Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі халықтық коалицияның форумы өтті. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, еліміздің саяси, әлеуметтік, құқықтық және басқа да маңызды жүйелерін түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформа жүргізілгенін атап өтті. Бұл реформалар халықтың тұрмысын түзеуге, адам құқығын толық қорғауға, демократиялық үдерістерді жедел жүргізуге бағытталған. Бір сөзбен айтқанда, барлығы халық үшін жасалуда әрі мемлекеттілікті нығайтуға арналды.
«Көп жұмыс атқарылды, бірақ бұл – күрделі жолдың басы ғана. Сондықтан біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа алып, әділ қоғам құруға кірістік. Саяси реформаның төрт топтамасын жүзеге асырдық. Билік пен қоғамның диалогын нығайту үшін ата дәстүрімен Ұлттық құрылтай шақырылды. Оның жұмысына түрлі сала өкілдері белсене қатысты. Әлемді жайлаған коронавирус індетіне бірге қарсы тұрдық. Қасіретті қаңтар кезіндегі зор сынақты тұтас ел болып еңсердік. Биыл Конституцияға өте маңызды өзгерістер енгіздік. Еліміз үшін жарқын келешекке жол аштық. Яғни, қысқа уақытта орасан зор жұмысты бірге атқардық деп сеніммен айтуға болады. Бірақ әлі де ауқымды жұмыс атқаруымыз керек, бағындыратын белестеріміз алда. Қандай қиын болса да, бәріміз бірге оны міндетті түрде абыроймен атқарамыз. Ортақ мақсатқа жетеміз!» – деді Президент.
«Келесі жылдан бастап Мәжіліс пен мәслихаттар аралас жүйе бойынша сайланады. Билік тармақтары арасында тепе-теңдік орнату үшін шаралар қабылданды. Президенттің бірқатар өкілеттігі Парламентке берілді. Өңір басшылары баламалы жолмен таңдалатын болды. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәсілі қолданыла бастады. Саяси партияларға жағдай жасау үшін заңдарға өзгеріс енгізілді. Әйелдерге және жастарға саясат саласында жеңілдіктер берілді. Мүмкіндігі шектеулі жандар да тыс қалмады. «Ашық азаматтық қоғамның іргесін қаладық деп күмәнсіз айтуға болады. Қазіргі ақпарат, интернет дәуірінде саяси дамудың басқа балама жолы жоқ», – деп атап өтті Қ.Тоқаев.Халықтың көңілінен шыққан тағы бір бастама – Президенттің өкілеттігін 7 жылдық бір мерзіммен шектеу.
«Мен осы шешім туралы көп ойландым. Бір адамның ұзақ уақыт билікте болуы дұрыс емес деген тұжырымға келдім. Мемлекеттің тірегі – жалғыз Президент емес, бүкіл халық. Сондықтан ел басқаруға жаңа буын өкілдерінің келуі өте маңызды. Біз ұлт мүддесін қорғайтын және халыққа адал қызмет ететін азаматтарға жол ашуымыз керек. Нағыз мемлекетшіл, отаншыл, білікті тұлғалар жұртты жасампаз істерге жұмылдырып, Қазақстанды өркендете алады. Осы ұстаным мызғымас қағидатымыз болуға тиіс», – деді Президент.Ел дамуына кедергі келтіріп отырған кеселдің бірі – сыбайлас жемқорлық. Онымен күресу – баршамызға ортақ міндет. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл бағытта соңғы үш жылда біраз шаруа атқарылды. Мысалы, осындай қылмысы үшін сотталғандарды мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға тыйым салынды. Бұдан былай олардан қайтарылған қаражат мектеп салуға жұмсалады. Жемқорлықпен күрес тиімді болу үшін мемлекеттік сатып алу жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Сондай-ақ құзырлы орган басшыларының жауапкершілігі артты. Бір сөзбен айтқанда, жемқорлықпен күрес ешқашан тоқтамайды, жалғаса бермек. Қ.Тоқаев қоғамда заңдылық пен тәртіптің қатаң сақталуына баса мән беретінін айтты. Осы ретте, тұрмыстық зорлық-зомбылық, адам және есірткі саудасы үшін жаза күшейтілді. Браконьерлікке қарсы заң қатайды. Табиғатты қорғау жұмысы мемлекеттік деңгейге көтерілді. «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша тәртіп сақшыларының қызметін реформалау басталды.
