Бокстан лицензиялық турнирге қатысатын боксшылар тізімі жарияланды
Бокстан лицензиялық турнирге қатысатын боксшылар тізімі жарияланды
152
оқылды
Бокстан Иорданияда өтетін лицензиялық турнирге қатысатын боксшылар тізімі анықталды. Бас бапкер Ғалымбек Кенжебаев Токио Олимпиадасының жолдамасына таласатын спортшылар есімін атады, -  деп хабарлайды Olympic.kz. 28 ақпан күні бокстан Қазақстан командасы Азия/Океания аймақтық іріктеу турниріне аттанады.  52 келіде әлем чемпионатының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов сынға түседі. 57 келіде бірнеше халықаралық турнирлердің жеңімпазы Серік Теміржанов бақ сынайды.  63 келіде Азия чемпионатының күміс жүлдегері Зәкір Сафиуллинге сенім артылған. 69 келіде әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Абылайхан Жүсіпов жұдырықтасады. 75 келіде әлем чемпионатының және Азия ойындарының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұл шаршы алаңға шығады. 81 келіде 2019 жылғы әлем чемпионы Бекзад Нұрдәулетов ел намысын қорғайды. 91 келіде Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит күш сынасады.  Аса ауыр салмақта команда капитаны, әлем чемпионатының екі мәрте күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев жолдамаға таласады. "2020 жылғы Токио Олимпиадасының жолдамасына таласатын жігіттердің барлығы өз салмағында мықты саналады. Барлығы да тәжірибелі боксшылар. Әрқайсысы өзін жақсы жағынан көрсете алады", - деді бас бапкер Ғалымбек Кенжебаев.