Некеден кейін де қилы тағдыр бар. Елімізде ерте шаңырақ көтерген отбасылар жиі ажырасады екен. Олардың ажырасуына түрлі фактор әсер етеді. Әсіресе, соңғы жылдары баспаналы болу үшін өтірік ажырасатындар көбейген. Ендеше Қазақстанда әрбір төртінші отбасының іргесі ажырайды деген статистика күмәнді ме? Статистикалық деректерді зерттеумен айналысатын халықаралық World Population Review сайтының мәліметінше, Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемдік рейтингте екінші орында тұр. «Қазақстанда ажырасу көрсеткіші әр 1000 адамға – 4,6. Ресей (3,9), Бельгия (3,7) және Беларусь (3,7) та бұл тізімде ондыққа енеді. Америка Құрама Штаттары тізімде тоғызыншы орында, жыл сайын бұл елде ажырасу деңгейі 1000 адамға шаққанда 2,7-ні құрайды»,– деп көрсеткен World Population Review сайты. Тәуелсіз сарапшылар да елімізде әрбір төртінші отбасының ажырасатынын айтса, отандық БАҚ «ажырасу жөнінен әлемде алдыңғы ондықтамыз» деп жарыса жазып жүр. Осыған орай, Ұлттық статистика бюросынан аталған деректердің қаншалықты рас екенін сұрап көрдік. Отандық статистер мұны жоққа шығарды. Олардың айтуынша, елімізде 2021 жыл ажырасу дерегі – 1,00 құраса, 2020 жыл – 1,18 құрады. Ажырасу көрсеткішінің жоғары деңгейі 1990 жылдары болған. 20 жыл ішіндегі максимум көрсеткіш 2019 жылы – 3,23-ке жеткен. Қазақстан ажырасу саны бойынша әлемде көш бастап тұрған жоқ. Дегенмен ортақ баласы жоқ ерлі-зайыптылар мен ерте жаста шаңырақ көтерген отбасылардың ажырасу үлесі жоғары. Отбасы ойыншық емес Сарапшылардың есебінше, ерте жаста қиылған некенің 90 пайызының соңы ажырасуға әкеліп соғатынын көрсетіп отыр. Ал «Отбасы институты» орталығының әлеуметтік зерттеу қорытындысына сәйкес, 2019 жылы 984 қыз кәмелеттік жасқа толмай тұрмысқа шыққан. Ал ер балалардың саны 70-ті шамалаған екен. Ерлерге қарағанда, қыздар арасында бұл тенденция жыл өткен сайын өршіп барады. Жалпы, портретін жасап көрсек, ерте тұрмыс құратын қыздардың дені негізгі мектепті, 9-сыныпты аяқтаған, ауылда тұрады. Басым көпшілігі қатарынан емес, өзінен әлдеқайда үлкен жігіттің жары атанады. Мектепті енді бітірген қыз алдағы отбасылық сынаққа дайынмын деп ойлағанымен, іс жүзінде байыбына бара бермеуі мүмкін. Соның кесірінен алғашқы түсінісбеушіліктен кейін-ақ қолды бір сілтеп, ажырасуға бел буады.
– Кәмелет жасқа толмай үйленгендер уақыт өте келе барлығын балалықпен істегенін түсініп, өкінеді. Өйткені осындай некелердің соңы ажырасумен аяқталады. Психологиялық жағынан әлі жетілмеген бала отбасылық өмірге дайын болмайды, – дейді қазақстандық Қоғамдық даму институтының басқарма төрағасының орынбасары Әсем Қайдарова.Психолог Ержан Мырзабаевтың айтуынша, өтпелі шақта отбасын құру дұрыс емес. Жастар отбасылық өмірдің тек сезімнен құралатын дүние емес екенін білмейді. Аштық пен ақшасыздық есіктен кіргенде махаббат пен сүйіспеншілік терезеден шығып кетеді. Отбасы екі тараптан құрылғандықтан, жауапкершілік бірдей түседі. Бұл жерде ұлға да, қызға да дұрыс бағыт-бағдар берілмеген. Сондықтан қыздардың білім деңгейін арттырып, ерте жастағы некеден келетін кесапаттар жөнінде, кәмелеттік жасқа жетпей жыныстық қатынасқа түсудің зияны жайында жан-жақты үгіт-насихатты күшейту қажет.
