Өз әлеміне үңілген Эрно Нобель сыйлығын иеленді
Өз әлеміне үңілген Эрно Нобель сыйлығын иеленді
1,069
оқылды
Француз жазушысы Анни Эрно жеке естеліктер мен әлеуметтік теңсіздікті зерделеуге арналған авто­биографиялық кітап­тарын­дағы «батылдығы мен шын­шылдығы» үшін бейсенбі күні әдебиет саласы бо­йынша 2022 жылғы Нобель сыйлығын иеленді. Өздерінің бұл таңдауын тү­сіндірген Швед академиясы 82 жастағы Эрноның «жыныс, тіл және тапқа қарай өзара қатты ерекшеленетін өмірді жүйелі түрде әрі әртүрлі көзқарас тұр­ғы­сынан қарастыратынын» мә­­лім­деді. Әдебиет саласы бо­йын­ша Нобель сыйлығын алған тұңғыш француз әйелі Эрно бұ­ған дейін «жазушылық – әлеу­меттік теңсіздікке біздің көзімізді ашатын саяси әрекет» екенін айтқан болатын. Ака­демия өкілдерінің сөзінше, «осы мақсатта ол қиял пердесі­нің парша-паршасын шығару үшін тілді пышақ ретінде қол­данады». Ол Les Armoires Vides атты ал­ғашқы романын 1974 жылы жазған, бірақ 2008 жылы Les Années романы (2017 жылы The Years болып ағылшын ті­ліне аударылған) жарыққа шық­қан соң ғана әлем оны тани бастады.
«Бұл – оған халықаралық бедел, көп оқырман және әде­биеттегі шәкірттер әкелген оның ең табысты жобасы», – дей­ді академиядағылар осы кі­тап турасында.
Академия өкілдерінің сөзін­ше, онда Эрно өзінің жеке спон­танды естеліктерін үшінші тараптың ұжымдық естеліктері­мен алмастыру арқылы жеке ес­телік пен ұжымдық естелікті бірік­тіреді. Францияның солтүстігін­дегі Нормандияда қарапайым дүкенші отбасында дүниеге кел­ген Эрно өзі шыққан жұ­мыс­шы тапқа деген адалдығын сақтай отырып, француз бур­жуазиясының қағидаттары мен әдеттерін шама-шарқынша үйренуге тырысқаны жөнінде бүкпесіз, ашық жазады.
«Бұл – ол жүріп өткен ұзақ жол. Ол батыл әйел», – дейді Швед академиясының мүшесі Андерс Олссон.
«Сойып салардай шыншыл...» 1960 жылдары Францияда аборт жасату заңсыз болған шақта Эрноның бұл тәжірибені бастан кешкені жайлы 2000 жылы жазылған «Happening» ро­маны бойынша түсірілген фильм 2021 жылы Венеция кино­фестивалінде «Алтын арыс­тан» жүлдесін алды.
«Ол кезде 22 жылдан кейін аборт жасату құқығы көптің талқысына түседі деген ой ба­сыма кіріп те шықпаған. Ақтық демім үзілгенше, мен әйелдер­дің ана болғысы келе ме, жоқ па – соны таңдай алу құқығы үшін күресемін», – деген болатын Эрно Парижде журналистерге берген сұх­батында. Эрно сондай-ақ соңғы жыл­дары Еуропа елдерінде ультра­оңшылдар жаулап алған саяси билік мәселесін де қозғап, «уль­тра­оңшылдар тарихта ешқашан әйелдерге әділетті болмаған» деген пікір айтады.
Академия мүшелерінің айтуынша, 23 жастағы кейіп­кердің аборты туралы бейтарап баяны оның еңбектерінің ішін­дегі шоқтығы биік шедевр болып қалады.
«Бұл – сойып салардай шын­­шыл жазылған мәтін, онда жақша ішінде автор өзіне және оқырманға арнап пайымын ашық жеткізеді», – дейді ака­демия өкілдері. Ұлыбританиядағы Лин­кольн университетінің ағыл­шын тілі және журналистика кафедрасы меңгерушісі Джей­сон Уиттейкер аталмыш сый­лық «әлі де ерлер үстем салада жиі ұмыт қалатын әйелдер автобиографиясы жанрына көпшіліктің назарын көбірек назар аудартуы керек» деп санайды.
Оның сөзінше, поляк жазу­шысы Ольга Токарчук 2018 жылы осы сыйлықты иеленген­де, Эрноның шығармашылы­ғына деген ағылшынтілді оқыр­мандар қатары артқан.
«Ол мемуарлық және авто­биографиялық еңбекке үлкен үлес қосты. Әйелдер мемуар­ларындағы инновация мен қызықты тәсілдерді әдебиет сахнасына шығару шынымен маңызды», – дейді Уиттейкер.
Әйелдер құқығы Эрно 31 жыл бойы жұмыс істей­тін америкалық Seven Stories Press баспасы оның ең соң­ғы Getting Lost атты кітабы­ның ағылшынша аудармасын Нобель сыйлығын алардан екі күн бұрын ғана басып шығар­ған, енді автордың басқа да бірнеше соңғы еңбегін жария­лауға асық.
Seven Stories Press баспагері Дэн Саймон өзінің мәлімдеме­сінде Эрноның «жылдар бойы өзін әйел ретінде, француз жұ­мысшы табының өр мінезді өкі­лі ретінде танытқанын» ай­тады.
Оның пікірінше, Эрноны марапат иесі ретінде таңдай отырып, Швед Академиясы «өзінің сексуалды өмірі, әйел­дер құқығы, өзінің әйел ретін­дегі тәжірибесі мен сезімтал­дығы хақында ұялмай жазатын» авторларға қолдау білдіріп отыр.
Францияның бұрынғы мә­дениет министрі Розелин Баче­лот Twitter парақшасында «Эрно – өз мансабының негізі ретінде суыққанды сараптау стиліндегі автобиографияны таңдаған жазушы. Оның саяси көзқарастарымен келіспеуге де болады, бірақ оның әрі тегеу­рінді, әрі әсерлі еңбегі атап өтуге әбден лайық» деп жазды.

Нобель сыйлығы

Бұл сыйлық швед химигі және инженері Альфред Нобельдің өсиеті бойынша 1901 жылдан бастап ғылым, әдебиет және бейбітшілік саласындағы жетістіктер үшін беріледі. Жүлде қоры 10 млн швед кронын (915 000 АҚШ доллары) құрайды. Әдебиет саласы бойынша бұл марапатты былтыр танзаниялық жазушы Абдулразак Гурнах иеленген. Кейбір Нобель сыйлықтары негізгі әдеби жанрлардан алыс жазушыларға, атап айтсақ, 1927 жылы француз философы Анри Бергсонға, 1953 жылы Ұлыбритания премьер-министрі Уинстону Черчилге, 2016 жылы америкалық әнші Боб Диланға берілген.
Франциялық оқырмандар Эрноның бұл жеңісін алдын-ала сезген секілді. «Анни Эрноның еңбектеріндегі маған ұнаған тұсы – оның қандай таптан шықса да, қиындықтарды еңсеріп, қалай табысқа жеткенін баяндауы», – дейді 48 жастағы оқырман Мари Руассон.
Эрноның айтуынша, бұл жеңістің жақсы да, жаман да жағы бар.
«Мен Нобель сыйлығын алғым келмейді деп әркез айтушы едім. Өйткені оны алған соң, осы марапат сенің есіміңмен үнемі қатарласып жүретін болады. Соның кесірінен адам әрі қарай дамымай қала ма деп қорқамын», – дейді ол ағынан жарылып.

REUTERS Ағылшын тілінен аударған