Теміртау халқы тоңбасын десек...
Теміртау халқы тоңбасын десек...
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов
332
оқылды
Жақында Қарағанды облысында жылу беру маусымына дайындық бойынша іс-шараларды орындау 93,3 пайызды құрағаны туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың Қарағанды облысы тұрғындарымен кездесуінде айтылған болатын. Жауапты мекемелер «Қарағанды жылыту маусымына дайын» деген еді. Қарағандыда жылу берілгенімен, Теміртауда халық тоңып отыр... Алдымен Қарағандыда 28 қыр­күйекте бала­бақшалар, мектептер, ауруханалар мен өзге де әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастады. Бұл 2022-2023 жылғы жылыту мау­сымы­ның басталу күнін белгілеуге арналған қала әкімдігінде өткен арнайы комиссия отырысында айтылды. Ал, жаппай жылу беру маусымы 30 қыркүйекте басталды. Бұл күн облыстық мәслихат шешімін, Қара­ғанды гидро­мете­орология орта­лығының деректерін негізге ала отырып және барлық мүдделі тарап­тың келісімі бойынша белгіленді.
– №1 және №3 жылу электр орталықтарында 26 қыркүйекте жылыту маусымының басталуына байланысты жылуды іске қосу бас­талды. Стансаларда жылу желілері­нің контурын толтыру аяқталғаннан кейін айналымды жүргізу үшін желілік сорғылар іске қосылады. Қыркүйектің 30-ы желілік жылыт­қыштар арқылы су өткізуге арналған ысырмалар және желілік суды жылы­ту үшін буды жылуландыру іріктеулері ашылады. Жылу беру маусымына дайындық кезінде 5 қазандық агрегатында және 3 тур­бина­да күрделі жөндеу жұмысы жүр­гізілді. 11 қазандық пен 7 турби­нада жөндеу өтті. Әлі де болса ЖЭО-3-тегі №4 қазандық агрегаты мен №5 турбогенераторы­ның күрделі жөндеулері жалғасуда, – дейді «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС бөлім басшысы Татьяна Клокова.
Оның айтуынша, отын қоры да жеткілікті. Жалпы, 335 мың тонна көмір бар. Ал қаладағы екі ауданда жағдай қалай? Жылыту мәселесіне жауапты Қазыбек би атындағы аудан әкімі орынбасары Мадияр Жағабайұлы:
– Біздің ауданда тұрғын үйлер жылыту маусымына дайын. Тек кей­бір үйлерде ғана ақаулар болды. Толығымен жөнделгеннен кейін ол үйлер де жылу желісіне қосылады, – дейді.
Әлихан Бөкейхан ауданының шенділері де 100 пайыз дайын екен­діктерін жеткізді. Нақтылап айтсақ, Қарағанды облысында алдағы жылыту маусы­мы­на дайындық науқаны штаттық режимде өтті. Күзгі-қысқы кезеңге барлығы 7 энергия және 685 жергі­лікті жылу көзі, 569 шағын электр стансасы, 2 116 км инженерлік желі, 1 126 әлеуметтік сала нысаны және 5 598 тұрғын үйдің негізгі және қосалқы жабдықтары дайындалды. Аймақта жалпы қуаты 218,7 МВт ЖЭК 7 объектісі бар, оның ішінде қуаты 216 МВт 4 күн электр стансасы және қуаты 2 МВт 2 биоэлектр стансасы, қуаты 0,6 МВт 1 су электр стансасы барын айта кеткен орынды. Дегенмен Теміртау қаласы жылу маусымына дайын болмай шықты. Қалада жылу маусымы өткен жұмада басталған. Жергілікті билік дәл сол күні магистраль құбырлары жөн­деліп бітетінін айтқан. Енді шенді­лердің уәдесінде тұра алмауынан халық зардап шегіп отыр. «Суық үйден әбден тоңдық» деген бұқара билік өкілдерінің немқұрайлығына наразы. Ал шенеуніктер алты шақырым құбырдың ауыстырылып жатқанын айтады. Өздері кестеден кешіккенін мойындап отыр. Оған құрал-жабдықтың Ресейден кешігіп жетуі себеп болған.
– Бүгінгі күнде 200 гигакалорий жылу жетпей тұр. Бұл өте көп деген сөз. Білесіздер ме, қақаған қыста бізге жылу тиісті деңгейде жетпей жатады. Сол үшін жеті қазандықтың құрылысын жүргізу шешімі қабыл­данған. Сол кезде жылумен толық қамтитын едік. Бірақ қазандықтар­дың құрылысын келесі жылға қалдырды, – дейді Теміртау қаласы ТКШ бөлімінің басшысы Ринат Қалдырбеков.
Күнтізбеде желтоқсан, қаңтар, ақпан болғанымен Арқада қыс «алты» айға созылады. Қазан мен қараша күзге тиесілі болса да, халықты бүрсеңдеткен суығымен қысты бір орайды. «Сәуір келмей, тәуір болмас» деп наурызды да қысқа еншілейміз. «Қысқа сақадай саймыз» деген жауапты мекемелерге тек сыннан сүрінбей өту маңызды.

Қарағанды облысы