«AMANAT» партиясының Орталық аппаратында «TALQYLAU» диалог алаңының кезекті отырысы өтті. Бұл жолғы сараптамалық талқылаудың тақырыбы: «Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі халықтық коалиция». «AMANAT» партиясының Хатшысы Дәулет Кәрібек атап өткендей, халықтық коалицияның құрылуы – жаңа саяси мәдениет қалыптасқанының, елдегі бірліктің көрінісі.
«Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдық-саяси күштердің кең халықтық коалициясынан президенттікке кандидат ретінде ұсынылуы, Мемлекет басшысының және оның жүргізіп жатқан ауқымды әлеуметтік-саяси реформалар бағытының халық тарапынан кең қолдауға ие екенінің бірден-бір дәлелі»,– деді Дәулет Кәрібек.
«Басты мақсат – елде жасалып жатқан реформаларды соңына дейін жеткізу, олардың мызғымастығын қамтамасыз ету. Бұл істі соңына дейін ең үздік, ең дұрыс жолмен жеткізетін қазіргі Президент. Екіншіден, әлемдегі геосаяси жағдай ушығып бара жатыр. Осындай уақытта Қасым-Жомарт Тоқаевтан артық дипломат, қайраткер тұлға жоқ. Сондықтан осы жағдаяттардың барлығын ескере отырып, үш партия да ел мүддесі жолында үлкен мемлекетшілдік танытып, басқа да 20-дан астам қоғамдық ұйымдармен бірігіп, Тоқаевтың кандидатурасын ұсынып отыр. Меніңше, бұл – заңды құбылыс», – деді ол.
«Кез келген биліктің маңызды функциясы – құндылықтарды дамыту, насихаттау ғана емес, ең алдымен оларды ұстану. Президенттің барлық партиядан бірдей арақашықтықта болу туралы шешімі биліктің негізгі құндылықтарды ұстанатынын көрсетеді. Бұл бүкіл қоғам үшін маңызды. Жалпы, біз жаңа саяси жүйенің пайда болғанына куә болып отырмыз», – деді ол.Диалог алаңның модераторы «AMANAT» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, белгілі тележүргізуші Мақсат Толықбай болды. Еске сала кетейік, Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі халықтық коалицияның форумы өтті. Форумға «AMANAT», «Ақ жол», Қазақстан Халық партия секілді саяси партиялардың және 20-дан астам республикалық қоғамдық бірлестіктердің 2 мыңнан астам өкілі қатысты.