Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысына жұмыс сапарымен барып, өңір жұртшылығымен кездесті. Мемлекет басшысы бұл облыс Қазақстанның дамуында маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
– Бұл аймақты экономикамыздың энергетикалық жүрегі деуге болады. Жалпы, облыстың дамуы тұрақты. Соңғы 3 жылда Павлодардың жалпы өңірлік өнімі 28 пайызға өсіп, 3,9 млрд теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда және басқа да салалар қарқынды дамып келеді. Мұның бәрі жергілікті жұрттың тұрмысы жақсарып, әл-ауқатының артуына тікелей ықпал етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Осы орайда Президент өңірдің басты басымдықтарына назар аударды. Бірінші кезекте аймақтың индустриялық-инновациялық әлеуетін нығайту көзделген. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттердің қарқынды дамуы және тұрақты индустриялық өсім электр энергиясы жеткілікті көлемде болған жағдайда ғана мүмкін екенін айтты. Бүгінде халықаралық компаниялар өз филиалдарын Қазақстанға көптеп көшіре бастады. Бұл кәсіпорындар ауқымды ақпарат көздерімен жұмыс істейді және оларды сақтау мен өңдеу үшін айтарлықтай күш керек. Осыған байланысты Президент Цифрлық даму министрлігіне жыл соңына дейін Екібастұзда деректерді өңдеудің жаңа орталығын салу жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырды. Президент облыстың өнеркәсіптік әлеуетін нығайтумен қатар шағын және орта бизнеске кешенді қолдау көрсету қажет деп санайды. Оның пікірінше, өңір кәсіпкерлері республикалық және тіпті әлемдік деңгейде сұранысқа ие жобаларды жүзеге асыра алады. Мемлекет басшысы экология мәселелерін шешуді Павлодар облысындағы екінші басым міндет ретінде атады. Сондай-ақ өнеркәсіптің дамуы экологияға үлкен салмақ түсіретінін айтты. Бүгінде елде шығарылатын қалдықтардың үштен бірі осы облысқа тиесілі. Бұл жыл сайын шамамен 700 мың тоннаны құрайды.
– Күнделікті жұмысы бүкіл еліміздің индустриялық өсіміне арналған аймақ тұрғындарын туған өлкесіндегі қоршаған ортаның жай-күйі қатты алаңдатады. Экологиялық жағдай – азаматтардың тұрмыс сапасының маңызды көрсеткіші. Сондықтан өндірістік әлеуетті күшейту мен экологияны қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтау аса маңызды. Естеріңізге сала кетейін, Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі ұстанымын жариялады. Қазір осы маңызды міндетті шешуге мүмкіндік беретін ұзақмерзімді стратегия әзірленіп жатыр. Қоршаған ортаға келтірілетін залалды едәуір төмендететін жаңа тәсілдер мен модельдерді өндіріске дәйекті түрде енгізу маңызды. Өңірдің төрт кәсіпорны озық технологияларды пайдалану үшін кешенді экологиялық рұқсат алды. Бұл шығарылатын қалдықтарды 2030 жылға қарай 47 мың тоннаға төмендетеді деп болжанып отыр. Үкімет пен облыс әкімдігі қалған кәсіпорындардың осындай рұқсат алуын жеделдетуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Мемлекет басшысы облыстағы суармалы жердің көлемін екі есе ұлғайтып, 300 мың гектарға дейін жеткізу керек деп санайды. Сондай-ақ Ертістің суын тиімді, үнемді пайдаланған жөн екенін жеткізді. Тағы бір маңызды мәселе – өңірдің инфрақұрылымын дамыту. Президент Үкіметке облыс орталығын айналып өтуге жол ашатын жаңа көпір салуды тапсырды. Сонымен қатар жолды күтіп ұстауға және қыс мезгілінде жолдарды тазалау жұмыстарына баса назар аудару қажет екенін айтты. Осы ретте Мемлекет басшысы Астана – Ерейментау – Шідерті» бағытында қар тазалайтын техникаларды көбейту маңызды екенін атап өтті. Үкіметке жыл соңына дейін «Павлодар – Астана» бағытындағы тұрақты әуе қатынасын қалпына келтіру және жергілікті әуежайдың ұшу-қону жолағын жөндеу мәселесін пысықтау тапсырылды.
– Жалпы, өңірдің инфрақұрылымы едәуір инвестиция салуды қажет етеді. Мысалы, облыс орталығындағы жылу желісінің 80 пайызы тозған. Соның кесірінен тұрғындар қыстың көзі қырауда қайта-қайта жылусыз қалады. Екібастұздағы Жылу электр орталығының жағдайы сын көтермейді. Қаланың жылу желісі әбден ескірген. Еліміздегі барлық электр қуатының төрттен бірін Екібастұз өндіреді. Соған қарамастан қыс келген сайын қалаға жылусыз қалу қатері төнеді. Бұл – еш қисынға келмейтін жағдай. Павлодардағы бірінші Жылу электр орталығы мен Екібастұздағы Жылу электр орталығын кезең-кезеңімен жаңғырту керек, – деді Мемлекет басшысы.Кездесу соңында Президент Павлодар облысының тұрғындарына мемлекеттік наградалар табыс етті. Бұдан соң Мемлекет басшысы 85 жыл бұрын іргесі қаланған Абай атындағы дарынды балаларға арналған гимназияға барды. Оқушылар мектеп кітапханасында Мемлекет басшысына Рамазан Тоқтаровтың шығармашылығы бойынша «Оқуға құштар мектеп» жобасын таныстырып, жазушының «Ертіс мұхитқа құяды» атты кітабын сыйға тартты. Содан кейін Президент республикалық және халықаралық пән олипиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындаған Павлодар облысының педагогтерімен әңгімелесті.