– Бастапқыда отбасылы болу жайлы ой болмаған жастар амал жоқтан үйленеді. Бұл мәселеге заңды түрде шектеу қою керек. Ерте үйленген күннің өзінде отбасылық өмір өте көп энергия мен көңіл бөлуді талап етеді. Сол үшін адам өміріндегі базалық қажеттіліктерді шешіп алмай үйленсе, отбасына тиісті көңіл бөле алмайды, – дейді психолог Ержан Мырзабаев.Ерте қиылған некенің қызығы аяқталған соң шыжығы басталады. Дипломсыз қыздар жұмысқа тұра алмайды, жолдасына немесе туысына қаржылай тәуелді болады. Сөйтіп әлеуметтік осал топ санатына енеді де, гендерлік дискриминацияға ұшырайды. Келісіп ажырасудың кеселі қандай? Жастардың жиі ажырасуының тағы бір себебі – әлеуметтік қажеттілік. Себебі қазір жастардың баспаналы болуына арналған мемлекеттік бағдарлама аз. Алматы, Астана қалалары мен Түркістан облысында ғана жергілікті бюджет тарапынан жүзеге асырылатын бағдарлама бар. Бірақ мұнда да орын саны шектеулі. Сондықтан тез баспаналы болғысы келетін жас отбасылар келісіп ажырасып, толық емес отбасы санатында мемлекеттік бағдарламаларға қатысуды әдетке айналдырған. Мәселен, 2019 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылғаннан кейін елде ажырасу көрсеткіші күрт көбейген. Осыған байланысты жақында бұл бағдарлама шарттарынан толық емес отбасы санаты алынып тасталып, жетім балалар, 1 және 2-ші топтағы мүгедектігі бар адамдар санаты енгізілді. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қабдолдың мәліметінше, «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылған сәттен бастап әкімдіктерде толық емес отбасы санаты бойынша кезекте тұрғандар саны 72%-ға артқан. Бұл басқа кезекте тұрған санаттардан әлдеқайда көп.
– «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша өтініштердің 50%-дан астамы осы санаттан келіп түсті, оның 35%-ы жеңілдетілген қарыз алды. Сондай-ақ статистика бойынша 2019 жылы ажырасулардың ең көп саны тіркелген – 59 796. Бұл – 2009 жылғы көрсеткіштен 9,1%-ға жоғары және 2020 жылғы ажырасулардан 20%-ға төмен. Бұл ретте 25-39 жас аралығындағы топтар 59%-ға артты, – дейді Бауыржан Қабдол.Бұл пікірді баспана нарығының сарапшысы Ұлан Дәулетқали да растады. Оның пікірінше, таяқтың екі ұшы бар. Жаңа тәртіп өтірік ажырасатындар санын азайтуы мүмкін. Бірақ өмірден баз кешкен жалғызбасты жандар үшін тиімсіз. Сондықтан үкімет ажырасқан отбасыларды тексеріп барып үй беруі керек. Келісіп ажырасқандардың кесірі қарапайым адамдарға тимеуі тиіс.
– «Баспана алу үшін жолдасыммен ажырастым» деп әлеуметтік желіде жекеме жазатындар көп. Олар пәтер алу үшін осындай шарасыздыққа барады. Енді «Бақытты отбасы» бағдарламасының шарттарын өзгертсек, шынайы қамқоршысынан айырылған отбасыларға таяқтың екінші ұшы тиіп кетуі мүмкін. Бұған қоса, жылдар бойы баласына бір тиын алимент ала алмай зар болып жүрген жандар қаншама. Сондықтан алдағы уақытта ел үкіметі «Толық емес отбасы» санатын реттейтін дұрыс механизм қарастыруы керек, – дейді Ұлан Дәулетқали.Иә, отбасы – шағын мемлекет. Ендеше жастар арасындағы ажырасу көрсеткішін азайтқымыз келсе, ең бірінші жас отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсетуіміз керек. Сонда ғана бақытты отбасы қатары артады.