Балық шаруашылығы шарықтап келеді
Балық шаруашылығы шарықтап келеді
468
оқылды
Ақмола облысында егін және мал шаруашылығымен қатар соңғы жылдары балық шаруашылығына да баса мән беріліп келеді. Көлге балық жіберіп, нәсібін су қоймаларынан тапқан кәсіпкерлер көл-көсір өнім алып, одан қомақты қаражат та тауып жатыр. Бүгінде өңірдің балық ша­руа­шылығында 561 су қоймасы бар. Ауыл шаруашылығы бас­қарма­сы­ның мәліметінше, оның 433-де балық шаруашылығымен белсенді түрде айналыса бастаған. Облыс­та балық шаруашылығын дамыту мақ­сатында 2021-2030 жылдарға ар­нал­ған өңірлік бағ­дарлама ­әзір­леніп, оған сәйкес тауарлық балық көлемін ұлғайту көзделген. Жоспарға сәйкес өңір 2030 жылы 10 мың тоннаға дейін балық өнімдерін шығармақ. Бүгінде облыста балық ша­руашылығын дамыту бағытында 5 бірдей инвестициялық жоба жү­зеге асырыла бастаған. Атап айт­қанда, Целиноград ауданын­дағы «Аква Фактория» және Poseydon шаруашылықтары, Аршалы ауда­нындағы «Астана–Өнім», Бурабай ауданында Biosphere–fish пен Степногор қаласындағы «Про­гресс-Агро» серіктестіктері балық өсіруді кеңінен жүргізе бастаған. Мәселен, Бурабай ауданының Ақылбай ауылында осы жылдың шілдесінде алабалық өсіретін ша­руашылық іске қосылған. Кәсіпкер алдағы уақытта өнім көлемін ұлғайтпақ ниетте. Балық шаруа­шылығын ашпастан бұрын кәсіп­кер ұзақ жылдар бойы нарықты біршама зерттеп алғанын айтады.
«Көлде балық шаруашылығын ашпастан бұрын өңірдегі аталған сала нарығын ұзақ уақыт бойы зерт­теп шықтым. Қыста барып қа­лай жұмыс істеуге болатынын көр­дік. Істің көзін тапқасын тә­уекел деп іске кірісіп кеттік. Өз қаража­ты­мызды салып шаруа­шылықты аштық. Мұндағы балық эколо­гия­лық жағынан таза. Аудан және жал­пы өңірде сұранысқа ие болады де­ген сенім мол», – дейді Bishere – fish жауапкершілігі шектеулі серік­тес­тігінің директоры Руслан Қуатов.
Бүгінде сыйымдылығы 25 тек­ше метрлік арнайы бассейндерде Франциядан арнайы алдырылған 70 мыңнан астам құбылмалы бақ­тақ шабағы өсіріліп жатыр. Өн­дірістің жобалық қуаты жылына 40-50 тоннаға дейін балық шығару жоспарланған. Кәсіпорын алдағы уақытта нарыққа шығаратын өнім көлемін ұлғайтуды көздеген. Жоғарыдағы инвестициялық жобаларға сәйкес өңір жылына 390 тонна тауарлық балық, 5 тоннаға дейін уылдырық пен 70,3 миллион дана балық дернәсілін өндіруді жоспарлаған.