Астанада «AMANAT»-тың кезектен тыс XXIV съезі өтті. Шараға Саяси кеңес мүшелері, депутаттар, мемлекеттік органдардың басшылары, ғылыми қауымдастық пен мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері, сарапшылар қатысты. Сондай-ақ «AMANAT»-тың басты саяси іс-шарасына барлық облыс пен Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 1200 партиялық жиналды, оның 700-і – еліміздің түкпір-түкпірінен келген делегаттар. Съездің күн тәртібіне сәйкес, бірінші кезекте алдағы Президент сайлауына партиядан кандидат ұсыну мәселесі қаралды. «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов партия атынан Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды.
«Қазіргі әлемдегі күрделі жағдайда, алмағайып уақытта бізге ең әуелі мемлекеттік жауапкершілікті терең сезінетін тегеурінді тұлға керек. Біз өткенге кері қайтпауымыз қажет. Ауқымды өзгерістер өзінің заңды жалғасын табуы тиіс. Ал мемлекет алдында тұрған ұлы мақсат-мұраттарға қол жеткізу үшін бізге лайықты көшбасшы керек. Сондықтан президенттікке үміткер ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ұсынамын!» – деді партия Төрағасы.Іс-шарада бірқатар делегат сөз сөйлеп, күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір білдірді. Қазақстанның Еңбек ері, ұстаз Аягүл Миразова Президент реформаларының бағытын қолдай отырып, қоғамда бейбітшілік пен келісім сақтау қажеттігін атап өтті.
«Мемлекет тізгінін ішкі, сыртқы саясатта мол тәжірибесі бар, еліміздің өткенін, бүгінін, халықтың жағдайын терең білетін тәжірибелі тұлға ұстағаны абзал. Ол – біздің Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев! Ұстаз, ана, әже ретінде өздеріңізге ақылымды қосып, бағыт-бағдар беру – парызым», – деді А.Миразова.
«Барлық өңірде әмбебап спорт кешендер салынды, аулаларға, қоғамдық орындарға жаттығу жабдықтары мен құрылғылар қойылған. Осы мүмкіндіктерді орынды пайдаланып, дені сау, мықты ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Бәрімізге ортақ жалғыз ғана Отанымыз, мемлекетіміз бар. Бізді ортақ мақсаттар мен құндылықтар біріктіреді. Елімізді қиын кезеңде тастамай, біріктіріп алып шыққан қажырлы еңбегін бағалап, болашаққа бағытталған тың бастамалары мен халықтың мүддесіне арналған жоспарына сенім артып, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты бір кісідей қолдауға шақырамын!» – деді Дәулет Болатұлы.Айтыскер ақын, партияның Саяси кеңесінің мүшесі Бекарыс Шойбековтің айтуынша, ең қиын кезеңдерде Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым халықпен бірге түйткілді мәселелердің шешу жолдарын таба білді. Бұған Арыс, Мақтаарал, Қаңтар оқиғасы, Қостанай мысал бола алады.
«Партиямыздың бүгінгі съезінде күрделі кезеңнің өткір мәселелері кеңінен талқыланды. Оның ішінде сыртқы қауіптердің алдын алу шаралары да бар. Мемлекет басшысы Түркістанда сөйлеген сөзінде «Біз үшін ең маңыздысы – халықтың аумақтық тұтастығы мен әл-ауқаты» деген еді. Осыған қатты мән беруіміз керек. Біз еліміздің жарқын болашағы үшін аса маңызды саяси науқанды өткізгелі отырмыз. Олай болса «AMANAT» партиясы ұсынған кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы бастаған реформаларды бірігіп жүзеге асыруға ат салысайық», – деп атап өтті Бекарыс Шойбеков.Бұдан кейін, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Аят Сүгірбай сөз сөйледі. «Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігінің директоры, қоғам белсендісі Президент қолға алған өзгерістер заң үстемдігіне негізделген демократиялық қоғамды қалыптастыруға бағытталғанын айтты.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс сайлау өткізіп, Президенттік мандатты 7 жылдық бір мерзіммен шектеу туралы ұсынысы елдің көңілінен шықты. Халық Мемлекет басшысының өзі бастаған өзгерістерді аяғына дейін жеткізуін қалап отыр. Ата Заңымызда жер мен табиғи ресурстардың нағыз иесі халық екені тайға таңба басқандай белгіленді. Біздің партиямыз осы бастаманы нақты жүзеге асыруға кірісіп те кетті. Қазір «Жер аманаты» комиссиясы құрылып, барлық өңірлерде жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Бір ғана Маңғыстау облысының өзінде 240 мың гектардан астам жайылымды жер қайтарылып, халық иелігіне берілді. Қарапайым азаматтар мемлекетте тәртіптің болғанын, әрбір адамның құқы қорғалғанын, отбасының жайлы тұрмысын, лайықты жалақы мен тұрақты жұмыс орындарының ашылғанын қалайды. Алдағы жылдары осы өткір мәселелердің түбегейлі шешімін табатынына күмәніміз жоқ», – деді ол. «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев мемлекет үшін осындай жауапты сәтте жастар белсенді азаматтық ұстаным танытуы тиіс екеніне сенімді. Оның айтуынша, бүгінгі «Жастар Рухы» – Мемлекет басшысының саяси жаңғыру бағдарын, стратегиялық жоспарларын терең түсінетін, 100 мың жастың ақыл-ойын тоғыстырып отырған беделді ұйым. «Алда өтетін Президенттің кезектен тыс сайлауын – саяси реформалардың жүйелі жалғасы әрі қазіргідей күрделі тұста айқындықты анықтап, шешімімізді өз уақытында әлемге жариялау деп түсінеміз», – дейді жастар қанатының төрағасы.Пікір алмасып, дауыс беру рәсімінен кейін кезектен тыс XXIV съездің шешімімен «AMANAT» партиясы президенттікке Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды.
