«Qazaqstan Team» жастары алдағы Президент сайлауына Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды
«Qazaqstan Team» жастары алдағы Президент сайлауына Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды
«Qazaqstan Team» қоғамдық бірлестігі кезектен тыс президент сайлауына кандидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды. Астанада «Qazaqstan Team» жастар қоғамдық республикалық бірлестігінің отырысы өтті. Аталған жиында бірлестік мүшелері 20 қарашада өтетін президент сайлауына Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды.
«Біз Мемлекет басшысын қолдаумен қатар, 20 қарашада өтетін президент сайлауына Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынамыз. Себебі біздің ұйым Мемлекет басшысы ұсынған және іске асып жатқан реформалар пакетін қолдайды. Біздің бірлестік мүшелері түрлі салада еңбек етеді және Президент реформасы олардың бәріне қатысты. Біздің ойымызша Қасым-Жомарт Тоқаев – лайықты кандидат», - деді «Qazaqstan Team» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Олжас Сүлейменов.
Оның айтуынша, аталған қоғамдық ұйымның 200-ден астам мүшесі бар.
«Біздің бірлестіктің мақсаты – интеллектуалды жастардың басын қосып, ел дамуына үлес қосу. Бірлестік мүшелерінің дені кәсіпкерлер және түрлі сала сарапшылары. Біз қоғамға пайдалы іс-шаралар өткіземіз. Соның бірі «30 қайырымды іс» қайырымдылық акциясы», - дейді ол.
Бұған дейін ұлттық волонтерлік желісі президент сайлауына Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынған еді.