Елімізде көпбалалы аналарға арналған теміржол жеңілдік картасы әзірленеді. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде айтылды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Өткен жылы жолаушы вагондары паркін жаңарту және билет жетіспеушілігін жою мақсатында Маңғыстау-Алматы, Нұр-Сұлтан-Атырау, Нұр-Сұлтан-Сарыағаш, Алматы-Атырау, Маңғыстау-Алматы және Нұр-Сұлтан-Сарыағаш бағыттарына 109 вагон сатып алынды», - дейді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев. Ол 2019 жылы жолаушылар құжаттары толық электронды жүйеге көшкенін атап өтті. «Мүмкіндігі шектеулі жандарға 50% жеңілдігі бар тарифтер ұсынылды. Болашақта бұл бағыттағы жұмыс жалғасын тауып, көпбалалы аналарға арналған жеңілдік картасы жасалады», - дейді ол. Ол «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында вагондар паркін жаңарту жұмысы жалғасын табатынын айтты. «2025 жылға дейін 600 жолаушы вагонын алу жоспарланған», - дейді вице-министр.