«Бүгінгі съезді тарихи деп айтуға толық негіз бар. Біз партияның жаңа Саяси тұғырнамасын қабылдадық. Тұғырнаманың басты қағидасы – Адам, Қоғам және Мемлекет. Ондағы принциптер Президентіміздің саяси реформаларымен үндес. Партия алдағы қызметінде осы ұстанымдарды басшылыққа алады», – деді Ерлан Қошанов.Саяси тұғырнаманы әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, «AMANAT» партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Айдос Сарым бұл құжатта партия Қазақстанның болашағы туралы идеясын айқын көрсетіп, өзінің ниеті мен мақсаттарын белгілегенін айтты.
«Жаңа Саяси платформа – бұл жалпыпартиялық құжат. Платформаны дайындау барысында іс жүзінде әр дауыс пен көзқарас құнды дейтін плюрализм принциптеріне адалдығымызды дәлелдедік. Платформа жобасын кеңінен талқылауды ұйымдастыра алдық. 2022 жылдың сәуірі мен қыркүйегі аралығында барлығы 1000-нан астам бастама мен ұсыныс түсті, 40 мыңнан астам партиялықтың қатысуымен әлеуметтік сауалнама жүргізілді. Жұмыс тобының мүшелері құжат дайындау барысында зерттеу нәтижелерін, сондай-ақ партиялықтардың ұсынысы мен талап-тілегін толыққанды ескерді. Тұғырнама қоғамның әртүрлі топтарының көзқарасы мен мүддесін көрсетеді», – деді Мәжіліс депутаты.Партияның Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Әсем Рахметованың айтуынша, ауыл елдің алтын бесігі болса, ауыл шаруашылығы – Қазақстан экономикасының күре тамыры.
«Біздің қоғам демократиялық қағидаттарға құрылуы тиіс, пікір әралуандығы мен сөз бостандығын қорғау керек. Солай бола тұра, ұлттық ақпараттық кеңістікті сыртқы және ішкі қатерлерден қорғау маңызды. Осы қағидат тұғырнаманы талқылау барысында жүзеге асырылды. Саяси тұғырнамада көкейкесті мәселелер мен оларды шешу жолдары көрсетілген. Осы орайда біздің қоғамдық қабылдаулардың жұмысын мысалға келтіруге болады. Оның жұмысының арқасында партия филиалы әрдайым солтүстікқазақстандықтардың қиындықтары мен түйткілді мәселелерінен хабардар. Өкілетті органдармен тығыз қарым-қатынас орнатылғандықтан, түрлі проблемалар жылдам шешіледі. Саяси тұғырнама қоғамдық қабылдаулардың жұмысын күшейте түседі», – деді Әсем Рахметова.М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, партия Саяси кеңесінің мүшесі Нұрлан Серғалиев құжатта білім мен ғылым ерекше орын алатынын атап өтті.
«Жаңа Саяси платформаның басым бағыттарының бірі – білім және ғылымды дамыту. Бүгінгі қарқынды даму үстіндегі заманауи қоғамда бұл екі сала тұралап қалмауы тиіс, үнемі дамып отыруы үшін кешенді әрі жүйелі өзгерістер қажет. Алдымен, ой-өрісі терең, таным-көкжиегі кең, креативті идеяларға бай білімді, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды тәрбиелейтін нақты һәм айқын мақсат болуы шарт әрі сол мақсатқа жетейлейтін жүйелі өзгерістер керек», – деді ректор.Ал белгілі саясаттанушы, партия Саяси кеңесінің мүшесі Марат Шибұтовтың пікірінше, партияның ескі платформасын жаңасымен салыстыра отырып, бірнеше маңызды айырмашылықтарды атап өтуге болады.
«Ескі құжатта азаматтардың мүддесін қорғайтын құндылықтар мен идеялар айтылды, десек те, онда адамның әл-ауқаты құжатты жүзеге асырудың басым бағыты бола алған жоқ. Ал жаңа Саяси платформа «Адам – бұл мемлекеттің басты байлығы» идеясына негізделген. Бұл тәсіл «жаңа әділ Қазақстан» құру идеясына сәйкес келеді. Партия халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидатын нақты ұстанады, бұл ұстанымы құжатта да айқын көрсетілді», – деп атап өтті М.Шибұтов.