Қуатты өңірдегі шуақты жүздесу
Қуатты өңірдегі шуақты жүздесу
396
оқылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысына жұмыс сапарымен барып, өңір жұртшы­лығымен кездесті. Мемлекет бас­шысы бұл облыс Қазақстанның да­муында маңызды рөл атқара­ты­нын атап өтті.
– Бұл аймақты экономикамыздың энергетикалық жүрегі деуге болады. Жалпы, облыстың дамуы тұрақты. Соңғы 3 жылда Павлодардың жалпы өңірлік өнімі 28 пайызға өсіп, 3,9 млрд теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда және басқа да салалар қарқынды дамып келеді. Мұның бәрі жергілікті жұрт­тың тұрмысы жақсарып, әл-ауқаты­ның артуына тікелей ықпал етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Президент өңірдің басты басымдықтарына назар ау­дарды. Бірінші кезекте аймақтың индустриялық-инновациялық әле­уетін нығайту көзделген. Қа­сым-Жомарт Тоқаев мемлекет­тер­дің қар­қынды дамуы және тұрақты индустриялық өсім электр энер­гиясы жеткілікті көлемде болған жағдайда ғана мүмкін екенін айт­ты. Бүгінде халықаралық компа­ния­лар өз филиалдарын Қазақ­станға көптеп көшіре бастады. Бұл кәсіпорындар ауқымды ақпарат көздерімен жұмыс істейді және оларды сақтау мен өңдеу үшін айтарлықтай күш керек. Осыған байланысты Президент Цифрлық даму министрлігіне жыл соңына дейін Екібастұзда деректерді өң­деудің жаңа орталығын салу жө­нінде ұсыныс енгізуді тапсырды. Президент облыстың өнеркә­сіп­тік әлеуетін нығайтумен қатар шағын және орта бизнеске кешенді қолдау көрсету қажет деп санайды. Оның пікірінше, өңір кәсіпкерлері республикалық және тіпті әлемдік деңгейде сұранысқа ие жобаларды жүзеге асыра алады. Мемлекет бас­шысы экология мәселелерін ше­шу­ді Павлодар облысындағы екін­ші басым міндет ретінде атады. Сон­дай-ақ өнеркәсіптің дамуы эколо­гия­ға үлкен салмақ түсіре­тінін айт­ты. Бүгінде елде шыға­рылатын қал­дықтардың үштен бірі осы облысқа тиесілі. Бұл жыл сайын ша­мамен 700 мың тоннаны құрайды.
– Күнделікті жұмысы бүкіл елі­міздің индустриялық өсіміне арнал­ған аймақ тұрғындарын туған өл­кесіндегі қоршаған ортаның жай-күйі қатты алаңдатады. Эко­логия­лық жағдай – азаматтардың тұрмыс сапасының маңызды көр­сеткіші. Сон­дықтан өндірістік әле­уетті кү­шейту мен экологияны қорғау ара­сындағы тепе-теңдікті сақтау аса ма­ңызды. Естеріңізге сала кетейін, Қа­зақстан 2060 жылға қарай көмір­тегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі ұстанымын жариялады. Қазір осы маңызды мін­детті шешуге мүмкіндік беретін ұзақмерзімді стра­тегия әзірленіп жатыр. Қор­шаған ортаға келтірі­летін залалды едәуір төмендететін жаңа тәсілдер мен модельдерді өндіріске дәйекті түрде енгізу маңызды. Өңірдің төрт кәсіпорны озық технологияларды пайдалану үшін кешенді экология­лық рұқсат алды. Бұл шығарылатын қалдық­тарды 2030 жылға қарай 47 мың тоннаға төмендетеді деп болжанып отыр. Үкімет пен облыс әкімдігі қалған кәсіпорындардың осындай рұқсат алуын жеделдетуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы облыстағы суармалы жердің көлемін екі есе ұлғайтып, 300 мың гектарға дейін жеткізу керек деп санайды. Сон­дай-ақ Ертістің суын тиімді, үнемді пай­даланған жөн екенін жеткізді. Тағы бір маңызды мәселе – өңірдің инфра­құрылымын дамыту. Пре­зидент Үкіметке облыс орталығын айналып өтуге жол ашатын жаңа көпір салуды тапсырды. Сонымен қатар жолды күтіп ұстауға және қыс мезгілінде жолдарды тазалау жұ­мыстарына баса назар аудару қажет екенін айтты. Осы ретте Мемлекет басшысы Астана – Ерейментау – Шідерті» бағытында қар тазалай­тын техникаларды көбейту ма­ңызды екенін атап өтті. Үкіметке жыл со­ңы­на дейін «Павлодар – Астана» ба­ғытындағы тұрақты әуе қатынасын қалпына келтіру және жергілікті әуежайдың ұшу-қону жолағын жөн­деу мәселесін пы­сықтау тапсырылды.