«Біріншісі. Тәуелсіздік бәрінен қымбат. Мен былтыр осы тұжырым туралы арнайы мақала жарияладым. Біз егемендігімізді сақтай алсақ қана, ұлт болып, ел болып тұра аламыз. Тәуелсіз мемлекет қана өзінің тілін, жерін, дінін, ділін сақтап қалады. Сондықтан Тәуелсіздік – біз үшін ең басты құндылық. Тәуелсіздікті қорғау және нығайту – әрбір азаматқа, бәрімізге ортақ міндет! Тағы да қайталап айтамын. Дамыған, өркениетті ел боламыз десек, еңбекті ең басты орынға қоюымыз керек. Еңбекқорлық – өскелең ұрпақтың бойына сіңген қасиет болуға тиіс. Бұл қасиет біздің өмір салтымызға айналуы керек. Масылдық ниеттен, бос сөзден арылуымыз қажет. Тәуелсіздікті нығайтуға нақты іспен үлес қосу – әр азаматтың перзенттік парызы. Еңбек адамы біздің қоғамда қашанда құрметке ие болады. Себебі, еңбекқор адам өз сөзін әрдайым іспен дәлелдей алады», – деді Қ.Тоқаев.Президент екінші қағида ретінде елдіктің негізін – жеріміздің тұтастығын атап өтті. Бабаларымыз ұрпағына ұлан-ғайыр жерді мирас етті. Біз оның бір уыс топырағына дейін қастерлеп, атамекенімізді қорғай білуіміз керек. Үшінші. Мемлекет мүддесі – қастерлі құндылық. Мемлекет басшысының айтуынша, ауылдан Ақордаға дейінгі шешімнің бәрі осы тұрғыдан қабылдануы қажет. Бір сөзбен айтсақ, әр істе мемлекеттік ұстаным болуы керек: «Мемлекет мүддесі дегеніміз – халықтың мүддесі. Сондықтан барлық шешімдер, жобалар, заңдар мен жарғылар ел мүддесін қорғауға арналады. Туған елге жанашырлық әр азаматқа тән қасиет болуға тиіс».
«Төртінші. Рухани үндестік – бірліктің бастауы. Төл тарихымыз, ана тіліміз бен ата дініміз – елді біріктіретін бірегей құндылықтар. Оны дау-дамайға айналдыруға болмайды. Жұртты адастырып, теріс жолға салудан сақтанған жөн. Қазақстанда түрлі этнос өкілдері өмір сүріп жатыр. Олардың мақсаты – бір, болашаққа деген көзқарасы – ортақ. Бәріміз – бір елдің азаматтарымыз. «Әралуандық арқылы – бірлікке» қағидаты ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Біз этносаралық татулықты сақтай білуіміз керек. «Қазақстан азаматы» деген ұғым жалпыұлттық бірегейліктің өзегі болуы қажет. Сонда біртұтас ұлт ретінде келешекке сеніммен қадам басамыз», – деді Президент.
«Алтыншы. Жасампаздық – жаңару мен жаңғыру жолы. Біздің басты мақсатымыз – Отанымызды өркендету, мемлекетімізді дамыту. Озық білім мен қажырлы еңбек қана елді табысқа жеткізеді. Бәсекеге қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Қазір ғылым экономиканы жедел алға жетелейтін алып индустрияға айналды. Қазақстан жаһандық экономикадағы үрдістерден сай болуға тиіс. Бізге де осы ғылыми-технологиялық жаңашылдықты әкеліп, өндіріске қосатын жаңа әрі білікті мамандар керек. Біз оларға қажет жағдайдың барлығын жасаймыз. Себебі, адам капиталы ең құнды байлығымыз. Мұны уақыт және тәжірибе дәлелдеді. Осылайша, Қазақстан инновацияның, жаңа технологияның, тың идеялардың, ауқымды капиталдың орталығы болуға зор мүмкіндігі бар», – деп атап өтті Президент. Жетінші қағида – достық пейіл, мейірімділік және жанашырлық. «Қазақта «Сыйлассаң – сыйлы боларсың» деген сөз бар. Ағайынның татулығы мен жанашырлығы – ел бірлігінің түп қазығы. Елдің тұтастығы қарапайым адамдардың өзара түсіністігінен басталады. Халқымыз бәрін де ақыл-парасатпен шешкен. Бұл дәстүрді ұмытпауымыз керек. Аға буын осы игі дәстүрді насихаттауы қажет. Жалпы, ортақ жетістіктер ұлттың мерейін өсіреді. Біз бір-бірімізге қашанда тілектес болуымыз қажет. Талапты, дарынды азаматтарды қолдай білуіміз керек. Әр отандасымыздың табысына қуанып, қиындықтарды бірге еңсеруге тиіспіз. Халқымыз «Ұйымдасқан ұтады» деп бекер айтпаған. Бірлігімізді бекемдей білсек, елдігімізді сақтап қаламыз. Сонда ғана Әділетті Қазақстанды құрамыз», – деді Мемлекет басшысы.Сөз соңында Президент демократия, заң үстемдігі және теңдік қағидаттары сақталатын мықты мемлекет болатынымызды тілге тиек етті.
