Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барды. Президент Қарағанды жұртшылығымен кездесуінде облыстың тыныс-тіршілігімен танысып, нақты мәселелерді талқылау үшін арнайы келгенін атап өтті. Сондай-ақ өңірдің тарихы мен оның ел руханиятында алатын орны туралы айтты.
– Қарағанды табиғи байлығымен ғана қазыналы аталмағаны анық. Сарыарқаның дәл жүрегінде орналасқан аймақтық тарихи, рухани қазынасы да орасан зор. Талай тарихи оқиғаның куәсі болған шежірелі аймақтан қазақтың көптеген біртуар тұлғасы шыққан. Қарағанды – Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков сияқты Алаш арыстары дүниеге келген қасиетті жер. Сондай-ақ Тәттімбет күй толғап, Мәди ән салған қазақ өнерінің киелі бесігі. Сәкен Сейфуллин, Ғабиден Мұстафин, Қасым Аманжолов сынды әдебиетіміздің алыптары да осы қастерлі топырақтан шыққан. Облыс аумағында тамаша табиғатымен көз тартатын жерлер көп. Қарқаралы мен Шайтанкөл, Бектау ата және Бұғылы-Тағылы таулары қашанда қазақтың құтты мекені саналған, – деді Мемлекет басшысы.Президент Қарағанды облысындағы тау-кен және металлургия өнеркәсібі еліміздің экономикалық әлеуетін дамытуда айрықша орын алатынын, мұнда республикадағы мыстың тең жартысы, көмірдің үштен бірі, болаттың 85 пайыздан астамы өндірілетінін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев биыл шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында өңдеу саласындағы инвестициялық жобалардың пулын жасақтау қажеттігіне баса мән бергенін еске салды. Президенттің айтуынша, қазіргі геосаяси ахуалға және әлемдегі экономикалық жағдайға байланысты отандық экономиканы әртараптандырудың маңызы одан сайын арта түсті. Осы ретте мемлекеттің міндеті – орта және жоғары деңгейдегі тауар өндірісін ұлғайтуға қолайлы жағдай жасау.
– Қарағандыдағы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы мен «Saran» индустриялық аймағында бірқатар ірі кәсіпорын іске қосылып, перспективасы мол өндіріс жобалары жүзеге асырылып жатыр. Олар шетелдік компаниялардың өндірісін көшіретін алаңға да айнала алады және айналуға тиіс. Ол үшін лайықты жағдай жасалуы керек. Үкіметке «Saran» индустриялық аймағының инфрақұрылымын қалыптастыруды 2023 жылы аяқтауды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Президент облыстың транзиттік-тасымал әлеуеті мен жол инфрақұрылымын дамыту мәселесіне арнайы тоқталды. Мемлекет басшысының сөзінше, аймақты дамытуға автокөлік жолдарының сапасы айрықша ықпал етеді. Қазір Орталық – Оңтүстік көлік дәлізі салынып жатыр. Балқаш қаласы арқылы өтетін жолдың құрылысы өте баяу жүріп, мерзімі қайта-қайта кейінге қалуда. Сол үшін Қ.Тоқаев Үкіметке «Қарағанды – Балқаш» және «Балқаш – Бурылбайтал» тас жолын келесі жылы салып бітіруді тапсырды. Сонымен бірге «Қарағанды – Жезқазған» күре жолы да аса маңызды. Ұзындығы 500 шақырымнан асатын жол жөнделсе, орталық өңірлерге барыс-келіс жақсарады. Жүк тасымалы көбейеді. Бұл Ұлытау облысын дамытуға зор септігін тигізеді. Екі облыстың инвестициялық және туристік мүмкіндігін арттырады. Президент осы жолды жөндеу жұмысына алдағы жылы дереу кірісу керегін ескертті. Сондай-ақ «Қарағанды – Қарқаралы» тас жолын жөндеуді тапсырды.
– Қарағанды сияқты индустриясы дамыған облыс үшін бұл – маңызды мәселе. Мысалы, тек 2022 жылы «АрселорМитталТеміртау» АҚ объектілерінде жұмысшылар қаза тапқан бірнеше оқиға тіркелді. Ірі компаниялар өндірісті жаңғыртуға әрдайым инвестиция құюы керек, – деді Мемлекет басшысы.Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің өндірістік қуатын ғана емес, аграрлық әлеуетін арттыру да аса маңызды екеніне назар аударды. Сондай-ақ соңғы бес жылда елімізде жылқы саны 2 есе өсіп, 4 миллионға жеткеніне тоқталды. Осы орайда Қарағанды облысы – көш басындағы аймақтардың бірі. Себебі бұл өңірде малды жазда өріске, қыста тебінге шығаратын жайылым көп.
– Менің тапсырмаммен ауыл шаруашылығы жерлеріне ғарыштан мониторинг жасалды. Республика бойынша игерілмей бос жатқан 20 миллионнан астам гектар жайылым жер анықталды. Оны мемлекет меншігіне қайтарумен айналысатын арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Қазірдің өзінде 4,2 миллион гектардан астам алқап қайтарылды. Соның ішінде 1,1 миллион гектар Қарағанды облысына тиесілі, – деді Президент.Мемлекет басшысы білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет инфрақұрылымын дамыту мәселесіне де назар аударды. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар азаматтардың тұрмысына тікелей әсер етеді. Ұрпақтың сапалы білім алуына баса мән беріліп отыр. Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынған. Ол бүкіл ел көлемінде жүзеге асырылып жатыр. Алдағы 3 жылда осы өңірдің өзінде 28 мыңнан аса балаға арналған жаңа мектептер салынатын болады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағандының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, қаланы одан әрі тұрақты дамыту үшін қосымша жылу көздері қажет екенін айтты. Осы ретте Үкіметке Қарағанды қаласының үшінші жылу желісінің құрылысына қажетті қаражатты шұғыл бөлуді тапсырды. Кездесу соңында Президент Қарағанды облысының бірқатар азаматтарын мемлекеттік наградалармен марапаттады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы автобус және коммерциялық техника өндіретін QazTehna зауытының жұмысымен танысты. Зауыт 2021 жылдан бері жолаушылар тасымалына арналған 347 автобус пен электробус құрастырып шығарған. Биыл жыл соңына дейін қоғамдық көлік желісін жаңарту бағдарламасы аясында өңірлерге 700-ден аса автобус пен электробус жеткізу жоспарланып отыр. Оның ішінде 208 автобус еліміздің тоғыз облысындағы білім беру ұйымдарына жіберілмек. Бұдан соң Президент тұрмыстық техника шығаратын Silk Road Electronics және көлік дөңгелегін өндіретін KamaTyresKZ зауытын аралады. Зауытты биыл жыл соңына дейін іске қосу жоспарланған. Кәсіпорын бастапқы кезде жеңіл және жеңіл жүк көліктеріне арналған дөңгелектер шығарады. Зауыттың жобалық қуаты жылына 3,5 миллион дөңгелек шығаруға есептелген. Ал құрылысы екі жылдан кейін аяқталуға тиіс Silk Road Electronics зауыты жыл сайын теледидар, электр сужылытқыш, шаңсорғыш, асүй плитасы мен желдеткіш секілді тұрмыстық техникаларды шығарады. Зауыттың болашақ өнімдері қойылған шағын көрмені аралап шыққаннан кейін Мемлекет басшысы зауыт басшылығымен әңгімелесті.