Мемлекет басшысы Абай атындағы дарынды балаларға арналған гимназияға барды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президент Павлодар облысына жұмыс сапары аясында 85 жыл бұрын іргесі қаланған Абай атындағы дарынды балаларға арналған гимназияға барды.
Мектеп директоры Салтанат Шабажанова Қасым-Жомарт Тоқаевқа оқу орнының терең тарихы туралы ақпарат беріп, гимназияның жаңартылған кабинеттерін көрсетті.
– Мұғалім болу – ең абыройлы еңбек. Сонымен бірге бұл – өте жауапты жұмыс. Ұстаздық – қасиетті қызмет десек те артық емес. Себебі әр шәкірттің тұлға болып қалыптасуында ұстаздың орны ерекше, – деді Мемлекет басшысы.Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысы ұлттың қайта өрлеу орталықтарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазақстандық көптеген танымал ғалым осы өңірде өскен және қазіргі педагогтер аға буынның ізін жалғап келеді.
– Жастарымыздың отаншыл, әділ, адал және еңбекқор болып өсуіне ұстаздың қосатын үлесі орасан зор. Біз жастардың еңбекке құлшынысын арттыруымыз қажет. Әділетті Қазақстанда еңбек адамы ең бірінші орында тұрады. Себебі отаншылдық, ең алдымен, туған елінің игілігі үшін қызмет ету деген сөз. Ол үшін, әрине еңбекқор, іскер болу керек. Әркім өз болашағына өзі жауапты екенін жастар бала кезден терең ұғынып өсуі тиіс. Бұл идеялардың бәрін балалардың санасына міндетті түрде сіңіру керек. Ұлы Абай айтқан «Толық адам» ұғымы – болмысы кемел, көзқарасы терең, көкірегі ояу, еңбекқор адам дегенді білдіреді. Халқымыз «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» бекер айтпаған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Мемлекет басшысы Черчилльдің «Мұғалімдерде мемлекет басшылары армандайтын билік бар» деген сөзін тілге тиек етіп, мектептерде жеке адамның да, тұтас мемлекеттердің де шынайы бәсекелестік негізі қаланатынын атап өтті.