«Бұл біздің қолымыздан келеді. Себебі, айқын мақсатымыз, нақты бағдарымыз бар. Жасампаз және отаншыл халқымыз бар. Тәуелсіз елдің ойы еркін, рухы азат ұрпағы өсіп келеді. Біз түбегейлі өзгерістің бәрін өскелең ұрпақтың болашағы үшін жасап жатырмыз. Баршаңызды елімізді бірге көркейтуге шақырамын! Өйткені, біздің Отанымыз – бір, мемлекетіміз – бір, халқымыз – бір. Қасиетті Отанымыз – Қазақстанымыз жасай берсін!», – деп түйді Қасым-Жомарт Кемелұлы.«Қабаттасып шаппай, қанаттасып қолдайық!» Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі халықтық коалицияның форумына «АМАNAT», «Ақ жол», Қазақстан Халық партиясы сынды саяси партиялардың және 30-дан астам республикалық қоғамдық ұйымның екі мыңнан астам өкілі қатысты. Жиынды ашқан партия Төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының стратегиялық бағдарын қолдайтынын және оның реформаларын әрі қарай ілгерілетуге күш салатынын жеткізді.
«Бүгін халықтық коалиция Президенттікке Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынады! Бұл таңдау – еліміздің шынайы патриоттарының, Қазақстанның болашағына бей-жай қарамайтын миллиондаған азаматтардың таңдауы! Ең бастысы, Сайлау қарсаңында жетекші саяси күштердің ортақ мақсат жолында жұдырықтай жұмылуы елді жігерлендіреді», – деді Ерлан Қошанов.Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау арқылы болашақты таңдаймыз –Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров Мемлекет басшысын, оның бастамаларымен жүзеге асып жатқан барлық реформаларды қолдайтынын айтты. Себебі ол мемлекетіміздің бүгінгі және ертеңгі өмірі үшін аса маңызды.
«Мен бүгін осы сөзді айтып, ортаға шықпас бұрын көп ойландым, көп толғандым. Президентіміз – бізді болашаққа бастауға әбден лайық тұлға. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ниеті де, саяси позициясы да тәуелсіз Қазақстанды нығайтуды көздейді. Үлкен істің алдында тұрған азаматымызға тірек болайық, ағайын. Барлықтарыңызды қолда бар алтынымызды бағалап, Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау білдіруге шақырамын!», – деді Халық Қаһарманы.
«Қасіретті басталған жылды қасиетті істерге жалғастырып, жақсылыққа ұластырып алып кету елге, сіз бен бізге байланысты. Біз әртүрлі саяси ұйымның өкілі болсақ та, біздің бағытымыз бен мақсаттарымыз, арман-тілектеріміз бір. Өйткені, біздің қасиетті қара шаңырағымыз бір. Бізге керегі ең алдымен елдің амандығы – тәуелсіз Қазақ мемлекетінің тұтастығын сақтау! Сондықтан қабаттасып шаппай, қанаттасып қолдайық! Біз ақжолдықтар бірауыздан Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Президенттігіне лайықты кандидат деп есептеп, қолдаймыз!», – деп атап өтті Қазыбек Иса.Парламент Мәжілісіндегі Қазақстан Халық партиясының депутаты Ирина Смирнова да Мемлекет басшысының кандидатурасын қолдады.
«Қазақстан Халық партиясының ұраны – «Халық. Жер. Әділдік». Біздің осы басымдықтар Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларынан көрініс тапты. Біз Жаңа Қазақстанды бірге құруға кірістік. Қазақстан Халық партиясы әлеуметтік тең қоғам құру стратегиясына адал болып қала береді. Біздің ел Президентімен жолымыз бір. Өйткені, Қазақстан Халық партиясы халықтық экономикаға, халықтық билік пен парламентке дауыс береді», – деді депутат.Біздің елімізде бүкіл әлемге әйгілі болған дарынды жастар баршылық. Әлем жаңа тұлғаларды іздеуде. «Q88 Қазақстан урбанистері ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Алина Абдрахманова Қазақстанның инновациялар еліне айналуы мүмкіндігі жоғары екенін алға тартты.
«Қазірдің өзінде мұнда Тik-Тok және Вinance сияқты компаниялар аймақтық кеңселерін ашуда. Біздің қазақстандық компаниялар тәжірибе ретінде әлемнің жетекші бизнес мектептерінде зерттеліп жатыр. Бұл – көптен бері Қазақстанның басты байлығы оның табиғи ресурстарында емес, адами капиталында екендігінің тікелей дәлелі. Жастардың Президентімізге деген сенімі зор, сонымен бірге үміті де көп. Мен барлық жастың мүмкіндіктері тең елде өмір сүрсем деймін. Яғни, Қазақстаннан кетпей өз қабілетімізді пайдаланып, табандылық танытып, өз жолымызды тапқымыз келеді. Біз – Өзіңіз бастаған реформалардың сәтті жүзеге асуына сенеміз әрі зор үміт артамыз! Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз!», – деді жас кәсіпкер.Президент іс-шараға қатысушыларға қолдау көрсетіп, сенім артқаны үшін ризашылығын білдірді. Форум соңында Қасым-Жомарт Тоқаев халықтық коалицияның ұсынысын қабылдап, ҚР Президенті лауазымына кандидат ретінде ұсынуға келісімін берді.