Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Бесқарағай ауданына жасаған сапары барысында Ақкөл мешітіне бас сұқты. Көне мешіт Семей шаһарынан 30 шақырым жерде орналасқан. Оны 1905-1907 жылдары татар көпесі Сұлтан қажы Фазылбеков салдырған. Мешіт сібір-татар стилінде салынған. Башқұрт сәулетшілері тұрғызған мешітті «Ағаш сәулет өнерінің ескерткіші» деуге негіз бар. Тарихи нысанның ең басты ерекшелігі – оның бір шеге қақпай тұрғызылуы. Қарағайдан және басқа да бағалы ағаштардан қиып, мешіт үйінің шегесіз салынуы көп адамды таңырқататыны анық. Іргетасы қызыл кірпіштен он шақты қатар етіп қаланған. Мешіт былтыр жергілікті халықтың ұйымдасуы мен кәсіпкерлердің демеушілігі арқасында қайта жөндеуден өтті.