Президент бастаған реформаларды бүкіл халық ғана емес, ірі прогрессивті қоғамдық саяси күштер де қолдайды – сарапшы

Президент бастаған реформаларды бүкіл халық ғана емес, ірі прогрессивті қоғамдық саяси күштер де қолдайды – сарапшы

Белгілі сарапшы Меруерт Төлебаева кезектен тыс Президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдау жөніндегі халықтық коалицияның форум өткізуіне және коалицияның ерекшелігі мен қазіргі Президентті қолдауына қатысты пікірін айтты. 
"Бүгінгі күн саяси жаңалықтарға толы болуымен ерекшеленіп жатқан жайы бар.
Біріншіден, түске дейін барлық парламенттік партиялар алдағы Президент сайлауына бірауыздан Қ.Тоқаевтың кандидатурасын ұсынып үлгерді.
Екіншіден, билеуші партия Төрағасы Ерлан Қошанов прогрессивті қоғамдық-саяси күштерді Президентті қолдау үшін халықтық коалицияға бірігуге шақырды.
Жалпы, президенттік сайлау алдында партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың коалицияға бірігіп, ортақ бір кандидатты қолдауға шақыру әлемдік саяси тәжірибеде бар құбылыс. Сайлауалды коалиция – ұйымдық тәуелсіздігін сақтай отырып, ұсынған кандидат сайлауда жеңіске жеткен жағдайда бірлесе билік жүргізу немесе реформаларды жүзеге асыруға атсалысу ниетін ресми түрде мәлімдеген партиялар мен қоғамдық ұйымдар бірлестігі. Сайлау алдындағы мұндай коалицияның ең маңызды ерекшелігі – оның қатысушылары сайлауда ортақ, яғни ең лайықты кандидатқа жұмыс істейді. Әйтсе де, коалиция ерікті болғандықтан, олардың әрқайсысы кез келген уақытта одан шығуға қақылы.
Сонымен, түстен кейін Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдайтын халықтық коалицияның форумы өтті. Оған Президенттің өзі, «AMANAT», «Халық», «Ақ жол» партиялары және 20-дан астам республикалық қоғамдық ұйымның мүшелерін қосқанда 2 мыңнан астам адам қатысты.
Форумда Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне қолдау білдірген барлық қоғамдық ұйымдарға, азаматтық қоғам өкілдеріне алғыс білдіріп, коалицияда барлық әлеуметтік топтар қамтылғанын атап өтті.
Иә, елдегі жетекші саяси ұйымдардың Президент кандидатурасын қолдап, коалицияға бірігуі кездейсоқ емес, оның себебін ашық айтқан дұрыс деп ойлаймын.
Ең алдымен, барлық саяси күштердің Президенттің қазіргі бағыт-бағдарына ашық қолдау көрсетуі – ескі жүйеге сес көрсетіп, оның дәурені өткенін дәлелдеу, яғни Президент бастаған реформаларды бүкіл халық ғана емес, ірі прогрессивті қоғамдық саяси күштерде қолдайтынын көрсетіп, реваншистік күштерге толықтай соққы беру деп тұжырымдауға болады.
Екіншіден, Президент қысқа мерзімде конституциялық реформаны, «Қазақстан халқына» және «Ұлттық қор – балаларға» қорларын құрып, әкімшілік реформа сияқты тың істерді тындырып үлгерді.
Ол аз болса, «Әділетті Жаңа Қазақстан» құрамыз деп бүкілхалықтық бастама көтеріп отыр.
Үшіншіден, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтты біріктіретін жеті ұстанымды санамалап берді:
➢тәуелсіздік;
➢жердің тұтастығы;
➢мемлекеттік мүдде;
➢ рухани келісім;
➢ заңдылық;
➢ жасампаздық;
➢достық, мейірімділік пен жанашырлық. Мұның қайсысы маңызды емес дейсіз?
Сондықтан  барлық қазақстандықтарды осындай күрделі кезеңде дұрыс шешім мен таңдау жасауға шақырамын", – деп жазды ол әлеуметтік желіде.