Елордада 13-14 қазан күндері оқушылар қашықтан оқыту форматына көшеді
Елордада 13-14 қазан күндері оқушылар қашықтан оқыту форматына көшеді
Бұған дейін әлеуметтік желі мен кейбір БАҚ-та елорда мектептері 13-14 қазан күндері қашықтан оқыту форматына көшетіні туралы айтылған болатын. Қалалық білім басқармасы сол мәліметті растады.
«13-14 қазан күндері елордада мемлекет және Үкімет басшыларының қатысуымен халықаралық форумдар өтетін болғандықтан, қала жолдарының кейбір бөліктерінде көлік қозғалысы ішінара шектеледі. Мұндай тәжірибені көптеген елдер осы сияқты ірі шаралар өткізген кезде қолданады. Оқушылар мен олардың ата-аналарына қолайлы болу үшін 13-14 қазанда қала мектептерінің бәрі меншік нысанына қарамастан, қашықтан оқыту форматына көше тұруы керек деген шешім қабылданды», – деп жазылған басқарманың ресми мәліметінде.
Әкімдік өкілдері оқушылар үшін сабақтың мұндай түрі таңсық емес екенін айтып отыр.
«Жалпы, қашықтан оқыту әдісі оқушыларға таңсық емес. Өйткені, қыста күн райы бұзылған кезде оқытудың осы форматы қолданылатын. Қала мектептері ондай сабақтар өткізуге қажетті компьютермен қамтамасыз етілгенін айта кету керек» делінген басқарманың мәлімдемесінде.