Биыл 26 қыркүйекте Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 соты Қайрат Сатыбалдыұлын алты жылға бас бостандығынан айырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Tengrinews.kz-тің жазуынша, Қайрат Сатыбалдыұлы жазасын Шығыс Қазақстан облысындағы колонияда өтейді. Үкім жарияланғаннан кейін 15 күн ішінде сотталушы немесе оның қорғаушылары сот шешіміне шағымданбаса, ол Шығыс Қазақстанда орналасқан ОВ-156/20 колониясына ауыстырылады.
«Бұл мекеме арнаулы және құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлеріне арналған. ОВ-156/20 қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздіктегі мекемесі»,– делінген ІІМ ТЖК баспасөз қызметінің хабарламасында.Сотталған Қайрат Сатыбалдыұлы ауыстырылғанға дейін Астанадағы тергеу изоляторында болады. «Сотталушы апелляциялық шағым түсірсе, оны қарау мерзіміне дейін тергеу изоляторында қалады», – деді ведомство өкілі. Сондай-ақ Сатыбалдыұлы жазасын өтеу үшін мекемеге келген 15 күннен кейін туыстарымен кездесуге өтініш бере алады.