– Жалпы, өңірдің инфра­құры­лымы едәуір инвестиция салуды қажет етеді. Мысалы, облыс орта­лы­ғындағы жылу желісінің 80 па­йызы тозған. Соның кесірінен тұр­ғындар қыстың көзі қырауда қайта-қайта жылусыз қалады. Екі­бас­тұз­дағы Жылу электр орталы­ғының жағдайы сын көтермейді. Қаланың жылу же­лісі әбден ескірген. Елі­міз­дегі барлық электр қуатының төр­т­тен бірін Екібастұз өндіреді. Соған қарамастан қыс келген сайын қалаға жылусыз қалу қатері төнеді. Бұл – еш қисынға келмейтін жағдай. Пав­лодардағы бірінші Жылу электр орталығы мен Екібастұздағы Жылу электр ор­та­лығын кезең-кезеңімен жаңғырту керек, – деді Мемлекет басшысы.
Кездесу соңында Президент Павлодар облысының тұрғын­да­рына мемлекеттік наградалар та­быс етті. Бұдан соң Мемлекет бас­шысы 85 жыл бұрын іргесі қаланған Абай атындағы дарынды балаларға ар­налған гимназияға барды. Оқушы­лар мектеп кітап­ханасында Мем­лекет басшысына Рамазан Тоқта­ровтың шығарма­шылығы бойынша «Оқуға құштар мектеп» жобасын таныстырып, жазушының «Ертіс мұхитқа құяды» атты кітабын сыйға тартты. Содан кейін Президент республикалық және халықаралық пән олипиада­ларының жеңім­паз­дары мен жүл­дегерлерін дайын­да­ған Павло­дар облысының педагог­терімен әңгімелесті. Тоқаев Сонымен қатар Қ.Тоқаев Пав­лодар алюминий зауытын аралап, қызметімен танысты. Бұл жерде бас­тапқы алюминийден бастап алю­миний радиаторларына және авто­мобиль дискілеріне де­йінгі түрлі өнім қамтылған. «Қазақ­стан алю­минийі» АҚ 8 мыңға жуық адамды және олардың отбасын тұрақты жұ­мыспен қамтамасыз етіп, олар­дың әлеуметтік жағда­йына көңіл бөліп отыр. Бұдан кейін Еуразиялық топ­тың басқарма төрағасы Серік Ша­ха­жанов Қасым-Жомарт Тоқаевқа ERG өнеркәсіптік кәсіпорын­да­рының шығаратын қалдықтарын кезең-кезеңмен қысқартуды көз­дейтін Экологиялық стратегияның жүзеге асырылуы жөнінде айтты. 2030 жылға дейін қатты қалдық­тардың көлемін 50 мың тоннаға (57 пайызға) азайту жоспарланып отыр. Сондай-ақ Еуразиялық топ алдағы 3 жылда 420 мың ағаш егуді жоспар­лап отыр. Оның жартысынан көбі Павлодар облысында егіледі. Со­нымен қатар компания Қостанай облысында болған өрттен кейінгі орман алқабын қалпына келтіруге қосымша 1 миллиард теңге бөлді. «Қазақстан алюминийі» АҚ еңбек ұжымымен емен-жарқын әңгі­ме­лескен Қасым-Жомарт Тоқаев акцио­нерлердің барлық әлеуметтік мін­деттемесін орындауының ма­ңыз­ды екенін атап өтті.