Қаланың қарқынды дамуы мен халықтың өсуін ескере отырып, Астанада үш газ жылу стансасының, ЖЭО-3, сорғы-сүзгі стансасының (ССС-3) және т.б. құрылысы жүргізіліп жатыр,– деп Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында стратегиялық объектілердің құрылысы туралы Алтай Көлгінов айтып берді.
"Мысалы, 2019 жылдың басында елордада 1 млн 30 мыңнан астам адам тұрды. Биыл – 1 млн 330 мыңнан астам адам. 3-4 жыл ішінде халық саны 300 мың адамға өсті. Бұл санды облыс орталықтарындағы адам санымен салыстыруға болады. Инженерлік инфрақұрылымды құру қажет: су, жарық, жылу. Өздеріңіз білетіндей, ЖЭО-3 – ұзақмерзімді, 10 жылдан астам уақыт бойы салынып келеді. Мердігерге хабарлама жіберіліп, ол құрылыс қарқынын арттырды. Бірақ ЖЭО-3-тің де қуаты жеткіліксіз болады. Сондықтан үш газ жылу стансасының құрылысы басталды. Олардың әрқайсысының қуаты ЖЭО-3-тің қуатынан асып түседі. Газ жылу стансалары келесі жылдан бастап кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі. Сонымен қатар біз Наурыз, Жұлдыз, Арай және т.б. электр қосалқы стансаларын жобалауды және реконструкциялауды жүргізудеміз", – деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.