Жылыту маусымына тастүйін дайын
Жылыту маусымына тастүйін дайын
395
оқылды
Еліміздің түкпір-түкпірінде қыс­қы жылыту маусымына да­йын­дық жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Батыс Қазақ­стан облысы да бұл жұмыс­қа белсене кірісіп кеткен. Жақын­да облыс әкімі Ғали Есқалиев жылы­ту маусымына дайындық­пен танысты. Өңір басшысы алдымен «Батыс су арнасы» ЖШС-ның базасында болып, кәсіпорын басшысының есебін тыңдады. Серіктестік директоры Әнуар Аркеновтың айтуынша, уақытша өтемдік тарифтің енгізілуіне байланысты кәсіпорынның қаржылық-экономикалық жағдайы на­шар­лаған. Сәйкесінше кредиторлық берешегі күн сайын артып келеді. Бүгінде кәсіпорынның кредиторлық берешегі – 1,2 млрд теңге. Оның ішінде салық төлеміне – 596,8 млн теңге, жабдықтаушы­ларға кредиторлық берешегі – 627,5 млн теңге. Алайда еңбекақы бойынша қарызы жоқ. Кейінгі 2-3 жылдан бері тұрғындар бұл кәсіпорынға 149 млн теңге қарыз. Кәсіпорын директоры аталған мәселені шешу үшін кәсіпорынның шығынсыз тарифін бекіту қажет. Себебі тариф тиімсіз болғандықтан, компанияның кірісі шы­ғын­дарды өтей алмайды. Соңғы екі жыл­дың көрсеткішін сараласақ, 2020 жылы кәсіпорынның кірісі – 2 316 млн теңге, шығыны 2 884 млн теңге болған. Былтыр ЖШС 2 010 млн теңге табыс тапқанымен, шығын көлемі 3 069 млн теңгеге жеткен. Кәсіпорын басшылығы БҚО-ын әлеу­меттік-экономикалық дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында 55 шақырым қалалық су құбыры желілерін (28,8 млрд теңге) және 29,7 ша­қырым қалалық кәріз желілерін (40 млрд теңге) қайта жаңарту және жөндеуді жос­пар­лауда. Барлық жоба республикалық және жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады. Өңір басшысы жағдаймен толық танысып, төлем жүйесіндегі ашықтық, тарифке қатысты түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру, қызметкерлердің қауіпсіз­дігін сақтау бойынша тапсырмалар берді. Ал «Жайықжылуқуат» АҚ қаладағы 1 664 нысанға жылу береді. Кәсіпорын өткен 8 айда 680 мың Гкал жылу энергиясын және 196 млн кВтс электр энергиясын өндірген. Жайық өзенінен 13 млн текше метр су алыпты. Сондай-ақ 589 мың Гкал жылу энергиясын және 154 млн кВтс электр энергиясын сатқан. Аталмыш кәсіп­орынның директоры Қуат Мусиннің баян­дауынша, 27 қыркүйектегі жағдай бойынша кәсіпорынның дебиторлық алашағы – 565 млн теңге. Оның ішінде жылу энергиясы бойынша 528 млн теңге уақытылы төлен­беген. Атап өтсек, кәсіпорынға тұрғындар – 503 млн теңге, бюджеттік кәсіпорындар – 6 млн теңге және басқа нысандар 19 млн теңге қарыз. Электр қуаты бойынша 26 млн теңгеге жуық алашағы бар. Кәсіпорынның кредиторлық берешегі – 985 млн теңге. «Жайықжылуқуат» дебиторлық берешекті өндіріп алу үшін сот шешімімен тұрғын­дардың жылжымайтын мүлкіне, авто­көлігіне, банк шоттары мен карталарына тыйым салу, ел аумағынан шығуға шектеу қою шараларын қолданған.
– Кәсіпорындағы ең үлкен мәселенің бірі – дебиторлық алажақты өндіру. Тұрғындардың төлем бойынша уақытында есеп айырыспайтынын немесе мүлде төлемейтінін үнемі айтып келеміз. Кейбір нысан коммуналдық төлемге қаражат бөлгісі келмейді. Алайда олар көрсетілген қызмет үшін ақы төлеуге міндетті. Әйтпесе, кәсіпорын шығыннан құтыла алмайды. Қызмет ақысын төлемейтіндерге қатаң шара қолдану керек. Ал тарифті өсіру үшін алдымен кәсіпорын шығынының азай­ғанын дәлелдеп, толық есеп беруі қажет. Шығынды азайтып, кірісті көбейтетін нақты іс-шараларды жүзеге асыру керек. Кәсіпорындағы жаңа жобаларды қолдай­мын. Оларды коммерциялық бағыттағы жобалар деп есептеймін. Бюджет қара­жатына арқа сүйемей-ақ, инвесторлармен жұмыс істеуге бейімделген дұрыс. Инвестор тартудан нәтиже болмайтынына нақты көз жеткізгесін ғана бюджет қаржысын бөлуді қарастыруға болады, – деді Ғали Нәжі­меден­ұлы.
Облыс басшысы кәсіпорынның жылы­ту маусымына дайындығы тастүйін екеніне сенім білдірді.