми жауабында Армениядан әкелінген көліктер заңдастыруға жататынын айтқан. Сары нөмірлі көлік иелері бастапқы тіркеу ақысын төлесе ақ нөмірді ала алады. Бұл – шамамен 200-250 мың теңге. Мемлекеттік органдар Салық және Экология кодексіне түзетулер енгізіп жатыр. Оның ішінде, бастапқы тіркеу үшін 200-250 мың теңге мөлшерінде алым ставкаларын бекіту және автомобильдерді жария ету кезінде кәдеге жарату үшін алымның күшін жою бөлігі бойынша түзетулер бар. Сондай-ақ оларды жария етудің тәртібі мен мерзімдерін айқындайтын Үкімет қаулысы әзірленеді. Бұған дейін Қазақстанда көлік көбейгенімен, көпшілігі тозығы жеткені туралы жазған болатынбыз.